Сөзімді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылы Алматыда өткен Дүниежүзі қазақтарының І Құрылтайында: «Біздер талай-талай оқиғалардың куәсі болған асқар таулар мен ұлан-ғайыр даланың түлегіміз. Бұл – біздің сан буын бабаларымыздың кір жуып, кіндік кескен жері, көл жазира өңіріміз, атадан қалған байтақ мұрамыз, алтын босағамыз», деген лебізінен бастағым келеді. Иә, ХХ ғасырдағы әр түрлі аласапыран мен саяси қуғын-сүргіндердің салдарынан мыңдаған қазақтар атамекендерін тастап, бас сауғалап, шетелдерге кетуге мәжбүр болды. Өкінішке қарай, өз елінен алыстап, әлемнің әр түкпірінде шашырап жүрген сол қандастарымызбен байланыс жасау, олардың басын қосып атажұртқа әкелу мәселесі ұзақ жылдар бойы қолға алынбай келген еді. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ұшан теңіз.
Жалпы Кеңес Одағының құрамында болған республикалардың ішінде шетелдегі өз отандастарына жан-жақты қамқорлық жасауды бірінші болып қолға алған Қазақстан екендігін ризашылықпен айта кеткеніміз жөн болар. Олай дейтініміз, егемендікке ие болған күннен бастап Елбасы жүргізген салиқалы саясаттың арқасында өз тарихи Отаны – Қазақстанға 1 миллионға жуық қазақ бауырларымыз оралды емес пе. Бүгінгі күні олардың еліміздің гүлденіп өркендеп өсуіне, тіліміз бен өнеріміздің және демографиялық ахуалымыздың дамуына өз үлестерін қосып жатқаны жұртшылыққа жақсы мәлім.
Сөз орайында, ағайындардың елге оралуы мен олардың орналасуына сол кездегі Еңбек министрлігінің құрамынан алғаш Көші-қон бөлімін ұйымдастырған Саят Бейсеновтің еңбегі зор дер едім. Сондай-ақ, 90-жылдары осы көші-қон мәселелерімен тікелей айналысқан азаматтарды айтпай кету мүмкін емес. Олар: Есмұқанов Ғазиз, Камалиев Памир, Рақымжанов Нұрлан, Ізбанов Мұхит, Әбішев Қабылсаят, Қонақбаев Марат, Қаржаубаев Аслан, Құсайынова Ғалия, Доғалов Амангелді және тағы басқа әріптестеріміз. Сондай-ақ жергілікті жерлерде оралман ағайындардың дұрыс орналасып, сол ортаға сіңісіп кетулеріне қамқор болып, көмек көрсеткен Омаров Базарбек, Қалжанұлы Түменбай, Әбдіқалықов Идаят, Сабаншиев Бағжан, Ұлтанбаев Кемел, Мұрынова Жанат, Медеубаева Ғазират, Аужанов Болат, Мұқияев Орал, Жақсылықұлы Мұхит, Әлихан Амантай, Болат Заут, Сансызбай Құрметбектің есімдері ел есінде.
Егемендікпен басталған ұлы көштің басы-қасында болған сол кездегі шетелдік азаматтарға да рахмет! Бұл бауырларымыз бүгін Қазақстан Республикасының маңдайалды азаматтары болып отыр. Олар бір кездегі Моңғолияның Премьер-министрінің орынбасары қызметін атқарған тарих ғылымының докторы Зардыхан Қинаятұлы, Моңғол халық Хуралының депутаты болған ғалым Сартқожаұлы Қаржаубай, Қытайдан атамекеніне келіп ғылым докторы атанған Мәсімханұлы Дүкен, Ресейден көшіп келген ғалым Қабылдинов Зиябек, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогика университетінің оқытушысы, ғылым докторы Баймолда Досан және тағы басқалары.
Үлкен көштің ұлы көшке айналуына себепкер болған азаматтардың есімдері ел есінде қалары сөзсіз. Еліміздің егемендігімен қатар келген 20 жылдық мерейтойымыз құтты болсын! Елге ел қосылып, халқымыздың мерейі көтеріліп келе жатқан бүгінгі жағдайымызға тәубе дейік, отандастар!
Марат ТОҚСАНБАЕВ, Ішкі істер министрлігі Көші-қон полициясы комитетінің
қызметкері.
Астана.