Астанадағы «Алтын Орда» бизнес орталығында «Қазақстан және басқа да елдердің ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерінің әлеуеті мен перспективалары» атты халықаралық форум болып өтті.
Форумның негізгі мақсаты – Қазақстан агроөнеркәсібі саласында халықаралық ынтымақтастықты кеңейту. Форумды өткізуге бастамашылық жасаған «Қазақ елі» халықтық палатасы басқармасының төрағасы Бақытбек Нұғыман өзінің құттықтау сөзінде еліміздің аграрлық секторы – экономикамыздың қозғаушы күші болып табылатындығын атап көрсетті. Осыған байланысты, Елбасымыз қазіргі заманауи жетістіктерді қолдана отырып, алдағы бес жылда агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігін екі жарым есе арттыру мақсатын алға қойып отыр. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерліктің дамуы арқылы еліміздің дамыған отыз ел қатарына қосылуына үлкен жол ашылмақ.
«Біздің «Қазақ елі» халықтық палатасының басты мақсатының бірі агроөнеркәсіп кешенінің дамуына жәрдем жасау. Халқымыздың басты байлығының бірі, ол – біздің жеріміз. Біздің жеріміздей табиғи байлығы мол жерге ие еліміздің әлемнің дамыған мемлекеттеріндегідей өмір сүру деңгейіне жетеріне сеніміміз мол. Сол себепті өз жерімізде өніп шыққан таза азық-түлікті тұтынып, үлкен өндіріс кешендерін тұрғызсақ, әл-ауқаты жоғары, дені сау ұрпақ тәрбиелейтінімізге сенім зор. Осыған орай біз денсаулық саласын дамытуға да қолғабыс тигізуді өзімізге мақсат етіп алдық. Таза өнім – денсаулық кепілі. Ал дені сау, білімді, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелесек, бұл біздің жарқын болашағымызға айналары анық», деді Б.Нұғыман. Ол денсаулық сақтау саласындағы шетелдік озық тәжірибелерге мән берумен қатар халық медицинасының тиімді тұстарын да жетілдіре берудің қажет екендігін атап өтті.
«Қазақ елі» халықтық палатасы, «Жібек жолы» сауда палатасы секілді қоғамдық ұйымдардың қолдауымен өткізіліп отырған халықаралық агрофорум қазақ даласының төрі – ару Астананың 20 жылдығымен тұспа-тұс келді. Сондықтан мұнда осы уақыт аралығында Астананың төрткүл дүние көз тіккен көптеген әлемдік және халықаралық форумдардың мекеніне айналғаны да айтылды. Жер-жаһанға Астанадан ақжолтай ақпарат таратылып, бас қаламыздың мәртебесі мен мерейі талай асқақтағаны рас. Қалай болғанда да, осы уақыт өлшемінің ішінде Қазақстан халқының ерен еңбегінің нәтижесінде Азияның осынау бөлігінде салтанатты жаңа қаланың бой көтергендігін шетелдерден келген қонақтар таңдай қаға тамсана айтып жатты.
Форумда Л.Н.Гумилов атындағы ЕҰУ-дің профессоры Ж.Тайбазаров пен Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы Ғалым Байназаров баяндама жасап, келушілерге Қазақстан агроөнеркәсіп кешенінің даму динамикасы және оған қаражат салған шетелдік инвесторларды қолдаудың заңды тетіктерімен таныстырды.
Басқосу барысында Экономикалық ынтымақтастықтың еуразиялық ұйымы Бас хатшысының орынбасары Дже Жан (ҚХР), «Invictus Trading» директорлар кеңесінің төрағасы Крис Йохансен, «Нуро Vorarlber» компаниясының қызметкері Ольга Хеникшнабль және басқалары сөз сөйлеп, өз ойларымен бөлісті.
Басқосу барысында бірлескен өндірісті инвестициялаудағы, қазіргі сауда жүйесіндегі, Қазақстанның барлық аумағындағы аграрлық сектор дамуына бағытталған капиталдың еркін айналымындағы ынтымақтастықтың перспективалары қаралды.
Форум жұмысына Еуропа мен Азия құрлықтарының (Норвегия, АҚШ, Италия, Нидерланд, Аустрия, Қытай және басқалары) өздерін Қазақстанның аграрлық секторына қаржылық қолдаушы ретінде көрсетіп жүрген жиырмадан астам ірі компаниялардың, еліміздің барлық облыстарының агроөнеркәсіп кешенінің орта және шағын бизнес өкілдері қатысты. Сондай-ақ еліміздің мемлекет және ғылым қайраткерлері, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, БАҚ пен мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері де шақырылып, пікірлерін ортаға салды.
Шараның соңында форумның ұсынысы қабылданып, агрофорумға қатысушы кәсіпкерлермен бірлескен меморандумға қол қойылды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»