Боинг дыбыстан да жылдам ұшатын әуе кемесін жасайтынын мәлімдеді. Компания өкілдерінің айтуынша, заманауи жаңа үлгідегі ұшақ сағатына 6000 шақырым қашықтықты бағындыратын көрінеді.
NBCnews арнасының деректеріне қарағанда, мұндай жылдамдықпен Нью-Йорк пен Лондон арасын екі сағат ішінде ұшып өтуге болады. Яғни жаңа әуе кемесі әлемнің кез келген түкпіріне санаулы сағаттың ішінде жеткізеді.
Боинг компаниясының дыбыстан жылдам ұшақ жасау жөніндегі аға ғылымы Кевин Боукаттың айтуынша, қазіргі таңда уақыттың құны жоғары. «Адамзат әрдайым жылдамдықты жақсы көріп, кез келген нәрсені тез аяқтауға талпынады. Сіз уақытты қайта әкеле алмайсыз, сондықтан оның құны өлшеусіз», дейді ол.
Әзірге жаңа ұшақтың аты қалай болатыны белгісіз. Бірақ компания өкілдері оның қарапайым ұшақтардан әлдеқайда жылдам ұшатынына, тіпті дыбыспен жарысқан Конкордтан да жылдам болатынына уәде беріп отыр.
Естеріңізде болса, бұған дейін де дыбыстан жылдам ұшақ жасалған-тұғын. Франция мен Ұлыбритания тарапы бірлесіп жасаған Конкорд, Кеңес үкіметі құрастырған Ту-144 әуе кемелері көкке көтерілген. Алайда мұнай бағасының көтерілуі мен билет құнының қымбаттығы салдарынан ондай ұшақтардың қызметі тиімсіздік туғызды. Әзірге Боинг компаниясы бұл мәселеге қатысты қандай шара қабылдайтынын нақты айтқан жоқ.
Үңгірге қамалғандар құтқарылдыТаиландта үңгір аралап жүріп жоғалып кеткен балаларды құтқару операциясы сәтті аяқталды. 12 футболшы бала мен олардың бапкері аман-есен сыртқа шығарылды.
Естеріңізде болса, осыдан бірнеше күн бұрын Тхам Луанг үңгірін аралауға кеткен балалар футбол командасы мен оның бапкері ізім-ғайым жоғалған болатын. Кейінірек олардың үңгірге қамалып қалғаны анықталды. Толассыз жауған жаңбыр Тхам Луангты суға толтырып, шығар жолды жауып тастаған. Жоғалғандарды іздестірген құтқарушылар балаларды он күннен кейін ғана тапты. Балалар үңгірдің түбінде, 4 шақырым қашықта қамалып қалған.
Балалардың қайда қалғанын анықтағанмен, оларды құтқару оңайға соққан жоқ. Алғашқы күні 4 баланы ғана құтқаруға мүмкіндік туды. Екінші күні тағы 4 бала жер бетіне шығарылды. Қалғандары үшінші күні ғана дін-аман отбасымен қауышты.
Жалпы, құтқару операциясы 8 шілдеде басталды. Оған мыңнан аса адам, 90 сүңгуір тартылды. Сүңгуірлер балалар орналасқан жерден үңгірдің кіреберісіне дейін арқан керіп, балаларды алып шығатын жол әзірлеген. Төрт шақырымға созылған үңгірде құтқару жұмыстарын жүргізу оңайға соққан жоқ. Сүңгуірлер арқан кергенімен балалардың су астында қимылдауын, арнайы құралдан демалуын үйретуге де біраз уақыт кетті. The Guardian басылымының хабарлауынша, құтқарушылар 8 сағат бойы суық суда тік тұрып жұмыс істеуге мәжбүр болған.
Оқиға бүкіл әлем назарын аударды. Шартараптың баспасөзі құтқару операциясының орындалу барысын жарыса жазды. Тіпті SpaceX компаниясының негізін қалаушы Илон Маск та оқиға болған жерге барып, балаларды құтқаруға қатысты өз ұсынысын да жасап көрген-ді. Ол балаларды зымыранның қалбырынан жасалған қаптамамен алып шығуды ұсынды. Алайда құтқарушылар И.Масктың заманауи идеясынан гөрі қалыптасқан дәстүрлі құтқару тәсілін пайдалануды жөн санаған.
Жапония халқы орасан зардап шектіЖапонияда су тасқынынан 179 адам қаза тауып, 70-ке жуығы іс-түзсіз жоғалды. Бұл – кейінгі он жылда болған ең қайғылы апатқа айналып отыр.
Толассыз жауған жаңбыр салдарынан туындаған тасқыннан әлі де көптеген адам зардап шегуі мүмкін. Осыған байланысты елде 8 миллионнан астам тұрғын үйлерін тастап, қауіпсіз жерге көшірілді.
BBC арнасының мәліметіне сүйенсек, 270 мың үй жарықсыз, сусыз қалған. Әсіресе, Окаяама, Хирошима және Яамагучи аймақтары орасан залалға ұшыраған. Елдегі 23 аудан тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру жүргізіліп жатыр. Мыңдаған адам уақытша мектеп залдарында тұрақтады. Айта кету керек, соңғы рет су тасқынынан мұншалықты көп адам 1982 жылы қаза тапқан болатын.
Төтенше апаттан зардап шеккендерді құтқару жұмысына 75 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Олардың қатарында өрт сөндірушілер, әскерилер де бар. Тіпті, Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абе де шет елге іссапарын кейінге қалдырып, тасқынның салдарымен күресуге бел шеше кірісіп кетті.
BBC арнасының хабарлауынша, тасқын болған аумақтарда жауын әдеттегіден бірнеше есе көп жауған. Сондықтан тасқын су бой бермей, талай жанның өмірін жалмаған көрінеді.
Шолуды дайындаған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»