• RUB:
    5.4
  • USD:
    478.57
  • EUR:
    526.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Шілде, 2018

Ежелгі Баркуаб қаласының орны табылды

1325 рет
көрсетілді

Жамбыл облысының Жуалы ауданы, Теріс ауылының іргесінде ІХ-ХІІ ғасырларға жататын ежелгі Баркуаб қаласының орны табылды. 

Алғашқы кезде аталған ауылдағы көне қала орнына археологтер барлау жұмыстарын жүргізген болатын. Нәтижесінде орта ғасырларда ірі сауда орталығы болған қала орнынан Қытайдан әкелінген қыш ыдыстар мен басқа да құнды жәдігерлер табылған еді. Жалпы, Баркуаб қаласын кезінде Жетісу археологиялық экспе­ди­циясының жетекшісі А.Бернштам зерттеген. Сонымен қатар Каллаур өз еңбек­терінде бұл жерді Иркут деп атапты. Араб тілінен аударғанда көне қаланың екі атауы да Теріс деген мағынаны береді екен. 

Бүгінгі таңда көне Баркуаб қа­ласының орнынан табылған біздің дәу­ірімізге дейінгі ІІ және І ғасыр­лар­ға тиесілі заттар ғалымдардың қы­зы­ғушылығын тудыруда. Табыл­ған дүниелер зертханадан өту үшін Жапонияға да жіберіліпті. Бүгінде тарихшылар тиісті рұқ­са­тын алып, көне қала орнында қазба жұмыстарын бастап кетті. Ал Жамбыл облыстық тарихи-мә­дени ескерткіштерді қорғау және қал­пына келтіру дирекциясы тарих және археология бөлімінің басшысы, археологиялық экспедиция жетекшісі Сауран Қалиевтің айтуынша, орта ғасырлық Баркуаб қалашығының астында біздің дәуі­рімізге дейінгі ІІ және І ғасыр­лардағы қала жұрты болуы бек мүмкін.

– Біз 6-8 метр тереңдіктегі кө­лем­­ді алып, солтүстік батыс жақ­ты төбеден төмен қарай қаза­мыз. Қазір қазуды жоспарлап отыр­ған аумақта он жеті адамның мүр­десі бар екен. Оларды қазып алып, марқұмдардың сүйегін Бақа­лы ауылындағы зиратқа қайта жерлейміз. Ал әрбір қазылған қабатты, оның топырағы мен осы жерден табылған құнды дүниелерді жекелеп зерттейтін боламыз. Жер қыртысы арқылы қаланың өмір сүрген кезеңін анықтаймыз. Бұл қаланы кезінде Ұлы Жібек жолы бойы­мен Тараз қаласы арқылы Испиджабқа қатынайтын жол бойын­­дағы ірі сауда орталығы бол­ған деуге толық негіз бар, – дейді Сауран Қалиев. 

Қалашық орнында өткен ғасыр­дың алпысыншы жылдарына дейін ауыл тұрғындары жерленіп келген. Оның жанында чешен ұлты өкіл­дерінің де зираты бар. Бақалы ауылының тұрғыны Құлибай Садықов ақсақалдың айтуынша, бұл ара кезінде Жылқышытөбе атал­ған екен. Ал жаугершілік за­ман­да бұл жер Қарауыл төбе бо­­лыпты. Жанында Теріс өзені ағып жатыр. Бұрын Теріс өзенінің жа­ға­сы ну тоғай болса, бүгінде оның басым бөлігі оталып кеткен. Ауыл ақсақалдары Теріс-Ащы­бұ­лақ су қоймасы салынғанға дейін то­ғайдың Қаратауға дейін жалғасып жат­қанын айтады. Өкінішке қарай тоқ­саныншы жыл­дардағы қиын кезеңде Жуалы ауда­нының Нұрлыкент, Теріс және Бақалы ауылдарының тұрғындары қалың тоғайдың ағаштарын отынға пайдаланыпты. Дегенмен бір за­мандағы үлкен тоғайдың шағын көрінісі бүгінде сақталған.

Жуалы ауданының әкімі Бақтияр Көпбосыновтың айтуын­ша, Баркуаб қаласының орнын қазуға жергілікті бюджеттен 10 миллион теңге қаржы бөлініпті. Со­нымен қатар 30 миллион тең­геге аудан орталығынан музей ашылады. 

– Отансүйгіштік сезім туған жерге деген құрметтен басталады. Келе­шек ұрпақ тарихымызды бі­луі тиіс. Осы орайда бұл архео­ло­гиялық қазба жұ­мыс­тарының пайдасы көп деп бі­ле­мін. Бұл жұ­мыстар Елбасының «Бо­ла­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­­­дарламалық мақаласының не­гі­зінде жүзеге асырылуда, – дейді әкім.

Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы

Жуалы ауданы