Жиырма жылдық тойы қарсаңында арғы-бергі тарихы түгенденіп, әлеуметтік-экономикалық, мәдени көрсеткіштері, осы ғаламат жобаның бастауында болған азаматтардың естеліктері баспасөзде кеңінен жариялануда. Яғни, төр қаланың кешегісі мен бүгінгісін көзіқарақты жұрт жақсы біледі. Ал 2030 жылға аяқ басқанда, Астананы қалай елестетуге болады? Бас қаламыз қай бағытта дамиды, «ақылды қаланың» азаматтарға берері не? Жаңа белеске қадам басқан тұста осы сауалдарға жауап іздеп көрсек.
Әңгімені тым алыстан емес, жуырда ғана жарияланған жаңалықтан бастайық. Жақын аралықта Астананың Байқоңыр ауданына қарасты «Жастар» шағын ауданындағы А.Бараев, А.Кравцов, Ж.Тәшенов және Т.Хусейн көшелерінің қиылысында «ақылды» аудан жасалатындығы туралы хабар жылт еткенде ел елеңдей қалды. Оның мәні мынада. Жоспар бойынша жаңа технологияларды енгізу арқылы қыздырылатын тротуарлар, жылытылатын жолдар, «ақылды» жүргінші және көліктік жоспарлау, цифрлық-мобильдік кәсіпкерлік, «ақылды» инфрақұрылым (жарық, кәріз), қоқысты саралау және қауіпсіздікті қамтамасыз етуден құралатын жүйе құрылмақ.
Осы айтылғандардың ішінен жылытылатын жаяу жүргіншілер жолын алып қарайықшы. Алдымен жылы жолда мұз қатпайды – жүргіншілердің тайып жығылуы, мертігуі болмайды. Бұл – қауіпсіздіктің нышаны. Жолдағы қарды күні-түні сыпырып-тазалаудың қажеті жоқ – еңбек күші мен қаражат үнемделеді.
Заманауи технологияны енгізуге «Жастар» ауданы бекер таңдалмаған. Ауданның қаланың қақ ортасында орналасуы, Есілдің екі бетіне де шығатын жолдың бойында жатуы, ең бастысы әлемдегі «ақылды» қалалардың бірі – Барселонаның үлгісі есепке алынған кезде, оның қаланың ескі бөлігінде орналасуы ескерілген.
Бұл жүйе алдымен аталған аудан тұрғындарының коммуналдық шығындарының үнемделуіне септігін тигізбек. Жауапты құрылымдар инженерлік желілердің күйін, тозып-тозбағандығына дейін автоматты түрде тексеріп отырады.
Оның үстіне тұрғындардың қызмет көрсетуші компаниялармен электронды байланысы жетілдірілмек, сондай-ақ жабдықтарды мобильді қосымшалар арқылы басқару, төтенше жағдайда үйді электр қуатынан, газ қызметінен шұғыл ажырату автоматтандырылады.
«Жастардың» тұрғындары есіктен өткізетін магнитті карталары мен кілтті керексіз қылатын күн де жақын. Бейнетану камерасы базаға орналастырылған адамды «таныған» бойда есік алдыңыздан айқара ашылады.
Қолайлы аялдамалар, энергия үнемдеуші лампалар – қазір бұл көзге үйреншікті технологиялар.
«Ақылды» ауданның бұдан басқа да игіліктері жетерлік. Ең бастысы, бұндай жүйе болашақта Астанамызды толық қамтитындығына ешқандай күмән жоқ. Бұл бұл ма, қазіргі таңда «ақылды аудан» жобасы аясында 40-тан астам технологиялық шешімдер іріктеліп, оларды жүзеге асыру жағы қарастырылып жатыр. Атап айтсақ, ол ақылды жарықтандыру, балалардың ойын алаңдары, электр энергиясын бақылау жүйесі, ақылды бағдаршамдар, тұлғатану жүйесі 2030 жылға қарай Астананы әлемдегі бас қалалардың алдына шығарады деп жоспарланып отыр. Астана қаласын дамытудың бас жоспарына сәйкес, 2030 жылға дейін елорда аумағы кеңеймейді және 71 мың га көлемі шегінде қалады, оның шеңберінде тұрғын үй және қоғамдық құрылыс салу аумағы 8,9 га көлемінен (2013 жылы) 17,9 га көлеміне дейін өседі. Бұл үшін әкімдіктің ағымдағы кезеңде құрылыс салу аумақтарын инженерлік-көліктік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және 2030 жылға дейін тұрғын үй секторларын кезең-кезеңімен қайта жаңарту және 2023 жылға дейін ұйысқан құрылыс салу бойынша кешенді даму жоспары әзірленген.
Қазіргі сәтте елорданы дамытудың жоспарын әзірлеу бойынша конкурс өткізілуде, ал оның шеңберінде Ұлыбританиядан, Канададан, Сингапурдан және Гонконгтен әлемнің жетекші архитектуралық бюролары өз жобаларын ұсынуда.
Ресми сараптамаларға қарағанда, 2030 жылға қарай халық саны болжам бойынша 1 млн 220 мың адамды құрайды. Бұл көрсеткіш мезгілінен бұрын орындалуы да бек мүмкін. Өйткені халықтың өсімінен, әлеуметтік жағдайынан хабар беретін автокөліктердің соңғы жиырма жылдағы санын қарап көрейік. Қазіргі уақытта Астана қаласында 368 837 автокөлік тіркелген, ал 1998 жылы «темір тұлпар» саны 12 665 (!) еді, яғни 30 есеге көбейген. Қазір көптеген зерттеушілердің, оның ішінде швед ғалымы Кьелл Нордстремнің пікірінше, енді елу жылдан соң әлемдегі 218 мемлекеттің орнын 600 қала басады-мыс. Тарихқа да көз жүгіртер болсақ, Дешті Қыпшақ даласындағы Түркістан, Сығанақ, Сайрамдардың мемлекетпен тең дәрежелі мәртебесі болғандығын көреміз. Осыған қарағанда, әлгі болжамға сенуге болатындай, әлемдік ғалымдар да мұндай құбылысты ескергенге ұқсайды. Ал жаңа заманда Астана еліміздің жүрегі ретінде халықаралық қоғамдастықтағы орнын айқындай түсіп, даму шыңына шығатыны анық. Әлбетте, жас қалаларды заман талабына сай жаңғырту оңай. Оның үстіне Астананы дамыту алғашқы күндерден-ақ Елбасының тапсырмасы бойынша инновацияларға, жаңа технологияларға, заманауи үдерістерге негізделді. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі дарынды жастардың Бас қалаға шоғырлануына жағдай жасалды. Міне, бұл үдерістің жемісін бір ғана мысалмен дәйектесек болар – Астана қазір өз-өзін қаржылық қамтамасыз ететін мегаполис.
Егер қаланы адамзаттың болашағына баласақ, жаһандық қалалардың жаңа әлемнің экономикалық және саяси тірегі болатындығына ешқандай күмән жоқ. Дәл осы алып қалалар экономиканы өрге жетелейді. Мысалы, алдағы елу жылда Қазақстан халқының 70 пайызы қалаларға қоныстанады деген болжам бар.
Демек, уақыт көшінен қалмау үшін қалалардағы өмір немесе тұрмыс сапасын арттыру алдыңғы қатарға шығады. Бір сөзбен айтқанда қалалықтардың жұмыс жасауына, кәсіп ашуына, тұрақтылық, қауіпсіздік пен жайлылықты сезінуіне баса мән беріледі.
Астананың алдындағы мақсат та осы. Әлемде тұтас елді ілгері сүйрейтін, сүйреп жүрген қалалардың мысалы аз емес. Таяу Шығысты алып қарасақ – Дубай, Оңтүстік-Шығыс Азияға қарасақ – Сингапур менмұндалайды.
Олардың қасында Астананың да мүмкіндіктері, артықшылықтары көп – біздің елорда Еуразияның жүрегінде орналасқандығының өзі де болашағын айқындай түседі. Демек, 2030 жылға қарай Астананың әлемдік инновация, денсаулық сақтау, білім, сауда мен туризмнің әлеуетті орталығына айналуына толық мүмкіндігі бар.
Серік ӘБДІБЕК, «Егемен Қазақстан»