Кішкене кикілжіңге бола сотқа жүгінетіндер бар. Тіпті әке-шешесімен, бір туған бауырымен дүниесін бөлісе алмай соттың есігін тоздыратындардың қатары аз емес. Мысалы, өткен жылы келінімен келіспей қалған Исатай ауданының тұрғыны сотқа талап арыз беріп, келінін үйден аластатуды сұраған. Іске судья медиатор араласып, тараптар келісімге келді. Өкініштісі сол, мұндай деректер көп.
Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен Атырауда өткен жиында сотқа түскен арыз-шағымдар жыл санап артып келе жатқанын айтқан еді. «Елімізде әрбір төртінші азамат сотқа жүгінеді. Атырауда бұл көрсеткіш 3,4 пайыз, бұл аз емес. Әсіресе отбасылық дау-дамайлар көбейіп отыр. Республика бойынша бір жылдың ішінде 67 мыңнан астам отбасы ажырасып, 100 мыңнан астам бала тірідей жетім қалды», дейді С.Сүлеймен.
Атырауда былтырдың өзінде екі мыңға жуық отбасы ажырасқан. Шаңырағынан бөлек кетіп, бала-шағасына алимент төлеуден жалтарып жүрген әкелер де бар. Бұл отбасылық құндылықтарды әлі күнге дейін жете сезінбей жүргеніміздің дәлелі. Осы ретте Мемлекет басшысының дауларды шешудің баламалы тәсілі ретінде медиация институтын енгізу туралы тапсырмасының қоғамға көп пайдасы тиіп отырғанын айта кету керек. Сот жүйелерін жаңғырту жобалары аясында Атырау қалалық сотында медиация кабинеттері ашылды.
«Мамыр айынан бері кабинеттің көмегіне 86 адам жүгінді, – дейді облыстық сот төрағасы Марғұлан Бектұрғанов. – «Сот медиациясы» деген жаңа жүйе де жүзеге асып жатыр. Іс сотқа жетпей тұрып, судья медиатордың қарауынан өтеді. Нәтижесінде тараптар татуласады немесе әрі қарай заңмен белгіленген тәртіпте сот отырысында қаралады». Екі айда ажырасуға берген 247 арыздың 40-ы сотқа жетпей, тараптар судья медиатор көмегімен татуласқан. Кейбір жеңіл қылмыстық істер де алдын ала тергеу кезінде тараптардың ымыраға келуіне байланысты қысқартылып жатыр. Жалпы аймақта медиаторлардың жұмыстары жақсы нәтиже беруде, айталық 2017 жылы сотқа дейінгі медиация тәртібінде 1429 іс, ал осы жылдың төрт айында 400 дауды қарау аяқталған. «Біз медиацияны дамыту бойынша жұмыстарды одан әрі жалғастыруға ниеттіміз. Сол үшін де азаматтар арасындағы кикілжіңдерді тез әрі тиімді шешуге барлық жағдайды жасауға тырысамыз», дейді.
Тентегін тыйып, бітпейтін дау қуғандарды бітімгершілікке шақыратын дәстүр қазақта бұрыннан бар. Мүмкін медиацияны да сол бабалар салтының бүгінгі жалғасы деп атауға болатын шығар. Қоғам қайраткері Мәдина Ғабдісәлімова барлық мәселе отбасында деген пікірін айтады. Үйінде ұлағатты тәрбие көрген ұл-қыздан жамандық шықпайды, отбасы институтын нығайтатын шараларды әлі де жетілдіре түсу керек секілді.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ