Алматы қаласында ауа сапасын бақылауға арналған 30 жаңа мониторинг стансасы іске қосылды. Олар бұған дейін жұмыс істеп тұрған 170 датчиктен тұратын желіні толықтырды, деп хабарлайды Egemen.kz
Almaty Air Initiative қорының мәліметінше, жаңа құрылғылардың 17-сі адамдар көп шоғырланатын орындарға – мектептер, балабақшалар мен скверлер маңына орналастырылған.
Бұрынғы құрылғылардан ерекшелігі – жаңа стансалар PM2.5 және PM10 ұсақ бөлшектерін ғана емес, денсаулыққа қауіпті газ тәрізді ластаушы заттарды да бақылайды. Олардың қатарында азот диоксиді, көміртек тотығы, күкірт диоксиді және жерге жақын қабаттағы озон бар.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, автокөлік шығарындылары мен көмір жағудан бөлінетін бұл заттар тыныс алу жүйесіне кері әсер етіп, созылмалы аурулардың асқынуына себеп болуы мүмкін.
Өскеменде ауа сапасы тексеріліп жатыр: Өңір тұрғындарына өтемақы төлене ме?
Қазіргі уақытта датчиктер сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Олардың көрсеткіштерін Mycar.kz қосымшасындағы «Ауа сапасы» бөлімінен көруге болады. Жаңа нүктелер картада шаршы белгімен көрсетілген.
Қордың атқарушы директоры Жұлдыз Саулебекованың айтуынша, бұл жаңарту Орталық Азиядағы ең тығыз азаматтық мониторинг желісін одан әрі күшейтете түседі. Сынақ кезеңі аяқталғаннан кейін барлық деректер ұйымның ашық дашбордына енгізіледі.