Алыстағы ауыл халқы да бизнес бастауға ниетті. Бірақ ақшаның аздығы қолбайлау, ал несие алуға екінші деңгейлі банктердің талаптары жоғары. Аудандарда банк бөлімшелері де бола бермейді, құжат рәсімдеу үшін қыстың суығы мен жаздың аптабында облыс орталығына қатынау қажеттілігі туады. Бір келгенде жұмысың біте қойса жақсы, сандалып ұзақ жүріп жинаған құжатыңа банк келісім бермесе, еңбегің еш, тұзың сор. Ауылдық жердегі үй-жайдың құны да төмен, тіпті банкке кепілдікке қоюға жарамай қалады. Екінің бірінің жалақысы жоғары кепілгері тағы жоқ. Осының бәрі айналып келгенде кәсіп ашып, нәсіп тапқысы келетіндердің ойларын орындалмаған арман күйінде қалдырып жүр. Қайтпек керек?
Атыраулық кәсіпкерлер облыс әкімі Нұрлан Ноғаевпен өткен кездесуде осы мәселені ортаға салды. Облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Абдолла Ыдырысовтың айтуынша, тығырықтан шығар жол бар: банкке телміріп отыра бермей, аудандарда шағын несие беру ұйымдарын ашу керек. Мұндай тәжірибе Маңғыстау, Қостанай облыстарында жүзеге асқан. «Егер «Атамекен» ҰКП қаржыландырып, жергілікті билік қолдау көрсетсе, ауыл кәсіпкерлері шағын несие беру ұйымдары арқылы жеңілдікпен ақшалай қаражат алып, іс бастар еді», дейді палата басшысы. Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева бұл ұсыныс шаралар жоспарына енгізілгенін, Кәсіпкерлер палатасы қажет құжаттарды рәсімдеп, шағын несие беру ұйымын ашуға лицензия алса, әкімдік тарапынан көмек болатынын айтып қуантты. Нәтижесі қандай боларын уақыт көрсетеді.
Газға алдын ала төлем жасау мәселесі де атыраулық бизнес иелерін біраздан бері толғандырып келеді. «ҚазТрансГазАймақ» мекемесі газдың ақшасын алдын ала төлеп қоюды талап етеді, бұл жаңадан бастаған кәсіпкерлерге қиындау. «АтырауЖарық» мекемесімен де бұрын осындай проблема болған, бірақ ол шешілді. «Атырау коммуналдық қызмет көрсету орталығы» газ жүйелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы келісім-шарт жасағандарымен, ешқандай жауапкершілік алмайтындары «қызық». Қазақстанның кәсіпкер әйелдер қауымдастығы облыстық бөлімшесінің басшысы Айгүл Баямирова осы жайттарды ашып айтты. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалының директоры Мақсат Әбуов газға алдын ала төлем жасау мәселесі орталық аппаратта қаралып жатқанынан хабардар етті. Мүмкін бір өзгеріс болып қалар.
Жас кәсіпкер Ержан Нұреденов арнайы технопарк ашылса деген ойда. «Мысалы, Оралда, Өскеменде, Алматыда технопарктер бар. Атырауда мұнай-химия экономикалық аймағы құрылған, алайда ол тек мұнай саласындағы бизнеске арналып отыр. Жаңа жобаларды іске асыруға екінші мамандандырылған экономикалық аймақ құрылса, жақсы болар еді», дейді талапты жас.
Статистикаға сүйенсек, әрбір төртінші атыраулық кәсіпкерлікпен айналысады. Бизнесті дамытуға бағытталған екі мемлекеттік, екі өңірлік бағдарлама табысты жүзеге асып жатыр.
Кәсіпкерлермен ашық диалог жүргізген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев айтылған мәселелердің оң шешілуіне ықпал ететінін айтты.
Жақсы жаңалықтың бірі, жақында Атырауда «Толық форматтағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» ашылады. Бизнес иелерінің күнделікті жұмыстарына керек 30 мемлекеттік органның, даму және қаржы институттарының, екінші деңгейлі банктердің өкілдері, облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы да осы орталықта болады.
Атырауда экономикалық дамудың негізгі бағыты мұнай өндіру, мұнай саласында қызмет көрсету болғанымен, соңғы жылдары шағын және орта бизнесті дамытуға белсенді көңіл бөлініп, агроөнеркәсіптік кешенде, көлік-логистикалық және құрылыс салаларында жақсы көрсеткіштерге қол жетті. Бұл бір жағынан билік пен бизнес арасындағы өзара байланыстың қаншалықты дәрежеде екенін де көрсетері анық.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ