Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Щучье-Бурабай» курортты аймағында болып, жаңадан салынған бірқатар туристік нысандарды аралады. Елбасына өңірдің туристік кластерін, атап айтқанда Щучье-Бурабай курорттық аймағын, «Абылай хан» алаңын, «Ақ бура» курорттық аймағын және басқа да нысандарды дамытуға арналған жобалар таныстырылды. Сонымен қатар Қазақстан Президенті «Promenade Burabay» нысанының құрылыс жоспарын көрді. Нысандармен танысқан соң Н.Назарбаев еліміздегі туризмді дамытуға жауапты басшылардың есебін тыңдап, бірқатар тапсырмалар берді.
Бурабайдың көгілдір қырқа жоталарымен көктей өтіп, Оқжетпестің өзімен бой таластыратын, әлемде сирек кездесетін осы заманғы талаптарға сай трамплин алыстан көз тартады. Бұл нысан – жалғыз тау шаңғысы ғана емес, еліміздегі туризмнің дамуына айрықша серпін беретін нысан. Трамплинді шаңғы спортының республикалық базасының аумағы 125,54 гектарды құрайды. Құрылыс жұмыстары екі кезеңмен жүзеге асырылды. Бірінші кезеңде аумағы 111 гектарды алып жатқан шаңғы базасы іске қосылса, екінші кезеңде 90 жəне 125 метрлік трамплиннен секіру нысаны пайдалануға берілді. Мәдениет және спорт министрлігінің ғаламат шаңғы базасы үстіміздегі жылдың наурыз айында ашылған болатын. Кешенді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы таныстырып көрсетті. Бұл шаңғы базасы қысы-жазы жұмыс істейтін болады. Аталмыш спорт кешенін салуға барлығы 38 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Шаңғы базасы қысқы спорт түрлері (шаңғы жарысы, биатлон, тұғырдан секіру) бойынша əлемдік талаптарға сай салынған. Нысанға шаңғы жолы, 90 жəне 125 метрлік биіктіктен секіру тұғыры (трамплин), 200 орындық қонақ үй, 250 орындық асхана, жүзу бассейні, дəрігерлік-сауықтыру орталығы кіреді.
Мемлекет басшысының сапары кезінде жаңа шаңғы базасында 200-ден астам спортшының оқу-жаттығу жиыны өтіп жатқан болатын. Қазақстанның трамплиннен секіру спортының ең мықты хас шеберлері пайдалануға беріліп отырған жаңа кешеннің өте сапалы екендігін өздерінің шеберліктерімен көрсетті.
Елбасына «Туристік Қазақстан» бағдарламасының алдағы уақытта жүзеге асырылуы және «Щучье-Бурабай» курортты аймағын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин баяндап берді.
Баяндамаларды тыңдаған соң Мемлекет басшысы Қазақстанның туристік әлеуетін арттырудың өзектілігін айтты.
– Осыған дейін туризмді дамытуға толық мүмкіндігіміз болмады. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Жағдайы бар қазақстандықтар шетелдердегі курорттарға барып демалып жүрді. Ендігі уақытта Қазақстанның көркем жерлерін отандастарымызға ғана емес, шетелдіктерге де көрсететін уақыт жетті. Туризмді экономиканың бір саласы деп есептеуіміз керек. Қазір «Щучье-Бурабай» курортына қатынауға барлық жағдай жасалған. «Астана-Бурабай» автобаны салынды. Темір жол бар. Көкшетаудың әуежайы жұмыс істеп тұр. Енді Бурабай кентінің ішкі жолдарын салып, абаттандырып, демалушыларға қолайлы жағдай туғызуымыз қажет. Бұл облыс әкімінің шаруасы. Жалпы, Бурабайда ғана емес, Имантау, Шалқар, Баянауыл, Түркістанда да туризмді дамытуды қолға алуымыз қажет. Түркістан туризмді дамытуға өте қолайлы. Ең бастысы, инфрақұрылымды дұрыстауымыз керек. Мен барлық облыстық әкімдіктерге тапсырма беремін, Бурабай курорты туристердің арқасында бюджетке табыс әкелетін болады, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде.
Елбасы бүгінде 10 туристік аймаққа баса назар аударылатынын айтты. Олар – Имантау, Баянауыл, Түркістан, Алматы облысы, Шарын шатқалы, Алакөл, Каспий жағалауы және басқалары. «Бурабайдан кейін Имантау-Шалқар курортты аймақтары бар. Павлодар облысында Баянауыл курортының әлеуеті зор. Түркістан ерекше маңызға ие. Ол жерде жақсы туристік орталық қалыптастырумыз керек. Туризм Түркістанда қазірдің өзінде бар. Әр жыл сайын оған 1,5 миллионға жуық турист келеді», – деп атап өтті Н.Назарбаев. Мемлекет басшысы Алматыдағы тау шаңғысы курорты және Шарын шатқалы туралы да айтып өтті.
– Егер біз инфрақұрылымды салатын болсақ, бұл көлемді көбейтуге әбден болады. Алматы облысындағы тау шаңғысы курорты туралы айтып отырмыз. Оны алдағы уақытта барынша дамыту қажет. Бұл жөнінде жоспар да, идея да бар. Шарын шатқалын елімізде білмейтін адам кемде-кем. Тіпті шетелдіктердің өзі оны Солтүстік Америкадағы атақты шатқалмен салыстырады. Біз еліміздің сұлу табиғаты туралы жиі айта бермейміз. Сондықтан, мұны мықтап қолға алу қажет, – деді Елбасы.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы туристік нысандарға субсидия бөлу көзделіп отырғанын атап айтты.
– Туристерді бәсекеге қабілетті баға болғанда ғана тарта аламыз. Экономиканың осы саласына зор мән беруіміз керек, – деді Қазақстан Президенті.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин Нұрсұлтан Назарбаевқа елімізде туризм саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыс туралы баяндап берді.
– Сіздің тапсырмаңызға орай, Үкімет «Қазақстан туристері ағыны» мемлекеттік жобасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде. Жобаның 7 басым бағыты бар. Онда туризм саласында бәсекелестікті өрістету мәселесін түбегейлі шешіп, ел экономикасының 33 саласын біріктіру көзделіп отыр. Біздің негізгі мақсатымыз 2023 жылға дейін қазіргі экономикадағы туризмнің үлесін 1,9 проценттен 8 процентке дейін ұлғайту, – деді Асқар Мамин.
Оның ойынша, болашақты болжаған көрсеткіш әлемнің жақсы дамыған мемлекеттерінің деңгейінде болмақ.
– Қазіргі кезде құрамына 60-тан астам туристік объекті кіретін туристификация картасы әзірлену үстінде. Осы топқа кіретін 10 туристік жобаны жүзеге асыру үшін 70 пайызы жеке инвестор есебінен қаржыландырылатын құны 21,4 триллион теңге инвестиция тарту қажет, – деді бірінші вице-премьер.
Сонымен қатар А.Мамин еліміздегі туристер ағынын арттыру барысындағы жоспарымен бөлісті.
– 2023 жылдарға қарай біз туристер ағынын 2 миллион адамға жеткізуді көздеп отырмыз. Бұған қоса ішкі туризмді 500 мың адамнан 2 миллион адамға, яғни төрт есеге арттыруға күш саламыз, – деді Үкімет басшысының орынбасары.
Ал Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өз сөзінде Бурабай курортын дамыту бойынша қолға алынған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мәселесіне тоқтала келе, әйгілі Голливуд продюсерлері көркем табиғаттың кестелі бейнесін сомдап, деректі фильм түсіруге қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.
Бурабай баурайындағы жасалып жатқан игі шаралар ел туризімінің одан әрі дамуына соны серпін беретіндігі анық.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы