Торқалы той алдында «АСА» Баспа үйі» ЖШС шығарған «Тарихтың өшпес беттері» атты альбом тәуелсіздік жылдарында тұрғызылған ескерткіштерімізді бейнелеуге арналған. «Қолдарыңыздағы басылымда тәуелсіздік алғалы жиырма жыл ішінде Қазақстанда дүниеге келген мүсін өнерінің таңдаулы ескерткіштерінің фотосуреттері қамтылған. Республика тарихындағы елеулі оқиғалар мен трагедиялық кезеңдерге, тарихи тұлғалар мен мемлекет және қоғам қайраткерлеріне арналған ескерткіштер жанына олар туралы қысқаша тұжырымды мағлұматтар, ел аузындағы қанатты сөздер және тарихи тұлғалардың өздерінен қалған ұлағатты ой-пікірлер, айтулы сөздер қоса берілген. Басылым тарихи құндылықтарды бағалаушы қалың оқырманға арналған», делінген кітап-альбомның аннотациясында. Альбом беттерінен халқымыздың арғы-бергі тарихындағы айтулы тұлғаларды да, еліміздің ғылым мен мәдениетінде ерекше із қалдырған белгілі қайраткерлерді де таба аласыз. Әр мүсіннің тұсында қысқа да нұсқа мәтінмен тұлғаның өмір сүрген уақыты, атқарған игілікті ісі, жасаған ерлігі туралы айтылғаны өте орынды шыққан. Кітап-альбомның тағы бір құнды қыры – елімізден тыс жерлерде орнатылған мүсін ескерткіштерін де қамтитындығы. Мысалы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа Қырғызстанның Шолпаната қаласында тұрғызылған ескерткіштің фотосын көптеген оқырмандардың алғаш рет осы кітаптан көретіні күмәнсіз.
«Тарихтың өшпес беттері» кітап-альбомы Тәуелсіздіктің бізге берген сыйларының бірі – елдігімізді еңселендіретін ескерткіштерді өз қалауымызша тұрғызу мүмкіндігін алғанымыз екендігін танытады. Кітапты оқи отырып, біздің елдік санамыздың осы жылдарда орнығуына мүсін өнерінің де өзіндік үлес қосқанын анық көреміз.
«Егемен-ақпарат».