• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Сараптама Бүгін, 08:15

Күрделі кезеңдегі іргелі бетбұрыс

10 рет
көрсетілді

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық басқару мен өңірлік саясаттың жаңа талаптарын айқындап берді. Президент қаржылық дербестікті күшейту, бюджеттік жоспарлаудың сапасын арттыру, арнайы экономикалық аймақтарды реформалау, сондай-ақ инфляцияны төмендету бағытында нақты міндеттер жүктеді.

Әсіресе әлем экономикасындағы маңыз­ды өзгерістерге тоқталған Мем­лекет басшысы оның геосаяси ахуалға да теріс әсер етіп жатқанын айтты.

«Дүниежүзінде мүлде жаңа үдерістер пайда болып жатыр. Мемлекеттің тұрақты дамуы үшін осы өзгерістерге экономикалық және саяси тұрғыдан бейімделуіміз қажет. Бұл – аса маңызды міндеттің бірі», деді Қ.Тоқаев.

Президент жүктеген міндеттерді саралап, үн қосқан экономист Эльдар Шамсутдинов бүгінде мемлекеттер арасында өзара тарифтік шектеу қою үр­­дісі белең ала бастағанын, мұндай жауап­­ты кезеңде Үкімет пен Ұлттық банк біртұ­тас команда ретінде әрекет етуге тиіс екенін атап өтті. «Жалпыұлттық деңгей­де осындай негізгі институттар арасын­дағы қарама-қайшылықтар жағдайды ушық­тырып жіберуі мүмкін», дейді сарапшы. 

«Экономикада өсім жоқ емес. ІЖӨ 300 млрд доллардан асты. Алайда Мемлекет бас­­шы­сы халықтың табысы эко­­но­микалық өсімге ілесе алмай отырғанын осыған дейін де бір­неше мәрте айтқан еді. Пре­­зи­дент жүктеген міндетті жү­зеге асыру үшін тек бағаны уа­қытша ұстап тұру жеткіліксіз», дейді сарапшы. Мұндай шешім, керісінше, инфляцияны қыс­қа мерзімде тежегенімен, сала­ның инвестициялық тартым­дылығына кері әсер етеді.

«Кейінгі жылдардың тәжі­рибесі көрсетіп отырғандай, инфля­циямен күрес – ұзақ әрі күрделі үдеріс. Реформалар кезеңіндегі уақытша ымыраға келудің тек қысқамерзімді әсері бар екенін түсінетін кезге жеттік. Тарихта мұндай сценарийлер гиперинфляциямен аяқталған», деді Э.Шамсутдинов.

Сарапшының айтуынша, кез келген базалық мөлшерлеме деңгейі инфляция деңгейінен жоғары болуы керек. Бұл ретте тек монетарлық сипаттағы шаралар жеткіліксіз. Фискалдық саясат та біркелкі жұмыс істеуге тиіс.

«Ұлттық банк артық өтімді­лікті азайту үшін банктерге талап­тарды күшейтіп жатыр. Бұл маңызды, өйткені инф­ля­­ция күткеннен жоғары болып отыр. Халықаралық валюта қоры мұнайдан тыс бюд­жет тап­шы­лығы ІЖӨ-нің 8%-ы­нан асқанын атап өтеді. Ол қаржы жүйесіне қысым түсіре­ді. ҚҚС-ның 16%-ға дейін өсуі жағдайында бюджет шы­ғындарын қысқарту оңайға түс­пейді. Дегенмен шығыстарды бір­тіндеп шектеу («фискалдық диета») Ұлттық банктің жұмы­сын жеңілдетіп, базалық мөл­шер­­лемені ұзақ уақыт жоғары дең­гейде ұстап тұру қажеттігін азайтуы мүмкін», дейді сарапшы.

Президент өңірлік даму мәселе­леріне де тоқталып, аймақ­тар­дағы бюджеттік жоспар­лау­дың сапалы жүргізу қажет­тігін айтты. «Экономикалық зерт­теулер институты» АҚ Өңір­лік зерттеулер және өмір сапасы орталығының директоры Нұрболат Құрметұлының пікі­рінше, Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отыры­сындағы сөзі өңірлік саясатты іске асыруда жаңа кезеңнің басталғанын айқын көрсетеді.

«Президент бюджетаралық қатынастардағы теңсіздік мә­селесіне арнайы тоқталды. Атап айтқанда, өңірлерге жүкте­летін міндеттер орталықтан бөлі­нетін қаржы көлеміне сәй­кес келуге тиіс екенін атап өтті. Бұл – өте орынды ұстаным. Себебі қаржылық ресурстармен тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеген міндеттер өңірлердің тұрақты дамуын тежеп, жергілікті биліктің тиімді әрі нәтижелі жұмыс істеу мүмкіндігін шектейді», дейді ол.

Сарапшының сөзінше, Мем­лекет басшысы қойған бюджетті тиімді жоспарлау міндеті – дер кезінде қабылданған, өңірлік дамудың сапасын арттыруға бағытталған өте орынды қадам.

«Президент экономикалық, әлеуметтік қайтарымы төмен жоба­ларды іске асыру тәжі­рибе­сінен бас тарту қажеттігін нақты айтты. Бұл алдағы уақытта бюд­жеттік инвестициялық жобалар­ды іріктеу кезінде өңірлер үшін шын мәнінде ауадай қажет, мультипликативті әсері жоғары жобаларға басымдық берілетінін көрсетеді», дейді сарапшы.

Президент өз сөзінде елдегі арнайы экономикалық аймақ­тар­дың тиімділігі әлі күнге дейін төмен деп бағалады. Арнайы экономикалық аймақтардың ширек ғасырға жуық уақыт­тан бері ІЖӨ-ге қосқан үлесі 1%-дан сәл ғана асады. Оның 0,3%-ы – экспортқа, 0,9%-ы шетел инвес­тициясына тиесілі.

«Арнайы экономикалық аймақтардың қазіргі инфра­құрылымын дамытуға үш жыл ішінде бір триллион теңге займ қаражатын жұмсау ұсынылып отыр. Алдымен олардың даму моде­лін қайта құру керек деп санаймын. Онсыз мұндай ауқым­ды инвестиция жүйедегі қор­да­ланған мәселелерді шеше алмай­ды», деді Мемлекет басшысы.

Н.Құрметұлының сөзіне сүйенсек, мұндай аймақтар өңір экономикасын дамытудың тиімді тетігіне айналуы қажет.

«Мемлекет басшысы атал­ған аймақтар нақты экономи­калық нәтиже беруге қызмет етуге тиіс екенін атап өтті. Бұл – өңірлердегі инвестициялық саясатты қайта қарауға бағытталған маңызды сигнал», дейді ол.

Сарапшының айтуынша, Мемлекет басшысының сөзінен өңірлік дамудың енді тек бюд­жеттік трансферттерге емес, жергілікті экономиканың белсен­ділігіне, соның ішінде арнайы экономикалық аймақ­тар­дың нақты нәтижесіне сүйенуге тиіс екенін аңғаруға болады.

«Президенттің Үкіметтің кеңей­тілген отырысында айт­қаны өңірлік дамуға қойылатын талаптардың күшейгенін көр­сетті. Өңірлерге қаржылық дербестік беріліп отыр. Енді нақты нәтижеге, тиімді басқару мен экономикалық қайтарымға баса назар аударылатыны анық», дейді сарапшы.

Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексін тиімді енгізу мәселесін де көтерді. Эконо­мист, Tengenomica телеграм арна­сының авторы Руслан Сұл­тановтың пікірінше, салық реформасының басты мәні қанша қаражат жинауда емес, оны қалай жинауда болып отыр.

«Әкімшілендіру мен цифрландыруға басымдық беру – қолмен бақылаудан жүйелі тәуекелдерді басқаруға көшу деген сөз. Яғни мөлшерлемелерді көтеріп, тексерісті көбейткеннен гөрі деректерді ретке келтіріп, көлеңкелі схемаларды азайтып, ережелерді ашық ету тиімдірек. Сапалы әкімшілендіру көбіне қатаңдатудан да үлкен фискал­­дық нәтиже береді. Ал цифр­лан­дыру операцияларды дер­лік нақты уақыт режімінде бақылауға мүмкіндік беріп, көлеңкелі айналымды азайтады әрі кәсіпкер мен инспектор арасындағы тікелей байланыс санын қысқартады. Бұл экономикалық саясаттың ұзақмерзімді тұрақтылық пен сенімге бағытталғанын көрсе­теді», деді ол.

Сондай-ақ сарапшы Прези­денттің «жазалаушы менталитеттен» бас тарту бастамасы айыппұл іздеуден тәуекелдерді алдын ала анықтауға көшуді білдіретінін айтады. Оның айтуынша, бұл алдын ала ескертулер, цифрлық сервистердегі автоматты кеңестер мен түсін­діру жұмыстары арқылы жүзеге асуға тиіс.

«Дегенмен серіктестік – шектеусіз еркіндік емес. Мұн­да фискалдық тәртіп пен эконо­микалық белсенділік ара­сын­дағы теңгерім маңызды. Кәсіпкер ережені алдын ала түсінген жағдайда дау азайып, инвес­тициялық белсенділік артады. Болжамды әрі түсінікті жүйе елдің іскерлік ахуалына тікелей оң әсер етеді», дейді Р.Сұлтанов.

Ал салық пен кеден жүйесін цифрландыру мәселесіне келгенде сарапшы толық цифр­ландыру мен «фискалдық деректер фабрикасын» құру – бірыңғай сараптамалық жүйе қалыптастыруға бағытталған қадам екенін жеткізді.

«Бастаманың нәтижесінде экономиканың ашықтығы артып, көлеңкелі операциялар азаяды, ал бюджет кірістері тұ­рақ­­ты бола түседі. Цифрлан­дыру – қысым жасау құра­лы емес, болжамдылық пен жүйе­­лі­­­лікке инвестиция. Бұл мем­­ле­кет пен экономика­­ның өзара әрекеттесуінің жаңа үлгісін қа­лып­тастырады», деді Р.Сұлтанов.

Елімізде Еуразия құрлы­ғының логистикалық хабына айналу мақсаты белгіленіп, осы бағытта нақты жобалар ат­қарылып келеді. Мемлекет бас­шысы Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында елдің құрлықтағы бірегей орнын тиімді пайдалану мақсатында көлік логистикасын қарқынды дамытуды тапсырды. Саясаттанушы Бауыржан Серікбаевтың пікірінше, Прези­денттің көлік-логистика саласын дамытуды стратегиялық басым бағыт ретінде айқындауы – еліміздің транзиттік рөлін арттырудан туған маңызды бастама.

«Қазір халықаралық қаты­наста транзиттік дәліздер үшін бәсеке күшейіп, мем­лекет­тердің экономикалық дамуы логистикалық мүмкіндіктер арқылы да кеңейетін жаңа кезең қалыптасып жатыр. Теміржол желілері мен автожол саласында жаңа бағыттарды іске қосу еліміздің ішкі көлік байланысын күшейтіп, өңірлер арасындағы экономикалық  даму алшақтығын азайтады», дейді Б.Серікбаев.

Сарапшының айтуынша, логистикадағы негізгі фактор­лардың бірі – көліктердің шекарадан өту жылдамдығы. Мұны әлемдік тәжірибе де көрсетіп отыр.

«Президент Үкіметке авто­көлік қозғалысын цифрлық платформаға көшіруді, шекара маңындағы 33 бекетті жаңғыр­туды тапсырды. Аталған жобалар іске асса, еліміз Еуразиядағы негізгі транзиттік хабтың біріне айналып, аймақтық сауда жолдарын қалыптастырушы мемлекет ретінде геоэкономикалық әлеуетін арттыратыны сөзсіз» дейді сарапшы.

Соңғы жаңалықтар