Естай (азан шақырып қойған аты Есмағанбет) жайында жазылған еңбек көп емес. Ауызша жеткен естеліктер, жазбаша жеткен сұхбаттар, өмірі мен шығармашылығына байланысты бірлі-жарым ғылыми, танымдық мақалалар бар. Баспадан жарық көрген кітаптарда да, ел аузынан жиналған әңгімелерде де «Естай парасатты адам еді» деген сөз жиі кездеседі. Қазір тоқсанға келіп отырған әншінің немересі Зекен Жанәбілқызы он сегізге келіп ұзатылғанша Естайдың қолында болыпты.
«Бала кезімде бұла боп өстім, деген екен Естай ақын. – Ағам Нұрмағанбет көрші ауылға тойға бармақшы еді, мен де барамын деп қиғылық салдым. Он-он бір жастардағы кезім. Нұрмағанбет мені ертпей, ауылдың бір топ жігітімен бірге атқа мініп тартып кетті. Ерегісіп артынан жаяу шықтым. Төңіректің бәрі қамыс, қопа. Қас қарая адастым, зәрем кетті. Көз байланды. Қамыстан шыға бере жанып тұрған екі көз көрдім. Қасқырдың көзі түнде жанады дегенді естігенім бар, жылап жібердім. Бірақ сол жанып тұрған көзге қарай жүре беріппін. Жақындай келе үйдің терезесінен көрінген шам екенін түсіндім. Есік алдында Жеміс әулие жүр екен.
– Естай, қайдан жүрсің? – деді.
– Ағамның соңынан тойға келдім, – деймін.
– Сен енді оларды таппайсың, бүгін осы үйге қон. Таңертең ауылыңа қайтарсың, – деді.
Ұйқыдан тұрған соң Жеміс әулие: – Естай, сені жел есіп өтеді, ескен желде несібең бар, атақты адам боласың, – деді. Ауылдың бір аттылы адамына мінгесіп ауылға қайттым. Жолда самал жел есіп өткендей болды, аттан түскенде әуендетіп, ән салып түстім» деген екен немересіне айтқан естелігінде әнші.
Естай 1873 жылы Павлодар уезі, Ақкөл болысы, Бұрымтал ауылында дүниеге келген (кей деректерде 1868 жылы деп жазылған).
2011 жылы Қазақ ұлттық өнер университетінің жанынан құрылған фольклорлық орталықтың басшысы Базарәлі Мүптекеевке Ақкөл-Жайылмада Естайдың көзін көрген әнші, қиссашы Кәкен Тәшімов деген ақсақал бар, сол елде болған өнерпаздар жайында, Естай туралы көргенін, естігенін таспаға түсіріп алу керек деген ұсыныс айттым. Базарәлі (марқұм) өзі де Жетісу мен Сарыарқаның даласын кезіп жүріп ел ішінде танылмай қалып қойған талай өнерпаздың үнін алтын қорымызға табыстаған жан еді, мені бірден қолдады. Көненің көзі Кәкен ақсақалдан Ақкөл-Жайылма өнерпаздары туралы ел арасында сақталған деректерді алып қайттым. Ақсақалдың айтуынша, Ақкөлде өнерпаз көп болған. «Әнші – Ахметтің Мұфтиі, Исақтың Ақышы, Төлеубайдың Шаяхметі, Сәбиттің Қожаны, күйші әрі домбыра шебері Әлхамбек, ақын – Досмақтың Ғаббасы (пұшық Ғаббас), қиссашы Ыбырайдың Темірболаты, ағайынды Әбдірахманның Тәшімі, Әшімі бар. Тәшімнің орындауында «Жер мен көктің жаралғаны», «Еңлік-Кебек», «Әзіреті Әлі», «Ермек», «Қалқаман-Мамыр», «Кесік бас», «Күлше мен Назымбек» сияқты жиырма бес қисса білуші еді. Кәкен ақсақал сол жолы бізге «Күлше мен Назымбек», «Кесік бас» қиссаларын және «Балқадиша», «Қарғам-ау» әндерін айтып берді. Домбыраны ғажап тартады, Байғабыл арқылы жеткен Естайдың ән бастардағы «қара шертісін» сұлу қайырды. Сексеннен асқан қарияның әнді жас адамша жинақы, қалықтатып салғанын көргенде таңғалдым. Мін жоқ! «Мен ән салуды Мүфтиден үйрендім, Естайға ән салғызу қиын еді», дейді қария. «Есекең, қисса айтпайтын, тыңдағанды ұнататын. Бірде қораның артына шықсам Естай мен Ахметтің Мүфтиі көгалда көрпе төсеп әңгімелесіп отыр екен, жақындап келгенімде, «әй, бала, жүгіріп барып домбыра алып келе ғой», деді Естай. Домбыраны Мүфтиге ұстатты. Мүфти әнді малдасын құрып отырып айтты. Ән әуені жоғарылап көтерілгенде ол да орнынан тұрып кете жаздап, ән салқындап бәсеңсігенде орнына қайта отырады екен. Ұзақ шырқады. Естай, «Па, шіркін!» – деп Мүфтиді қоштап отырды. Исақтың Ақышын талай тыңдадым. Естайдан әнді кем салмаушы еді. Бұлар Естаймен табақтас, дәмдес болған өнерпаздар.Осыны көзім көрді», – деді көнекөз.
Ақкөл-Жайылмада ертеден қалыптасқан әншілік дәстүрдің бар екеніне бір дәлел Мұстафа Бүркітбайұлының «Бүркітбай» әні. Мұстафа Баянауыл жақтан келіп осы өңірден өзіне ұнаған тамаша әншілік үлгі көргенін былай баяндайды:
Ақкөлге барғанымда әнге салдым,
Елінен Қанжығалы өрнек алдым.
Баласы Сүйіндіктің әнге құмар,
Уілін, ырғағымен алып қалдым.
Бұл ән салу шеберлігіне, вокал мәдениетіне, ән композициясына бас июі.
Мұстафа Естайдан әлдеқайда бұрын туған композитор. Оның Ақкөлдің әншілік мектебін өзіне үлгі тұтып, мұнша жоғары бағалауынан сол өңірде қалыптасқан, тамаша әншілік дәстүр болғанын бағамдауға болады. Мұстафа Бүркітбайұлының «Бүркітбай» әні екінің бірі шырқап салатын жеңіл туынды емес. Әншінің шебері ғана айта алатын күрделі ән. «Бүркітбай» әні осы дәстүрдің тамаша ескерткіші ретінде Қали Байжановтың айтуымен А.В.Затаевичтың «Қазақтың 1000 ән-күйі» жинағында хатқа түскен және Бисмилла Балабековтің орындауында үн таспасы сақталған.
Осыдан-ақ Естайдың, онымен замандас әншілердің Ақкөл-Жайылмада ежелден қалыптасқан ән ордасының түлегі екенін айқындай түседі.
Әкесі Беркінбай өмірден ерте өткеннен соң, туған ағасы Нұрмағанбеттің панасында өскен Естай жоқшылық көрмейді. Ауылдағы Жақып деген молдадан сауат ашады. Анасы Күлипа «...ақын, адуын мінезді жан» («Өзіңдей боп жан тумас», Р.Тоқтаров) болыпты. Немере ағасы Төлеубай қажы ел ішінде абыройлы, төңірекке белгілі адам болады да, Естайдың ел алдына шығып өнерпаз болуына үлкен ықпал етеді.
«Он бес-он алты жастар шамасында Төлеубай ағама еріп Қоянды жәрмеңкесіне бардым» – деп немере інісі Қыздарбек Әміреновке айтқан екен. Сол сапарда ақын Шөже мен әнші Жарылғапбердіні көріпті.
«Шөже соқыр, көзі көрмейді. Жарылғапберді бірнеше ән шырқады, ішінде «Ағаш аяқ» әні де бар. Ел әншінің өнеріне тәнті болды. Осы жерде Төлеубайдың әнші інісі бар, шығарсын топ алдына деп Ертіс мырзасы Бердалының Исасы бейіл білдірді. Қолыма домбырамды алып, «құласаң нардан құла» – дегендей мен де «Ағаш аяқ» әнін шырқап салдым. Сол жерде отырған біреу «қайсысы жақсы айтты?» – деді. Иса мырза: «Естайдың бір қайырымы артық болды»,– дегені бар еді» («Естай. Ақынның ақырғы сапары», Ж.Қоғабаев). Ақсудың болысы Бердалының Исасы жас әншіні меселі қайтпасын деп көтермелеп жіберсе керек.
Естай он жетіге келгенде әйгілі Біржан салмен кездескені туралы әңгімені Ақкөл-Жайылма төңірегіндегі ақсақалдардың көбі біледі. «Шыман қажының шаңырағына, сал Біржан түсіпті» – деген сөз ел ішін дүр сілкіндірген сенсация болса керек. Сол сауық кешке қажының тапсырмасымен Естайды алдырады. Біршама әнді сілтеп болып, Біржан сал: – Мен жолдан шаршаңқырадым, енді кезекті сіздерге берейін, – дейді.
Сол жерде отырғандардың біреуі Төлеубайдың жігіті келді депті. Қажының тапсырмасы бойынша Естай сал Біржанның келуіне байланысты арнау өлең шығарып, әндетіп сәлем береді.
Ассалаумағалейкүм, Біржан аға.
Сыналдық қажы үйінде бар ма шара?
Көрсетпей қалай қызмет тұра аламын,
Жол берсе кезек сұрап сіздей дара,
– деп, зор дауысты жас жігіт асқақтатып салады. Сұлу үн отырғандарды елең еткізсе керек. «Үлкендердің бірі «бала қалай?» – депті Біржанға. Біржан: «дауысында аруақ бар, заманында әнге басқалы тұр екен» – деп баға берген екен. Бұл шамамен 1889, 1890 жылдар болса керек. Ақкөлден аттанғанда Біржан сал Естайды өзімен ертіп ала кетеді. Үш ай қасында ұстайды, ән үйретеді. Жиырма жастар шамасында Ақан серіні көреді.
Естай мен Қорланның кездесуі, олардың арасындағы махаббат туралы деректер Ахмет Жұбанов, Сапарғали Бегалин, Қайым Мұхаметханов еңбектерінен кездеседі. С.Бегалин мен Қ.Мұхаметхановтың естеліктерінде көп айырмашылық жоқ. Әңгіменің барысы былай болған:
«Естай бастаған жолдастарымен келген күйеуді қайынжұрты құрметпен қарсы алады. Күйеу келген ауылда ойын-сауық басталады. Маралдының ел билеушілері, руы қыпшақ Сұңқар деген болысы, Сұлтан деген биі болады екен. Сұлтанның бой жеткен Хұсни, Қорлан атты екі сұлу қызы бар екен. Осы екі бойжеткен құдашалар той-думанның ортасында болады. Той-думанның гүлі әрі әншісі, әрі ақын, сегіз қырлы жас жігітке Қорланның көңілі ауады. Естай да қызды ұнатады. Сөйлеседі, сырласады. Қорланның айттырып қойған жері бар екен. Сүйіскен екі жас сол жолы серттесіп, сөз байласады. Естай келесі жылы Қорланды алып қашпақ болып, Қожахмет деген жолдасымен Қорланның көрші ауылына жасырын келеді. Сұлтан ауылының Естайға тілектес Әбділдә, Нұрғазы деген жігіттері де бар екен. Үшқамыс көлін жайлап отырған Сұлтан ауылын қанша қорыса да қызға жолыға алмайды. Ақыры істің сәті түспейді. Бұлардың сырын сезіп қойған Сұлтан құдасына хабар айтып, Қорланды тездетіп ұзатып жібереді. «Қорлан» әнінің тарихы қысқаша осылай екен» («Екі кездесу», Қ.Мұхаметханов, 52-бет).
Қорлан сұлуға қолы жетпей шерменде болған Естай ақын «Айырылдым ғашық жардан Құдай алмай, Құр ішім толғай беред жылай алмай» – деп күңіренеді. Жас жүрегін ән тербеткен Естайдың тұла бойын өкініш, қайғы билеп кетеді. Ақкөлден Маралдыға жеткенше қиялында мәпелеп келген Қорлан сұлу алып жүректен ән болып туады.
Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын,
Құдайым берген екен күн мен айын.
Мұратқа іздеген жан бәрі жетпес,
Дариға жете алмадым не қылайын.
Жиырма жасына дейін Арқаның айтулы әншілерінің бірегейіне айналған Естай «Қорлан»-дай шедевр әнді осылай өмірге әкеледі. «Қорлан» – Естайдың тырнақалды туындысы. Ән, Естай есімін әйгілеумен қатар, қазақ халқының ән мәдениетін бір белеске көтерген теңдесі жоқ музыкалық шығарма ретінде мойындалады.
«Қорлан» әнін айтып шығу үшін кантиленаның шебері болу керек. Яғни кең төгілтіп, дыбысты үзбеу қажет. Бұл Естайдың сол кездегі хал-күйі ыза мен өкінішке толы болғанымен, Біржанның да, Ақанның да тәрбиесін көрген әншінің кемеліне келгенінің белгісі. Сол себепті бұл әнді орындауға көп әншінің батылы бармайды, шеберлігі жетпейді.
«Қорлан» тумысы бөлек жанның бітімі бөлек туындысы, қазақ әнінің көкжиегін кеңейтіп поэма деңгейіне көтерген шығарма. Композициясы қазақ әндерінің көне үлгісінен бөлек. Әннің бір тональностен екінші тональноске уақытша көшетін тұстары бар. Бірінші шумақ қайырмаға ұласады, қайырма әдеттегі ән қайырмасының шарттарын толық бұзып, қайырма мен шумақ араласып кеткендей өзгеше форма құрайды.
Қорланға арнап шығарған әндерінің бірі «Бір мысқал» (Қорланның сипаты)
Көзінің қаралығы қарақаттай,
Сөзі бар ақ қағазға жазған хаттай.
Көзіндей құралайдың ойнақтатып,
Арман не соны құшқан адамзатты-ай.
Ақ көйлек, қызық камзол, лағыл етік,
Отырмын ғашық жарды өлең етіп.
Шіркін ай «Хұсни-Қорлан» деген шақта,
Алдымнан шығар ма едің көлбең етіп...
«Қорлан» мен «Бір мысқал» әндері Естайдың композиторлық, әншілік өнерімен қоса ерекше дарынды ақын болғанының белгісі.
«Бір мысқал» музыкалық формасы жағынан сол кез үшін ол да Естай енгізген жаңалық. «Бір мысқал» композитордың жас кезінде 20 мен 25 жас аралықтарында шыққан болса «Жайқоңыр» мен «Назқоңыр» Естайдың егде тартқан шақтарында шыққан әндер. Естайдың «Қаракөз», «Сандуғаш», «Ақжалмаш», «Юран-ай» әндері де композитордың жігіттік дәуірінен қалған белгі.
«Қаракөз» әнінің басы сазды келіп, қайырмасы ойнақы мелодияға құрылған. Бұл да тыңдаушының құлағынан кетпейтін соқталы туынды. Әннің қысқаша тарихын С.Бегалин автордың өз аузынан естіген екен. «Естай бірде жолы түсіп Омбы шаһарына барады. Сол жолында Қыпшақ ауылының белгілі адамы Жансары деген байдың үйіне қонады. Үй иесі Естайдың әнші екенін білген соң «қонақкәде» ретімен өлең айтқызады. Жансарының бойжеткен Қаракөз деген қызы бар екен, сол Естайға ән қолқасын ұсынып, бірнеше ән айтқызады. Естай аттанып кетеді. Бірақ қыздың көркі Естайдың көкірегін кернеп, ой толғанысына жетелейді. Сол Омбы жолының өзінде «Қаракөз» әнін шығарады» («Естен кетпес ешқашан» С.Бегалин).
«Сандуғаш» әні табиғаты жағынан «Қорланға» жақын. Ол да сызылтып, үзбей салуды қалап тұрады. Әнді түсінбей шошаңдатып айтатындарға қол емес. «Ақжалмаш» әнінің музыкасы Естайдың еш әніне ұқсамайды. Бұл бір оқшау тұрған шығарма. Бір қарағанда, жаңа заман әндерінің басы секілді көрінеді. Әннің ортан белінен асқанда ғана ескішелеп қазақы көне тәсілдерге ауысады.
Халық арасына кең тараған әнінің бірі «Жайқоңыр».
Ертістің арғы жағы – Арқанаты,
Әншінің домбырасы – қолқанаты.
Жағалап қара Ертісті Естай ақын,
Деп салған «Жайқоңырға» әннің атын.
Жиырма бес кеткенің бе бір қарамай,
Мен жүрмін осы күнде ат жарамай.
Отыз бен қырық бестің арасында,
Басушы ем аяғымды генералдай,
– деп жігіт кезін, жігіт ағасы болған кездерін сүйсініп еске алады. Жиырма бес, отыз бен қырық бес – деп келе жатып тоқтағанына қарағанда, ән елулер шамасында шыққан. Ән характерінен, сөз мәтінінен серіліктің лебі есіп тұр. «Жайқоңыр» ойнақтатып, желдіртіп айтқанды қалап тұратын ән.
«Юран-ай» Майра Шамсуддиноваға арналған ән дейді көз көргендер. Өнертану ғылымдарының кандидаты З.Қоспақов: «Естайдың өмірі мен шығармашылық қызметі» деген мақаласында 1988 жылы «Қызыл ту» газетінде шыққан материалға сүйене отыра «Юран-ай» әні жайында мынадай дерек береді. «Көркем, сұлу бейнелі, қазақ әнін асқақтата шырқайтын осы бір ақсары ноғай қызы Естай ақынның жүрегінен орын алады. Ол оған арнап «Юран» әнін шығарады. Майраның бүркеншік аты Нюраны Естай қазақ қыздарының Еран, Гүлжан, Раушан аттарына ұйқас етіп, Юран деп алған».
Естай жиырма бестен аса ән шығарған екен. «Қоштасу» соңғы әні.
Сері боп, сайран салып, дүние көрдік,
Сал Біржан, Ақан сері қасына ердік.
Тағдыр сол өткен өмір қайта оралмас,
Шау тартып, тұралайтын халге келдік.
Ақының, әншің болып еркеледім,
Кешегөр, қош аман бол ардақты елім.
Естайдың болады енді сөзі тамам,
Ақтық сөз, айтылған хош,осы менің.
Жетпіс үш жасқа келгенде Естайдың сырқаттануы жиілеп кетеді. 1946 жылдың қаңтар айында ауданға шақырту алады. Естай ауырып жүреді де жолға шықпайды. Шақырту қағазы қайта келген соң, Тоғайбайдың Оқасына ат жектіртіп екеуі сол кездегі аудан орталығы Краснокутскіге жүріп кетеді. «Үстіне киген тұлыбы бар, ағам шанаға отырды. Көшірі Оқас. Олар қозғалып кетті, мен үйге кіріп біршама уақыттан соң қайта шықсам, жеңгем Есекеңнің артынан әлі қарап тұр екен.
– Жеңеше, неге тұрсыз? Салқын тиіп қалады, үйге кіріңіз, – дегенімде;
– Ағаңды шығарып салып тұрмын ғой, деп теріс айнала берді» –деп Қыздарбек ақсақалдың естелік айтқаны бар. Естай екі рет үйленеді. Бірінші әйелі ауырып қайтыс болады. Одан екі ұл, екі қыз қалған. Баланың үлкені Жанәбілден және Күләй, Кәнтәйдан қалған ұрпақ бар. Жанәбіл Екінші дүниежүзілік соғыстан оралмаған. Кенжесі Жәкөш он сегіз жасында Омбы мен Ақкөлдің арасында қатты боранда адасып мерт болған сияқты. Ол 1931,1932-жылдар. Анығы белгісіз. Жәкөштің ақындығы туралы ауызекі айтылған естеліктер бар. Өзімнен асады деп ерекше жақсы көрген екен.
Естай орта жасқа келіп қалғанда әмеңгерлік жолмен Зағишаға үйленген. Зағиша ерекше сұлу адам болды дейді көргендер.
Бір-бірін қадірлеп өткен көрінеді. Немересі: «Естай атам мен Зағиша апамның татулығы, сыйластығы қандай еді...ондай адамдар қайда...» – дейді.
Естай аудан орталығына жеткеннен кейін нашарлап қалады. Дәрігерлер жағдайының ауыр екенін ескертеді. Ақкөлге жетудің енді қиынға түсетінін сезгеннен соң, Чкалов совхозының 2-бөлімшесінде тұратын жақын інісі Кәрібайдың үйіне апарады. «О дүниелік болып кетсем сүйегімді елге сүйремей, осы жерге қойыңдар, Қорлан берген жүзікті де өзіммен бірге жерлеңдер», деп аманат айтқан деседі. 1946 жылы наурыздың 15-і күні Куйбышев ауданында (қазіргі Ақтоғай ауданы) Біржан, Ақанға шәкірт, Байғабыл, Жүніс Шәймардановқа ұстаз болған, теңдесі жоқ композитор өмірден өтеді. Сол күні ақынның жары Зағиша да Ақкөлде дүние салған екен.
Қайрат АЙТБАЕВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты