20-31 тамыз аралығында Будапештте бокстан жастар арасындағы әлем біріншілігінің жалауы желбірейтіні белгілі. Венгрияның бас шаһарына қанша өреніміздің аттанатыны жайында біз бұған дейін толық мағлұмат бергенбіз. Ал күні кеше айтулы жарыста бақ сынайтын Қазақстанның қыздар құрамы анықталды.
Осы спорт түрін серік еткен бойжеткендер арасында дүбірлі додалардың ұйымдастырылып жүргеніне небәрі жеті-сегіз жылдың ғана жүзі болды. Мәселен, әлем біріншілігінің тұсауы тұңғыш рет 2011 жылы Түркияның Анталия қаласында кесілді. Жастар мен жасөпірімдер буыны өкілдерінің басын біріктірген бәсекеде Айдана Арапбай (70 кило) алтыннан алқа тағынса, Айсәуле Тайыр (50 келі), Валентина Хальзова (75 кило), Тоқжан Сыздықова (+80 кило), Назым Қызайбай (48 кило), Назым Төлеуова (54 кило), Жәнел Іңкәрбекова (75 кило), Ольга Титаренко (81 кило) және Оксана Ухарева (+81 кило) қола медальды иеленді. Осылайша алғашқы жарыстың өзінде медальды «күреп» алған Қазақ елінің қыздары әлем жанкүйерлері алдында өздерінің зор әлеуетін әйгіледі.
2013 жылғы дүниежүзілік дода Болгарияның Албена деп аталатын теңіз жағалауында орналасқан курортты қаласында өтті. Бұл жарыстан да жерлестеріміздің қоржыны толып қайтты. Атап айтсақ, Гауһар Ермекбай (60 кило) чемпиондық атаққа қол жеткізсе, Айдана Арапбай (60 кило), Назерке Жұрғараева (46 кило), Әсел Асқарова (48 кило), Балауса Мұздиман (54кило), Любовь Хасиева (66 кило) және Ақмарал Шамшидинова (80 кило) күміс алды. Тағы тоғыз боксшымыз үшінші тұғырға табан тіреді.
2015 жылы Тайпейде өткен әлем біріншілігінде Балауса Мұздиман (54 кило) мен Надежда Рябец (63 кило) топ жарса, Баян Ақбаева (69 кило), Ләйлә Құсайынова (63 кило) және Дина Исламбекова (80 кило) финалда ғана сүрінді. Тағы жеті жерлесіміз қола медальды мойнына ілді.
2017 жылы жастар арасындағы дүниежүзілік доданы Үндістанның Гувахти қаласы қабылдады. Айтулы жарыста 38 мемлекеттен келген 190-ға жуық былғары қолғап шебері бақ сынады. Бұл жолы 81 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Арайлым Бекділдәға тең келер ешкім табылмаса, Жазира Орақбаева (48 кило) мен Дина Исламбекова (+81 кило) күміспен күптелді. Ал Жансая Әбдіраимова (51 кило) мен Жансая Балтабекова (60 кило) қола медальды иеленді.
Үнді елінде өткен жарыстың командалық есебінде жергілікті спортшылар алдарына жан салмады. Олар бес салмақ дәрежесі бойынша бас жүлдені олжалады. Қос алтыны бар Ресей құрамасы екінші орынға жайғасса, Қазақстан үшінші сатыға тұрақтады. Сондай-ақ, АҚШ пен Оңтүстік Кореяға бір-бір алтыннан бұйырды.
Келесі айда Венгрияда жалауы желбірейтін жастар арасындағы әлем біріншілігінде Қазақстанның қыздар құрамасы сапында мына боксшылар жұдырықтасады: 48 кило – Әнел Құдайберген, 51 кило – Жансая Әбдірайымова, 54 кило – Айзада Еслямғали, 57 кило – Еркежан Дәулетжанқызы, 60 кило – Мария Гладкова, 64 кило – Жұлдыз Тоикова, 69 кило – Мария Бейсебаева, 75 кило – Надежда Рябец, 81 кило – Гүзәл Садықова және +81 кило – Дина Исламбекова. Командамыздың алға қойған негізгі мақсаты – жалпы есепте үздік үш команданың қатарынан көріну.
Естеріңізге сала кетейік, ұлдар арасындағы жарыста Махмуд Сабырхан (49 кило), Кәрім Серкебаев (52 кило), Бейбарс Жексен (56 кило), Рахат Сейітжанов (60 кило), Талғат Шәйкен (64 кило), Ермахан Жақпеков (69 кило), Нұрбек Оралбай (75 кило), Сағындық Туғамбаев (81 кило), Айбек Оралбай (91 кило) және Дамир Тойбай (+ 91 кило) сынды өрендеріміз шаршы алаңға шығады.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»