Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданына қарасты Жаңабұлақ ауылдық округінде «Өркен» атты коворкинг орталығы ашылды. Ағылшынның co-working – «бірлесе жұмыс істеу» ұғымынан шығатын мұндай орталықта ауыл жастарының бас қосып, бос уақытын көңілді әрі пайдалы өткізуіне жағдай жасалған.
Ауылдағы модульді кітапхана базасында ашылған коворкинг орталығы 4 алаңнан тұрады. Соның бірі «Relax» аймағында бос уақытты тиімді өткізуге – караокемен ән айтуға, домбыра, гитара шертуге, өнер, музыка тақырыбында кітап оқуға, тоғызқұмалақ, шахмат, тағы басқа ойын ойнауға болады. Ал «Kids coworking center»-де балалар қауіпсіз сайттарды пайдаланып, қолөнер үйірмесіне қатысады, қуыршақ театрының қойылымдарын тамашалайды. Ал «Рухани жаңғыру» алаңында түрлі форматтағы кітапханалық-ақпараттық ресурстарды пайдалану, шеберлік-сабақтарын, зияткерлік ойындар, дәрістер өткізу қарастырылған.
Осы алаңдағы English club-та «Латын әліпбиі графикасы», «Компьютерлік сауаттылық», «Шығармашылық атмосфера» бұрыштары жасақталған. Open-space ашық кеңістік алаңы wi-fi аймағы ретінде пайдалануға беріліп, мұнда бизнес-серіктестік, іскерлік құжаттар жасақтауға болады екен. Орталықта «Киноман», «Мультиман» клубтары да жұмыс істемек.
Жаңабұлақтағы жаңа орталықтың ашылу салтанатына Астанадан «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының төрағасы Нұрлан Өтешов, Батыс Қазақстан облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Аян Сақошев, Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының директоры Шолпан Оразғалиева, Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Звайда Өтешова, бөлім, мекеме басшылары, жастар, ауыл тұрғындары қатысты.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы кітапханалық ресурстарды цифрлы форматқа көшіруді талап етеді. Және ауыл кітапханалары тек қызмет көрсету мекемесі емес, заман талабына сай ауылдағы зияткерлік демалыс орнына айналуы тиіс. Ашылған орталық осының айғағы, – деді Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы