• RUB:
    4.85
  • USD:
    444.14
  • EUR:
    477.05
Басты сайтқа өту
Үкімет 12 Шілде, 2018

Инвестициялық ынтымақтастық нығая түседі

365 рет
көрсетілді

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев елімізге жұмыс сапарымен келген Швейцарияның федералдық кеңесшісі және экономика, білім беру және зерттеулер федералды департаментінің басшысы Йоханн Шнайдер-Амманмен кездесіп, Қазақстан мен Швейцарияның инвестициялық ынтымақтастығының келешегін талқылады. 

Екеуара кездесуде Б.Сағын­таев еліміздің энергетика, көлік, ша­ғын және орта бизнес сала­лар­ындағы тығыз әрі өзара тиім­ді ынтымақтастыққа, сондай-ақ жаңа технологиялар мен ноу-хау трансфертін реттеуге қызығу­шы­лық танытатынын атап өтті. Бү­гінгі таңда Қазақстанда швей­ца­рия­лық компаниялардың қаты­суымен машина жасау, құрылыс, агроөнеркәсіп және тау-кен металлургия кешендері салаларындағы жобалар сәтті іске асырылуда.

Сонымен қатар Премьер-Ми­нистр елімізде ше­тел­дік инвестор­лар үшін елеулі салықтық және кедендік жеңіл­дік­тер мен қолайлы инвестициялық ахуал жасалғанын айтты.

Атап өтерлігі, 2017 жылдың ба­сынан бері елімізде Швейцария азаматтары үшін 30 күндік визасыз режім енгізілді. Қабылданған шаралар алдағы жылдары Қазақ­стан экономикасына инвестиция­лар салып, технологиялар транс­фертін жүзеге асырушы Швей­цария кәсіпорындары қатарын ұлғайтуға жол ашады.

Ал Қазақстан мен Швей­ца­рия­ның іскерлік кеңесінің аясында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берген Йоханн Шнайдер-Амман Қазақстанның стратегиялық әріптес ретінде Швей­царияда жоғары бағалана­тындығын атап өтті. Сондай-ақ достық пен сенімге негізделген қарым-қатынастар аясында екі елдің бизнес өкілдерінің өзара тиімді келісімдерге қол жеткізу ықтималдығына тоқталып өтті.

– Швейцариялық бизнес өкілдерінің Қазақстанға қызығу­шы­лығы жоғары. Мен Қазақстанға осы­дан бес жыл бұрын алғаш рет кел­генімде адамдардың санасы оң өз­герістерге бейім екендігіне, бо­лашаққа зор ұмтылыстарына көз жеткізген болсам, бұл жолғы сапарымда елде кәсіпкерлік рухының қалыптасып, кемелденгендігіне куә болып отырмын. Кеше Ақтау портына барғанда ел дамуының шынайы бет-бейнесін көргендей болдым. Міне, Қазақстанның осы жетістіктері Швейцария биз­несінің келуіне жол ашады, – деді Йоханн Шнайдер-Амман.

Жалпы, өткен жылдың қоры­тын­дысы бойынша Қазақстан мен Швейцария арасындағы тауар айналымы 3,2 млрд АҚШ долларын құрады, бұл көрсеткіш 2016 жылға қарағанда 21 процентке артық. Ал 2018 жылдың қаңтар-мамыр айларында тауар айналымы 1,14 млрд долларды құраған.

Оған қоса 2005–2017 жылдары Швейцариядан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 20,6 млрд АҚШ долларына жеткен. 1 мамырдағы жағдай бойынша елімізде швей­цария­лықтардың қатысумен 436 заңды тұлға, бөлімшелер мен өкілдіктер тіркелген.

Йоханн Шнайдер-Амман 2016 жылы Швейцария президенті лауазымын атқарған тұлға. Сондай-ақ әр жылдары Швейцарияның машина жасау, энергетика және басқа да маңызды салаларындағы азулы компанияларды басқарған.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»