Қазір жаһанда қатерлі өскіндердің таралуы бойынша бас және мойын қатерлі ісігі 6-орынды иеленеді. Қазақстанда жылына бас және мойын қатерлі ісігімен 2 мыңнан астам адам ауырады. Өкініштісі олардың басым бөлігі дерт меңдеп, аурудың III–IV кезеңіне жеткенде ғана көмекке жүгінеді.
Кесірлі кеселден емдеудің тиімді әдістерінің бар болғанына қарамастан, диагноз қойылған соң 1 жылдың ішінде науқастар арасындағы өлім-жітім 50 пайызға жетіп отыр. Алайда ем уақытында көрсетілсе, өмір сүру мүмкіндігі 80-90%-ды құрайды. Бас және мойын ісігімен ауыратын науқастар арасындағы өлімнің басты себебі – кеш қойылған диагноз. Кеш диагностика себебінің бірі халықтың ауру мен оның даму қаупі туралы мағлұматтардан хабардар болмауы. Келесі бір себеп – медициналық қызметкерлердің білім деңгейінің жеткіліксіздігі мен түрлі мамандықтағы дәрігерлер арасында іс-қимылдың тиімді үйлестірілмеуі.
Осы мәселеге орай, Алматы қаласында бас және мойын ісігін ерте диагностикалау мақсатында онколог-дәрігерлердің қатысуымен «Бас және мойын ісігін ерте диагностикалау» тақырыбында баспасөз жиыны өтті. Бұл шара бас және мойын ісігін ерте диагностикалау еуропалық апталығының аясында атқарылды.
Баспасөз мәслихатында онкологтер бас және мойын ісігінің алғашқы белгілері, қауіптің негізгі факторлары мен аталған аурудың алдын алу шаралары жайында, сонымен қатар Қазақстанда бас және мойын қатерлі ісігін алып тастаудағы бірегей ота туралы сөз қозғады. Кездесуге Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтында (ҚазОРҒЗИ) ота жасалған науқастар да қатысты. Аталған институт директоры Қазақстанда онкологиялық ауруларды емдеу тегін екендігін ескертті.
Институттың бас және мойын өскіндері орталығының профессоры Ғалым Әділбаев пен директордың ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары, медицина ғылымының кандидаты Дәурен Әділбай осы мәселе төңірегіндегі өзекті жайттармен бөлісті.
Мамандар стоматологтер мен отоларингологтерді оқыту мамандардың онкоқауіпсіз болуына мүмкіндік беретіндігін алға тартуда. Олар қауіпті белгілерді байқаған жағдайда жедел зерттеу жүргізіп, уақытында диагноз қою мүмкін болмақ. Осы арада 2015 жылы Қазақстан Еуропалық бас және мойын қатерлі ісіктерін зерттеу қоғамдастығы құрамына (The European Head and Neck Society (EHNS) енгенін еске сала кетуге болады. Бұл 2006 жылы бас және мойын қатерлі ісіктерін зерттеу үшін құрылған және бүкіл әлем мойындаған мультдисциплинарлы ұйым болып табылады. Еуропалық бас және мойын қатерлі ісіктерін зерттеу қоғамдастығы (EHNS) бас және мойын аурулары саласындағы сарапшылар арасында біліммен бөлісуді ынталандыру және зерттеудің жоғары стандарттарын ұстану, білім алу мен оқыту, аурудың алдын алу және науқастарға қарауды негізгі мүддесі ретінде ұстанады.
Еуропалық апталық екі кезеңнен тұрады. Яғни Қазақстан мен Ресейдің басты онкологтері тарапынан отоларингология және стоматология салаларындағы мамандарды оқытады. Бұл бас және мойын қатерлі ісігін ерте диагностикалаудағы кампанияның бірінші кезеңі. Қазақстанның алты қаласында, Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Ақтөбе және Семей қалаларында стоматологтер, ЛОР-дәрігерлер мен онкологтер бас және мойын қатерлі ісігінің ерте кезеңін диагностикалау әдісі бойынша оқытудан өтеді.
Екіншіден, Қазақстанның әрбір тұрғыны бас және мойын тұсындағы жаңа өскіндерді ерте бастан анықтау үшін, созылмалы қатерсіз патологияларды диагностикалау бақылауынан өте алады. Мамандардың мультидисциплинарлы командасының тегін бақылауы биыл 17-23 қыркүйек аралығында өтеді. Мамандар мұндай тегін тексерілуге алдын ала 8 800 080 05 58 нөмірі арқылы жазылып, қаралуды ұсынып отыр. Бұл шаралар 1 тамыз бен 23 қыркүйек аралығында жүзеге асады.
Өткен жылғы осындай кампания шеңберінде 811 науқас бақылаудан өткен. Нәтижесінде 123 адамда бас және мойын патологиялары анықталған, оның 29-ына қатерлі ісік диагнозы қойылған.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ