«Қазгидромет» РМК баспасөз қызметінің мәліметінше, 2 маусымға Қазақстанның 17 облысында дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz
Түркістан облысының таулы аудандарында қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы таулы өңірлерде секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Облыстың орталық бөлігінде жоғары өрт қаупі сақталады.
Маңғыстау облысының батысында, солтүстігінде және орталығында жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі. Ақтауда күндіз жаңбыр жауып, найзағай болады.
Қызылорда облысының солтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі сақталса, облыстың батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде төтенше өрт қаупі жарияланған.
Ақтөбе облысының батысы мен солтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай болады. Түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін. Ақтөбе қаласында да күндіз жаңбыр мен найзағай болжануда.
Алматы облысының батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде және таулы аудандарында қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз ауа температурасы 35-36 градусқа дейін көтеріліп, аптап ыстық сақталады. Алматы қаласында да жаңбыр мен найзағай күтіледі.
Қарағанды облысында жаңбыр, найзағай және тұман болжанып отыр. Облыстың оңтүстігінде ауа температурасы 35 градусқа дейін жетеді. Бірқатар аудандарда төтенше өрт қаупі сақталады.
Ұлытау облысының солтүстігі мен шығысында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Жезқазғанда түнде және таңертең тұман түседі.
Атырау облысының кей жерлерінде жаңбыр мен найзағай болады. Атырау қаласында таңертең және күндіз жауын-шашын күтіледі.
Батыс Қазақстан облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауылды жел болжануда. Орал қаласында да осындай ауа райы сақталады.
Шығыс Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде және шығысында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
Абай облысының батысында, солтүстігінде және орталығында жаңбыр, найзағай және бұршақ жауады. Облыстың оңтүстігінде ауа температурасы 37 градусқа дейін көтеріліп, төтенше өрт қаупі күтіледі.
Жамбыл облысының солтүстігінде, оңтүстігінде, шығысында және таулы аудандарында қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай болады. Тараз қаласында да осындай ауа райы сақталады.
Ақмола облысында түнде жаңбыр, найзағай, кей жерлерде қатты жаңбыр мен бұршақ жауады. Көкшетауда да түнде жауын-шашын күтіледі.
Солтүстік Қазақстан облысында жаңбыр, найзағай және бұршақ болжануда. Петропавл қаласында күндіз бұршақ жаууы мүмкін.
Жетісу облысының шығысында, оңтүстігінде және таулы аудандарында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі. Облыстың бірқатар бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Павлодар облысында жаңбыр, найзағай, кей жерлерде қатты жаңбыр мен бұршақ жауады. Павлодар қаласында желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
Қостанай облысының солтүстік-шығысында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Облыстың оңтүстігі мен шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.