Елордадағы Қазіргі заманғы өнер мұражайында Германияның Қазақстандағы жылы аясында ГФР елшілігі және аталған мұражайдың ұйымдастыруымен “Қазіргі заманғы Германия” атты фотосурет көрмесі ашылды.
Өткен 2009 жыл Қазақстанның Германиядағы жылы деп жарияланып, жыл аясында екі елдің түрлі салаларындағы ынтымақтастығын тереңдетуге бағытталған ауқымды шаралар ойдағыдай жүзеге асырылған болатын. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы қарым-қатынас біздің еліміздің тәуелсіздік алған сәтінен бастап достық пен сенімділік сипатта болып келеді. Саясат, экономика, мәдениет салаларындағы қарқынды қарым-қатынастарға жоғары дәрежедегі белсенді кездесулер ықпалын тигізуде. 2009 жылы Германия тарапынан қолдаудың нәтижесінде Қазақстанның Германиядағы жылы табысты өткізілді”, – деп атап көрсеткен еді.
Осы жылдың 3 ақпанында Астанада Германияның Қазақстандағы жылы салтанатты түрде ашылды. Екі елдің ынтымақтастығы уақыт өткен сайын қарқынды дамып келеді. Ал көпшілік қауым көрмеден Германияның ішкі және сыртқы саясатынан, экономикасы мен ғылыми-зерттеулерінен, мәдениеті мен тыныс-тіршілігінен фотосуреттер мен деректемелер арқылы хабардар болады. Көрменің негізгі мақсаты – Қазақстан мен Германия арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытуға ықпал ету. Өйткені, Германия дәстүрлі құндылықтары мол, инновациялық технологиялары дамыған ел болып табылады. Көрмені, сондай-ақ танымал неміс фотографы Торстен Эльгердің ерекше композициялық фотосуреттері толықтырып тұр. Көрме 25 ақпанға дейін жұмыс істейді. Бұдан соң көрме еліміздің өзге де көптеген қалаларында ұйымдастырылады.
“Егемен-ақпарат”.
АУДАН ЖАСТАРЫНЫҢ ФОРУМЫ
Қандыағаш қаласындағы мәдениет үйінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық –жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіңдіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын талаптарға сәйкес жастар арасындағы өзекті мәселелердің шешімін табу жолдарына және “Дипломмен – ауылға” жобасын жүзеге асыруға арналған Мұғалжар ауданы жастарының форумы болды.
Оны “Нұр Отан” ХДП Мұғалжар аудандық филиалы мен аудандық ішкі саясат бөлімі ұйымдастырды. Форумда аудан әкімі Серік Шаңғұтов сөз алып, Елбасымыздың жастар мәселесін ұдайы назарда ұстап келе жатқанына, оларды қолдап отырғанына тоқталды. Былтыр аудан мектептеріне орналастырылған 63 жас маманның 46-сы ауылдық жерлерге барыпты. Форумға қатысушылар аудан жастарына үндеу қабылдады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.
ҚОРЫТЫНДЫ КӨҢІЛГЕ ҚОНЫМДЫ
Статистика агенттігі еліміздің қаңтар айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларын жария етті. Агенттік таратқан мәліметтерге қарағанда, өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларындағы деректер бойынша ішкі жалпы өнімнің көлемі 15887,8 млрд. теңгені құрады. Мұнда ІЖӨ құрылымында тауар өндірудің үлесі 43,8 пайызға, ал қызмет көрсету 54,8 пайызға артты.
Қазір Орталық Азия өңіріне келетін шетел инвестициясы көлемінің 80 пайызы Қазақстанға тиесілі екені белгілі. Бұл еліміздің саяси тұрақтылығы мен дағдарыс жағдайында тиімді экономикалық саясат жүргізе алған Үкіметтің халықаралық сахнада өзге елдердің сенім үдесінен шыға білгендігін көрсетеді. Кеше Статистика агенттігі өткен айда республикаға тартылған инвестицияның көлемінің тағы да бірнеше мәрте өскенін хабарлады. Агенттік төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, қаңтар айында негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 175,9 млрд. теңгені құрады. Сонымен бірге, ол тұтыну бағаларының индексі қаңтар айында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 107,3 пайызды көрсеткенін, ал азық-түлік тауарларының бағасы – 3,9, азық-түлік емес тауарлардың – 9,4 пайызға, ақылы қызмет көрсету 10,1 пайызға артқанын мәлімдеді.
Енді халықтың жан басына шаққандағы орташа табыстарына келсек, агенттіктің мәліметтеріне қарағанда, ол 39 806 теңгені құрады. Ал халықтың орташа айлығы 13,6 пайызға артып, 82 779 теңге болды. Өткен айда елімізде жұмыссыздар 542,9 мың адамға жетті. Жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелгендер саны қаңтар айының соңында 63,4 мың адамды құрады немесе экономикалық белсенді халық санының 0,7 пайызын көрсетті. Аталмыш агенттіктің Қазақстанның сыртқы сауда айналымына қатысты таратқан мәліметтері жұмыссыздық деңгейіне қарағанда, көңіл көншітерлік деуге болады. Мәселен, Әлихан Смайыловтың айтуынша, өткен жылы сыртқы сауда айналымы 7160,4 млн. АҚШ долларын, оның ішінде экспорт – 43195,7 млн. доллар, ал импорт 28408,7 млн. долларды құраған. Бұдан басқа салаларға келсек, өткен айда өнеркәсіп өндірісінің көлемі былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,3 пайызға артып, 884,6 млрд. теңгеге жеткен. Мұнда кен өндіру өнеркәсібінде және каръерлерді қазуда өндірістің – 5 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде – 24,5 пайызға, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптауда 4,6 пайызға өскенін атап өткеніміз жөн. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 45,1 млрд. теңгеге өсті.
Агенттіктің мәліметтеріне қарағанда, қазір республикада 299 008 заңды тұлғалар тіркеліп отыр. Соның ішінде 283 505 ұйымның 50 адамнан артық қызметкерлері бар. Жалпы, елімізде тіркелген заңды тұлғалардың 188 924-ы жұмыс істеуде. Оның 174 401-і шағын кәсіпорындар.
Дастан КЕНЖАЛИН.
БӘСЕКЕНІҢ БАСЫ ЖАЗДА БАСТАЛАДЫ
Астанада Қаржы министрлігі Салық комитеті мен “Атамекен” одағы” ҰЭП-тің ұйымдастыруымен мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар жетекшілерінің еліміздің Кеден одағына кіруіне байланысты салық салу және кеден әкімшілігі мәселелеріне арналған кездесуі өтті.
Кездесуде кедендік бақылау мен оны ресімдеуді оңтайландыру, сыртқы экономикалық қызметті дамыту, транзиттік тасымал тарифін қалыптастырудың нақты тетіктері, кеден салығы, Қазақстанның Одаққа кіруіне байланысты салынатын жанама салықтар, оның ішінде қосылған құн салығы мен акциздер мәселесі жөнінде әңгіме қозғалды. Сонымен бірге, онда өткен жылы қабылданған Салық кодексінің нәтижелері туралы мәселе қаралды.
Жиында осы мәселелер бойынша Салық комитеті мамандары мен кәсіпкерлер тарапынан бірқатар мәліметтер берілді. Онда биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап, енгізілетін жанама салықтар алу кеден органдарынан салық мекемелерінің құзырына өтетіні хабарланды. Сонымен бірге, үш елдің арасында тауарларды жеткізу үшін кедендік рәсімдердің жеңілдетілетіні, сыртқы экономикалық қызметті дамыту үшін тараптардың өзара келісімдер түзіп, барлық мәселені шешуге қолайлы жағдайдың жасалатыны атап көрсетілді.
Кездесуде отандық тауар өндірушілердің шетелдік кәсіпкерлермен бәсекеге түсу мәселесі де кеңінен қаралды. Мұнда еліміздің астық өндірушілері қандай жағдай болса да көршілес елдерге өз өнімдерін өткізе алатындарын айтса, “Қаз Алко” сияқты алкогольді ішімдіктер дайындайтын компаниялардың өкілдері керісінше, егер ресейліктер Қазақстан рыногына кіретін болса, онда отандық тауарларға деген сұраныстың кемитінін жасырмады. Олардың айтуынша, мұның себебі тауардың сапасында емес, шетелдік өнімнің көп жарнамаланатынына байланысты.
– Қазір елімізде халықтың 60 пайызы Ресейдің спутниктік телеарналарын тамашалайды. Ал онда жарнаманың көп бөлігі ішімдіктерге арналғаны белгілі, ал біздің елімізде ондай жарнамалар беруге заң жүзінде тыйым салынған. Сондықтан 1 шілдеден бастап Ресей компаниялары барлық кедендік ресімдеудің жеңіл түрінен өтіп, Қазақстандағыдай 1 литр спиртке 100 теңге төлеп, өз тауарларын сататын болса, онда дүкен сөрелеріндегі ішімдік атаулының бәрі тек солтүстік көршіміздің сапасыз тауарларына тола ма деген қаупіміз бар. Біз ресейліктер сияқты алкогольді ішімдіктерді насихаттап жатқан жоқпыз, біздің мақсатымыз тек жергілікті халыққа жұмыс тауып беріп, жұмысшыларға жалақы беру, отандық өнімнің аз мөлшерде сатылса да сапалысын ғана саудалау, – дейді “ҚазАлко” қауымдастығының президенті Әміржан Қалиев.
Дастан КЕНЖАЛИН.