Кітап – жан азығы. Әскери қызметшілердің көркем әдебиетке құмарлығы да жақсы нышан. «Батыс» өңірлік қолбасшылығындағы барлық әскери бөлімдер кітап қорымен қамтылған. Кітапханада, ақпараттық-тәрбие жұмысы кабинетінде, демалыс бөлмелерінде кітап оқып қана қоймай, өзара пікір алмасуға қажет жағдайдың бәрі бар.
Әскери қызметшілер, әсіресе Қазақстан тарихын, батырлардың ерліктері жайлы шығармаларды, жалпы көркем әдебиетті оқуға ынталы. «Батыс» өңірлік әскери қолбасшылығы Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шыққан алғашқы күннен бастап осы бағыттағы жұмыстарға ерекше мән беріп келеді.
25744 әскери бөлімі командирінің орынбасары Елдос Бозғұлов: «Қызметтің алғашқы кезеңінде сарбаздарға нағыз Отан қорғаушы ретінде қалыптасуларына бағыт беретін кітаптарды ұсынамыз. Мысалы, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», Сағадат Нұрмағамбетовтің кітаптарын сарбаздар қолдан-қолға тигізбей оқиды. Негізінен қазақ тіліндегі әдебиетке деген сұраныс жоғары, сондықтан кітапхана қорын үнемі толықтырып отырамыз», – дейді.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ