Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы әлемдік тарих көзімен қарағанда, бұл – кішкентай ғана уақыт аралығы, ал жас тәуелсіз мемлекет үшін бұл – деген жас!
Иә, осынау асқаралы асу – айтулы жетістіктер мен айқын жеңістердің кезеңі. Бүгінгі Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет ретінде әлемге өзін мойындатты. Аз ғана уақытта егемен ел болудың өзіндік жолын таңдай алды. Толағай табысымыздың қазақстандық кілті – бұл еңбексүйгіштік, ұлттың бірлігі мен табандылығы, нақты мақсат-міндеттерді және оған қол жеткізуді анықтау және іске асыру, қоғамды дамытуда айқын да батыл шешімдер қабылдау.
«Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетін арман аңсарының жүзеге асқан ақиқаты. Сол себепті тәуелсіздіктің әрбір жылының біз үшін мәні бөлек, маңызы айрықша», – деп Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында атап көрсеткендей, Қазақстан Тәуелсіздігі – ең алдымен ұлтымыздың ежелден бостандыққа деген асқақ рухының, өшпес жігерінің жеңісі.
Ежелден еркіндік аңсаған ер қазақтың ең асыл мұраты еңселі ел болу еді. Арғы замандарды айтпағанның өзінде, тек кейінгі екі ғасырдың ішінде халқымыздың өз бостандығы жолында екі жүзден астам ұлт-азаттық көтерілістерге шыққаны осының дәлелі. Бұдан 20 жыл бұрын қазақ жерінде атқан тәуелсіздік таңы ата-бабаларымыздың қасиетті күресінің заңды жемісі, нақты нәтижесі.
Халқымыздың ақталған үміттері мен еліміздің орасан зор табыстарын тізіп шығу әрине, оңай емес. Әлемдік қауымдастықта Қазақстанның бет-бейнесіне айналып, жүзеге асырылған жалпы мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларды атаудың өзі жеткілікті. Ядролық қарудан бас тарту, ұжымдық қауіпсіздік жүйесін құру, интеграциялық бастамалар, еліміздің әлемдік деңгейдегі жаңа астанасын салу. Осылай жалғасып кете береді.
Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстан жайлы мүлдем білмейтін елдердің басшылары бүгінде Қазақстан Президентінің ақыл-ойын еріксіз мойындап, онымен санасатын, құрметпен сыйлайтын болды. Оның мысалы да, көрінісі де, дәлелі де жеткілікті. Бұл орайда Қазақстанның тұрақты дамуының айқын көрсеткіштеріне айналған Қазақстан жерінде өтіп, жыл сайын әлемді елең еткізген айтулы оқиғаларды тізбектеп айтуға болады. Сондай-ақ тарихымызда тұңғыш рет бабалардан қалған ұлан байтақ жеріміздің барлық көршілес мемлекеттермен шекарасы екіжақты келісіммен бекітіліп, заңдастырылды. Ол құжаттар Біріккен Ұлттар Ұйымында мақұлданды.
Осындай игі істердің оңды шешімін табуында, өз аумағымыздың интеллектуалдық және инновациялық дамуына қомақты үлес қосуда біздің университетіміздің де алатын орны ерекше. М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті республикамыздағы ең ірі мемлекеттік жоғары оқу орындарының бірі екендігі баршаға мәлім. Осы уақытқа дейін Елбасының тапсырмасы бойынша, 2006 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінде өткізілетін «жоо-ның үздік оқытушысы» атты байқауда біздің университеттің 15 оқытушысы осы құрметпен марапатталса, университеттің алдыңғы қатарлы ғылыми кадрлары докторантура бойынша республикалық мемлекеттік білім стандартын жасауға қатысты. Осындай нәтижелі көрсеткіштердің арқасында, университетіміз Қазақстанның ғылыми мамандықтары бойынша докторлық (PһD) бағдарламаларын жасау тапсырылған 5 жоо-ның құрамына кіреді.
2006 жылдың 15 қыркүйегінде Болон (Италия) қаласында өткен университеттердің Ұлы Хартиясы президиумының шешімі білім ордасының ең үлкен жетістігі болып табылады. Яғни, М.Х. Дулати атындағы ТарМУ ұлттық білім беру саласындағы әлемнің 600 көшбасшы университетін біріктіретін Хартия коллегиясының толық мүшесі болды. ТарМУ-дың университеттердің Ұлы Хартиясына кіруі – біз үшін маңызды оқиға. Бұл әлемдегі көшбасшы жоғары оқу орындарымен білім, ғылым саласында ғана емес, мәдени, саяси салада да ынтымақтаса жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
2007 жылы университетіміздің бастамасымен қазақстандық жоғары білім ордаларының ынтымақтастығын күшейту мақсатында ТарМУ-дың және еліміздің ірі жоо арасында Қазақстан университеттерінің меморандумына қол қойылды. Бұл құжатта қазақстандық жоғары оқу орындары жұмысының негізгі қағидалары көрсетілген. Қазақстандық жоо-ның ынтымақтастыққа деген құлшынысын білдіретін аталмыш меморандум отандық білім беру жүйесін жетілдіру жолындағы жаңа деңгей болып табылады.
ТарМУ тәуелсіздік жылдарында оқытудың кредиттік технологиясына толығымен көшкен алдыңғы қатарлы оқу орнының бірі. Университет негізінде кредиттік жүйемен оқытуды жүзеге асыру бойынша республикалық консалтинг орталығы жоғары деңгейде қызмет етеді.
2005 жылы М.Х. Дулати атындағы ТарМУ ИСО – 9000-2001 халықаралық стандартына сәйкес сертификат алды. Жан-жақты басқару «Университет» интегративті білім жүйесін жасау мен енгізу, яғни Visual Fox Pro және Delphi бағдарламалау тілімен SQL Server платформасының базасы жолымен сапалы және үздіксіз ақпарат алмасуға қол жеткізді.
2008 жылы басқару үрдісіне «Tamos University Suite» білім порталы енгізілді. Сонымен қатар, Қазақстандағы 10 жоғары оқу орындарының ішінде университетімізде 2007 жылы «Зерттеудің наноинженерлік әдістері» атты ғылыми-зерттеу зертханасы құрылды. Қазіргі уақытта университет ғалымдары шет ел мамандарымен бірлесіп жұмыс істеуде. Міне, осының барлығы Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген толағай табыстар.
Тәуелсіздік жылдарының басты міндеттерінің бірі – жастарға патриоттық және адамгершілік, мәдени тәрбие беру. Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына орай университетте студенттер арасында спартакиада, көркемөнерпаздар конкурсы, ғылыми жобалар мен шығармашылық жұмыстар бойынша конкурстар, еліміз бен шетелдік ғалымдардың қатысуымен ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізілуде. «Жас Отан» жастар қанаты, «Студенттік парламент» «Қазақстан студенттер альянсы», «Жасыл ел» ЖЕЖ, «Сымбат», «ТӘЖ» клубтары, «Сұңқар» спорт клубы, Студенттік кәсіподақ ұйымдары табысты жұмыс істеп келеді. Әлеуметтiк жұмыс пен жастардың тәжiрибе алмасуы, мәдени және экономикалық мәселелерге қатысты семинарлар, конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткiзiп, өзектi мәселелер жөнiнде бiр мәмiлеге келу, ортақ шешімдер табу дәстүрлі істерге айналғандығы қуантады. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет оқыту мен тәрбиенің басты қайнар көзі ретінде педагогтың беделін көтеру мәселесі қойылды. Еліміздің алдыңғы қатарлы университеттері секілді бізде де жаңа озық ғылыми бағыттағы жұмыстар жүргізіліп келеді. Біз интеллектуалды ұлттың жаңа буынын тәрбиелеп отырмыз. Қазірдің өзінде біздің жастарымыз барынша ойшыл, креативті және еркін болып өсіп келеді. Олармен жұмыс жүргізу үшін біз, аға ұрпақ, өз күш-қуатымызды үнемі жетілдіріп отыруымыз қажет.
Азаттықтың 20 жылдығын тарихымыздың алтын кезеңі болды деп айтуға бүгінде толық негіз бар. Қазақстан дүние жүзіне әйгілі, әлемдік қоғамдастыққа өзін мойындатқан мемлекетке айналды, ал Елбасымыз адамзат тарихының келешектегі бағыт-бағдарын анықтап отырған әлемдік көшбасшылардың қатарына қосылды.
Алдымызда әлі талай асулар мен белестер бар. Әрине, әлі көптеген сындардың кездесері анық. Әр азаматтың жүрегіне ертеңге деген сенімді берік бекіткен – Ел тәуелсіздігі, шын мәнінде қымбат та қадірлі ұғым. Тәуелсіздікті сақтау – болашақ ұрпақ алдындағы біздің қасиетті міндетіміз.
Әшімжан АХМЕТОВ, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ректоры,
техника ғылымдарының докторы, профессор.
Тараз.