1997 жылы Қазақстан хирургтерінің I конгресінде елімізде Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтын ашу туралы мәселе көтеріліп, оның қажеттілігі алқалы жиын қабылдаған қарарда да көрсетілген болатын. Содан кейінгі 3-4 жыл ішінде мақсатты түрде атқарылған ұйымдастыру-құру жұмыстарының нәтижесінде 2001 жылы Астанада аталған институт дүниеге келді. Елордада тұсауы кесілген осынау орталық, бүгінде травматология және ортопедия саласының көшбасшысына айналды. Астананың Арқа төсіне орнығуы отандық медицинаның өрістеуіне, тынысының кеңеюіне жол ашқаны айқын.
Астанада алғаш хирургтердің конгресі өткенде практик дәрігерлер, зерттеуші ғалымдар елімізде жарақаттануды азайту мен алдын алу мәселесімен түбегейлі айналысатын ғылыми орталықтың қажеттігін салалық министрлікке баса айтты. Содан сөзбұйдаға салынбай, аталған институт ашылып, 15-16 жыл ішінде қыруар жұмыс атқарылды. Әрине тыңнан ғылыми-зерттеу институтын ашып, оның жұмысын жолға қою оңай іс емес. Дегенмен сол күндерден бері ұжымның басшылығында келе жатқан ірі ғалым Нұрлан Батпеновтің іскерлігі мен ұйымдастырушылығының арқасында қиын да, қызықты, жемісті де жеңісті жылдар артта қалды. Институт кішкене ғана ортопедиялық бөлімшеден ірі ғылыми-клиникалық және оқыту орталығына айналды. Ә дегенде Ресейдің іргелі Н.Приоров, Г.Илизаров атындағы, Новосібір ғылыми-зерттеу институттарымен байланыс орнатуының арқасында көптеген мамандар тәжірибеден өтіп, даярланып шықты.
Медицинада күн өткен сайын ізденістер болмаса, алға жылжу мүмкін емес. Институт мамандары мұрын мүмкін еместей көрінетін операцияларды жасайтын болды.
Өңірде ауыл шаруашылығымен айналысатын адамдардың жұмыс барысында жарақат алып, айлап төсекке таңылып қалатынын зерттеген профессор Гелен Цой ортопедия-травматология саласында осы тақырыпта екі бірдей диссертация қорғаса, профессор Әлібек Әбдірахманов кеуде сүйектерінің туабітті сколиозға ұшырауына операция жасау тәжірибесін енгізді. Көп ізбасарларын даярлап, оларға 5 доктор, 18 кандидаттық диссертация қорғатты. Бұл жұмыстың әрқайсысы пациенттер өмірінің сапасын арттыруға бағытталған. Мәселен, профессор Николай Орловскийдің буын мен сүйек сынуында көрсетілетін жедел және жоспарлы көмектердің сапасын арттыруда атқарған ізденістері, сондай-ақ профессор Жанғали Хамзабаевтың остеопорозды емдеудегі нәтижелерімен бірге бірқатар ауруларды ультрадыбыстық диагностикалаудағы жетістіктері бір төбе.
Осы ретте эндопротездеудегі «Каz НИИТО моделінің» орны өзгеше. Оны институттың өзінде ғана емес, шетелдердің майталман мамандары мойындап, қолданып жүр. Жоба авторы, институт басшысы, ҰҒА академигі Нұрлан Батпеновке осы жұмысы үшін Мемлекеттік сыйлық берілді. Бұрын протез салынып жатқан кезде сүйек ішіндегі қысымның жоғарылауы қиыншылық туғызса, бұл әдіс қайта қысымды төмендетуге мүмкіндік берді. Бекіту әдісінің де артықшылығы бар. Міне, сондықтан осындай жақсы бір өлшемдерінің арқасында, Каz НИИТО толық мойындалды.
Нұрлан Батпенов 11 монография, 700-ден астам ғылыми мақалаларды жазумен бірге 32 оқу-әдістеме құралының, 95 авторлық патенттің иесі әрі ғалымның жетекшілігімен 8 докторлық, 20-дан астам кандидаттық жұмыс қорғалып шықты.
Институтта саланың дамуына өзгеше серпін берген бірнеше орталық ашылды. Соның бірі – ортроскопия орталығы. Бұл екі бөлімшені біріктіріп, буындарға ауыр жарақат түсірмейтін кіші инвазиялық операциялар жасаудағы республикадағы алғашқы қарлығаш болды. Қазіргі уақытта 1500-ге дейін ірі буындарға ортроскопиялық операциялар жасалады. Нәтижелері де көңіл қуантады. Екіншісі, ірі буындарды эндопротездеу орталығы. Оның құрамына 4 бөлімше кіріп отыр. 2016 жылы жаңадан омыртқа патологиясының орталығы ашылды. Мұнда да 4 бөлімшеде білікті мамандар жұмыс істеуде.
«Бұрын егде жастағы адамдардың жарақаты болғанда көп қарайлайтынбыз, ал қазір жілік басын алып тастап, орнына эндопротез салуды үйреншікті алмастыруға жатқызатындай жағдайға жеттік. Пациенттердің арасында 100 жасқа таяп қалғандары да бар. Біздің институтта басталған осы операциялар қазір облыс орталықтарындағы ауруханаларда жасалады. Мәселен, кіші инвазивті операцияларда дәрігер артоскоп, эндоскоп арқылы қарап отырып буынға кішкентай ғана тілік жасап, ішіне енеді. Мүмкіндігінше сау тіндерді сақтап, оған зарар тигізбей, тек ем-шарасын жасайды. Буынның ішіндегі жарақаттанған шеміршекті тігеді немесе алып тастайды. Буын ішіндегі әртүрлі байламдарды тігеді. Қажеттілік туса, оны пластикалық материалдармен алмастырады. Буын бетін қаптап тұрған шеміршекті алмастыруда хондропластика қолданылып, алдын ала пациенттің өз жасушасын өсіру арқылы жарақатқа ұшыраған тінін алып тастап, қолдан өсірілген пациенттің өз тінімен алмастыру атқарылады. Бұрын ортан жілік сынса, үлкен тілік жасайтынбыз. Жұмыс барысында пациенттен біраз қан кетіп, қан құю жүргізілетін, операциядан кейін пышақ тиген жердің ауқымы да біршама болып, аурудың жанына бататын. Қазір басқаша, тіліктердің көлемі әрі кетсе 3-4 см шамасы», дейді орталықтың ғылыми хатшысы Ерғали Нәбиев.
Сонымен бірге ұршықты (вертельді) протездеу қолданылып жүр. Бүгінде әлі де еңбек ете алатын жас адамдар үшін мұның маңызы үлкен. Себебі мүмкіндігінше жілік басындағы сау тіндер сақталынып, ұршықты протезбен біраз уақыт жүре алады, ал кейін қажеттілік туғанда оны басқа ірі протезге алмастыруға болады.
Ерғали Нұғманұлының айтуынша, қандай да операция өткеннен соң пациенттің іріңді-қабыну процесіне ұшырауы мүмкін. Қанша жерден санитарлық норма сақталса да, бұл – болатын дүние. Сондықтан операциядан кейін, әсіресе эндопротездеуден соң іріңді асқынуларды емдеудегі технология жетілдірілуде. Бүгінде антибактериалды қасиеттері бар заттарды қолдануда дүние жүзінде күміске қызығушылық туып отыр. Күмістің табиғатында антисептикалық қасиет бар. Мұны бабаларымыз да білді. Жаңа туған баланы шомылдырғанда суға күміс салады. Біздің ғалымдар күмісті зарарсыздануға қолдануды қарастырып жатыр. Бірақ қандай мөлшерде қолдану керек, ағзаға улы кері әсерін тигізбеу үшін қанша уақыт ұсталуы керек деген бағытта зерттеулер жүруде.
Жалпы институт республика бойынша денсаулық саласындағы жаңалықтар мен жақсы әдістемелерді тарату мен үйретудің үйлестірушісі болып келеді.
– Травматологияның бір ерекшелігі түрлі протездерді бекітуде, басқа да технологияларды қолдануда көптеген металл құрылғылар, бұрандалар, шегелерге дейін пайдаланылады. Ұжым мүшелері ойлап тапқан, қазір қолданылып жүрген металл бұйымдардың барлығы шетелдерде жасалды. Әйгілі «Каz НИИТО» Германияда, ал өзіміз ойлап тауып, ұсынған ортан жілік пен тоқпан жіліктің сынығын бекітетін құралымызға Польша зауыттарына тапсырыс берудеміз. Бізде арнайы шеберхана жоқ. Бірақ Шығыс Қазақстан облысындағы металл зауыттарымен меморандумға отырып, өзіміз ойлап тапқан құрылғыларды шығаруды қолға алуды көздеп отырмыз. Елімізде отандық металдан жасап, қазақстандық танталмен қаптап шығарсақ, пациенттер үшін протездің құны да арзандайды әрі отандық дәрігерлер мен құрастырушылардың әлеуетін де әлемге танытатын үлкен шаруа болмақшы, дейді Е.Нәбиев.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»