Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің ұйымдастыруымен «Атакент» Қазақстан іскерлік ынтымақтастық орталығының «Бақшасарай» салтанат үйінде «Мұқановтың хатханасы – Письмотека Муканова» атты хаттар жинағының тұсаукесері өтті. Бұл кітапқа қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы С.Мұқановтың 1924–1973 жылдар аралығында өзі жазған және басқалардан алған хаттары тұңғыш рет (300-ден аса хат) топтастырылған. Хаттар шертер сыр алуан. Бұл хаттарда әр жылдардың бояу-бедері де, уақыт табының іздері де, қоғамдық-саяси өмірдің тынысы да, жеке тұлғаның қалыптасу, есею кезеңдерінің суреттері де сақталған. Кітап мазмұнына қарап отырып-ақ оқырманның қызығушылығы еркінен тыс ояна бастайды. Өйткені С.Мұқановтың хат жазысқан адамдарының тізімінің өзі көз сүріндіреді: А.Толстой, М.Шолохов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердіұлы, Д.Нұрпейісова, М.Әуезов, І.Жансүгіров, И.Сталин, Ж.Шаяхметов, Д.Қонаев, К.Симонов, А.Фадеев, Н.Тихонов, Л.Соболев, И.Шухов, А.Храпченко, С.Құдаш, К.Яшин, І.Омаров, Н.Бажан, Ү.Балқашев, А.Тоқмағамбетов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Нұршайықов, М.Ғабдуллин, Ж.Молдағалиев, С.Қирабаев, Т.Кәкішев Н.Баймұратов, К.Оразалин, Т.Әлімқұлов, Ы.Уәлиханов, Н.Фазылов, Т.Нұртазин, З.Шашкин, В.Фармер, Е.Флейс, А.Бекон, И.Әлібаев, Х.Бекішев, Ғ.Малдыбаев, Ә.Шманов, Ж.Бектұров, Ә.Қоңыратбаев, Ж.Шалұлы, т.б. Кітап парасатты, пайымды оқырмандарға, әдебиет тарихын және жазушы шеберханасын зерттеушілерге арналған.
Зиялы қауым өкілдері, С.Мұқановтың қыздары Баян мен Жанна, «Ақниет» корпоративтік қорының төрағасы Асқар Көкімов, т.б. қатысқан бұл жиында қаламгерлер ой бөлісіп, Мұқановтың бай эпистолярлық мұрасы туралы, оның келер ұрпаққа ғибраты туралы айтты. Кітап тұсаукесері рәсімін Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов пен Баян Сәбитқызы жасады. Кітап «Ақниет» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы С.Абдуллаевтың демеушілігімен жарыққа шықты. Кітап таныстырылымына арналған кешті жинақтың құрастырушысы әрі жауапты редакторы – С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі, ақын Әділғазы Қайырбеков жүргізіп отырды.
Назгүл АЛТАЕВА