Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанына 25 жыл толды. Елбасы Н.Назарбаев халыққа Жолдауында тәуелсіз мемлекет атанғанымыздың 25 жылдығы туралы айта келіп: «Мемлекеттігіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді» деді. Яғни Қазақстан ширек ғасырға жуық уақыт ішінде қаржы дағдарыстарының қиындықтарына қарсы тұра білді, тұрақты даму жолына түсіп, биік белестерді бағындырды, толағай жетістіктерге қол жеткізді, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енді.
12 ақпан – Астанадағы Медициналық әлеуметтік оңалту орталығы жаңа ғимаратқа көшті.
8 наурыз – әлемге әйгілі «McDonald’s» мейрамхана желісі Астана қаласында да ашылды.
5 сәуір – Астана әкімі Ә.Жақсыбеков Сочи қаласының мэрі Анатолий Пахомовпен кездесті. Қос шаһар өзара ынтымақтастық орнату туралы келісімге келді.
11 сәуір – Челябі облысының Астанадағы күндері басталды.
25 сәуір – елорда әкімі қала полициясына қызметі үшін елімізде құрастырылған «Peugeot 301» маркалы 35 автокөліктің кілтін тапсырды.
27 сәуір – Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен Астана қаласының экономикалық дамуы және ЭКСПО көрмесін өткізуге арналған кеңес өтіп, Елбасы осы салаға қатысты құрылым басшыларына тапсырмалар берді.
19 мамыр – Астанада бокстан әйелдер арасында әлем чемпионаты өтті. Қазақстандық қыздар байрақты бәсекеден 4 алтын, 2 қола медаль олжалап, командалық есепте бірінші орынды иеленді.
17 маусым – қала әкімі Ә.Жақсыбеков мектеп бітірген 132 түлекке «Алтын белгі» төсбелгісін тапсырды.
1 шілде – Астанада санитарлық-гигиеналық және тұрмысқа қажетті қағаз өнімдерін өндіретін зауыт іске қосылды.
4 шілде – Астананың миллионыншы тұрғыны дүние есігін ашты. Ақжолтай хабарды естіген Елбасы нәрестенің ата-анасын құттықтады. Қала басшысы Ә.Исекешев ерлі-зайыптыларға Елбасы атынан пәтер кілтін тапсырды.
6 шілде – қала күніне арналған «Бағаналы ордам – басты ордам» атты республикалық айтыс өтіп, бас жүлде Еркебұлан Қайназарға бұйырды. 6 шілде – елордада ерекше спорт нысаны – Астана-Триатлон паркі ашылды.
12 шілде – қала тұрғындары Мәскеу-Астана-Бейжің бағытында «Жібек жолы – 2016» ралли-марафонына қатысушыларды «Бәйтерек» монументі түбінде қошаметпен қарсы алды.
24 тамыз – Астана әкімі Рио-де-Жанейро Олимпиадасында медаль алған елордалық спортшылар Данияр Елеусінов, Василий Левит, Гюзель Манюроваға темір тұлпардың кілтін тапсырды.
31 тамыз –Астана қаласында Орталық Азия бойынша баламасы жоқ оқу ордасы – Қазақ ұлттық хореография академиясы ашылды. 15 қыркүйек – Астана әуежайында елорда арқылы жүк тасымалдау инфрақұрылымын дамыту мақсатында жүктер мен тауарларды кедендік рәсімдеуге арналған кеден бекетінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді.
19 қыркүйек – Мәскеуде Астана күндері басталды. Екі күндік салтанатты шараға еліміздің абыройын асырып жүрген өнер саңлақтары қатысты. 8 қазан – Астана қаласының «Жасыл белдеу» аумағының оңтүстік-батыс бөлігінде ұзындығы 23 шақырымдық веложол ашылды.
14 қазан – Президент Н.Назарбаев қала әкімі Әсет Исекешевті қабылдап, елорданың тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын, Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеуге және ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге дайындық барысы жайлы сөйлесті. 19 қазан – елорда төрінде Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткіші ашылды.
21 қазан – бас қалада «ForteBank Kulanshi Artspace» өнер галереясы ашылды.
31 қазан – ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатын мемлекеттердің алғашқы бестігі – Венгрия, Германия, Қытай, Түркия, Франция павильондарына сертификат тапсырылды.
6 желтоқсан – Астанада Н.Назарбаевтың қатысуымен жалпыұлттық телекөпір өтіп, шара үстінде Елбасы елордадағы құрылыс материалдарын шығаратын зауытты іске қосты.
12 желтоқсан – Астана әкімі Әсет Исекешев елордадағы Орталық жедел медициналық стансасының жаңа ғимаратын салтанатты жағдайда ашты.
16 желтоқсан – Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ЭКСПО-2017 көрмесi аумағында орнатылған «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументін ашты. Нысанның 25 қыры ел тәуелсіздігінің 25 жылдық датасына орайластырылған екен.
Дайындаған
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»