Кешегі кеңестік жүйеден бөлінген тұста мемлекеттік қызметтің жүйесін қайта реформалау арқылы жаңа қоғамға лайықты мемлекеттік басқару институтын құру қажеттігі күн тәртібінде болды. Әрине, бұл айтқанға оңай болғанымен, атқаруы күрделі екендігі түсінікті. Алғаш жүзеге асырылған, өзге елдерде аналогы жоқ мұндай құрылым «Мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделі» деген түсініктің қалыптасуына ықпал еткеніне бүгінде көз жеткізіп отырмыз. Еліміздегі мемлекеттік қызмет жүйесін реформалауда қол жеткен табыстар, өзімізде ғана емес, шет ел сарапшыларының да жоғары бағасына ие. Соның нәтижесінде жаңа мемлекеттік қызмет моделінің президенттік тұжырымы – «Ұлтқа қызмет ету» түсінігімен сәйкестеніп, халыққа қызмет етіп келеді.
Міне, толымды тәжірибе жинақталған қызметке байланысты тәуелсіздік мерейі қарсаңында жаңа кітап жарыққа шықты.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет агенттігі облыстық аумақтық басқармасының бастығы – Тәртіптік кеңестің төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Серікбай Нұрғисаевтың «20 жыл тәуелсіздік қызметінде» атты кітабы мерейлі мерекеге лайықты тарту деуге әбден болады.
Автор еліміздегі мемлекеттік қызмет агенттігі облыстық бөлімшесінің жұмысын негізге алумен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттілігімізді қалыптастырудағы қажырлы еңбегін, мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделін жасаудағы жанқиярлық жұмысын жан-жақты ашып көрсетуімен құнды.
Кітапта мемлекеттік құрылымның мысырлық, гректік, римдік, қытайлық үлгілерімен бірге өзіміздегі осы тұрғыдағы алғашқы құрылымдарға да талдау жасалған. Мәселен, кең байтақ даладағы адам құқығы мен билер соты, Тәуке ханның «Жеті жарғысынан» бастап, оларды бүгінгі заманның жаңарған үрдісімен байланыстырады.
Аталған кітаптың бүгінгі өркениетке бет алған қоғамдағы орны жайлы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Бауыржан Бәйбек, Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов жоғары баға берсе, танымал ғалымдар Ержан Исақұлов, Уәлихан Қалижан, Аманжол Қасабек, Әбдіманап Бектұрғанов, Әбікен Тоқтыбеков, Рүстем Жоламан және басқаларының мақалаларының кітапқа енуі оның салмағын арттыра түскенін көреміз.
Кітаптың мемлекеттік қызмет саласында еңбек еткен адамдардың күнделікті жұмысына, «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Құқықтану» мамандығы бойынша оқып жүрген студенттерге және мемлекеттік қызмет мәселелеріне қатысты мәлімет алғысы келетін кез келген жанға тигізер пайдасы зор.
Елімізде тәуелсіздік алған 1991 жылы басталған Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет жүйесі даму мен жетілу кезеңін басынан өткізіп, тарих еншісіне қалып барады. Осынау ауқымды жұмысты зерттеп, оны болашақ ұрпақтың рухани мұрасына айналдырған Серікбай Нұрғисаевтың бұл ізденісі алдағы уақытта да жалғасын табар деген үміттеміз.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.