Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде өңірге ғана емес, жалпы елге белгілі тұлғалардың ұстаған домбыралары сақтаулы тұр. Солардың ішінде 1916 жылғы көтеріліс басшыларының бірі Аманкелді батыр – Аманкелді Иманов тұтынды дейтін шанағы жіңішке домбыра бірден көзге түседі.
Мойны ұзын, шанағы өте кішкентай аспаптың тұрқы да қызық. Кәдімгі көз үйренген домбыраларға ұқсаңқырамайды. Шанағының сыртын мүйізбен өрнектеген және кәнігі шебердің қолынан шықаны көрініп тұр. Жәдігердің құжатында алдымен жалпы домбыра туралы түсінік беріледі.
Аманкелдінің домбырасын музейге кімнің тапсырғаны туралы және аспаптың батырға тиесілі екенін анықтайтын ешқандай жазба жоқ. 1963 жылы Торғайдағы музей жабылып қалады да, 1964 жылы оның барлық жәдігер облыстық тарихи-өлкетану музейіне көшіріледі. 1969 жылы Торғай өңірінде музей ашылады да бұрынғы жәдігерлер қайтарылады. Сонда Аманкелдінің домбырасы облыстық музей қорында қала береді.
– Музей мамандары домбыраны шебер ХІХ ғасырдың аяғында немесе ХХ ғасырдың басында жасаған деп топшылайды. Шебердің біліктілігі жоғары адам болса керек. Аспаптың шанағындағы өрнекте де, домбыраның жалпы жасалуынан да мін таппайсыз. Дауысы күйге келмесе де, арқаның әнін айтуға лайықталған ба деп ойлаймыз. Мүмкін үнемі ат үстінде жүретін батырдың иығына асынуына ыңғайлы болсын деп, шанағын осылай кішкентай етті ме, кім білсін. Қазіргі домбыралардың шанағы иыққа асынып жүруге келе бермейді, сынып қалады, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану бөлімінің меңгерушісі Эльмира Алшымова.
Домбыраның ұзындығы 87 сантиметр- ден асады. Қандай ағаштан жасалғаны айтылмаған. Дауысы жай шығатыны айтылған сипаттамада. Шанағы ағаштан ойып жасалған.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ