«Егемен Қазақстан». 2003 жыл. Сейсенбі, 16 желтоқсан.
Тұғырлы бол, тәуелсіздік!
«Егемен Қазақстан» газетінің осыдан 8 жыл бұрынғы, яғни 2003 жылдың 16 желтоқсанындағы мерекелік нөмірі «Тұғырлы бол, Тәуелсіздік!» атты үлкен айдармен ашылып, оның астына ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қаз тұрып, қадам басқан Тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап, осынау он екі жылдың бедерінде айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді, дәуір жалынан мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білді» деген сөзі берілген. Мұнан кейін «Тәуелсіздік – тәтті сөз» атты тақырып бойынша халқымызға танымал, өмірдің әр саласында үлкен табыстарға жеткен бірнеше азаматтың «Мемлекет Тәуелсіздік жариялаған күні біз қандай едік және ол сүйінішті хабарды қалай қабылдадық?» деген сауалдар бойынша ой-пікірлері келтіріліпті. Соның бірі жазушы Сәкен Жүнісов былай дейді: «Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап, егемендік алды», деген хабар тарап жатқанда Мәскеуде жүр едім. Сонда сүйікті туындым «Ақан сері» кітабының екінші томы шығайын деп жатқан болатын. Шынымды айтайын, жеке мемлекет болу деген ойды біртүрлі тосырқап қабылдадым. Әп дегенде басыма: «Қазақстанға осы қиын-ау», деген ой келді. Себебі, біздегі жағдай басқа республикалардай емес, бөтен ұлттың өкілдері көп қой. Сондықтан да жеке ел болып кетуіміз қиын-ау осы, қалай болар екен деген көңіл-күй жетегінде болдым. Мұндай ойға келуіме сол кездегі Мәскеу халқының көзқарасы да әсер етті. Оны баспа орындарында, кітап саудасында бірден сезіндім. Оған мысал: романым шығатын баспаға барғанымда олар: «Қазір кітап мәселесін қоя тұрамыз», деді. Жазушылардың кітап дүкеніне барып Дальдың төртінші томын алайын деп жатсам: «Сіз Қазақстаннансыз. Біз бере алмаймыз. Енді оны өз еліңізден аласыз», деген сөзді естідім. Бұрын біз қалаған кітабымызды ала беретінбіз. Соның өзі де бір салқындылықты ма, жаратпаушылықты ма сездіргендей болғаны бар. Бұрын достықпен тұрған адамдардың жігі ашылып кетпей ме деген ой ғой... Келе-келе бәріне де бой үйреттік. Күдік, үрку сезімдерінен арылып, Тәуелсіздікті табиғи түрде сезіне бастадық. Әлі де сол түзелу, даму үрдісінде жүріп келеміз. Енді жеке ел болып кететіндігімізге әбден көзіміз жетті. Бұл Тәуелсіздігіміздің және қоғамдағы демократиялық дамудың қалыптасуына сенім мол, үміт көп деген сөз». Ал Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров бәріміз бір орталыққа тәуелді болып отырғанда қазақтың талай дарабоз спортшылары орталықтың аузына қарап, талай айтулы додаға қатыса алмай, қатысса да қазақ деген халықтың перзенті екендігін айта алмай, аузы буылып қала бергендігін айтады. Ал Тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген майталман спортшыларымыз олимпиадаларда көк байрығымызды желбіретіп, «Қазақстан» деген қасиетті сөзді естірткенде, өзінің бақытқа бөленетіндігін жеткізген. Тәуелсіз ел – қазағым! Тәуелсіз боп артты халқым сенімі, Мұз боп қатқан қайғы-мұңым еріді. Ақ шыңдары тауларымның биіктеп, Кең тыныстап, ұлы далам кеңіді. Жер бетіне қайта шықты алтыны, Көлдерімде жүзді аққу, қалқыды. Толқын атып дарияларым тасыды, Тау өзені, ақбұлақтар шалқыды. Тіршілікке бас көтерді жан-жағым, Тәуелсіз ел! Басталды енді арманым, Тұлпар мініп, ел бастады Азамат, Күллі әлемдік жүк көтерді, Нарларым!!! Тәуелсіздік жетті бізге бесінде, Айым туды, Жұлдыз жанған көшімде. Алматыда атқа қонды Абылай, Кенесары атқа қонды Есілде! Мен – Ақынмын! Үлесім бар менің де, Тәуелсіздік орнағалы Елімде, Төле би мен Қазыбек би, Әйтеке, Үш би отыр Астанамның төрінде! Өлеңімен айтып өскен арманын, Халқым үшін тартса-дағы сан зарын, Сан қаламгер – тәуелсіздік құрбаны, Қайта оянып тірілгендей Мағжаным! Тартса тағдыр тауқыметті азабын, Сонда-дағы көрдік өмір ғажабын, Бәріне де Тәубе бүгін, шүкір деп, Майдан салар елдігі үшін қазағым! Халқым айтқан: жер көтерер ер даңқын, Елім айтқан: ер көтерер жер даңқын, Президентім – Аман болғай Елбасы, Мәңгі жаса! Мәңгі жаса өр халқым!!! Тауымыз бар, таңырқатқан шыңымен, Ұл-қызындай даламыз бар – ұлы, кең. Алдарыңда басымды иіп өр халқым, Құттықтаймын Тәуелсіздік күнімен!!!Шөмішбай САРИЕВ.
Әзірбайжан халқының адал перзенті
Гейдар Алирза оғлы Алиевпен қоштасу рәсіміне қатысу үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бакуде болды
Газет тілшісі Сейфолла Шайынғазының осындай тақырыппен берілген репортажында 2003 жылдың 15 желтоқсан күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бауырлас ел Әзірбайжан халқының біртуар перзенті әрі тәуелсіз ел президенті Гейдар Алиевті соңғы сапарға жөнелту алдындағы қоштасу рәсіміне қатысу үшін Баку қаласына ұшып келгендігі жайлы айтылады. «Н.Назарбаев отырған кортеж Баку қаласынының орталығындағы «Республика» сарайының алдына келіп тоқтады, деп жазады тілші. Осы жерде Қазақстан басшысын Әзірбайжан Республикасының Премьер-министрі Артур Раси-заде күтіп алды. Сондай-ақ Н.Назарбаев осы «Республика» сарайы жанында жиналған журналистер алдында қысқаша сөз сөйледі. «Г.Алиев өзінің өмірін өз ұлтының және түркітілдес халықтардың бастарын біріктіру ісіне арнап, оған үлкен үлес қосты, деп атап көрсетті Нұрсұлтан Әбішұлы. Менің қазіргі ТМД мемлекеттері президенттер арасынла Алиевпен достығым 25 жылға созылды. Ол тамаша саяси қайраткер болатын. Сол сияқты кез келген уақытта жолығысып, ақылдасуға болатын данагөй адам еді. Бүгін Әзірбайжан халқы қадірлі перзентінен айырылып отыр. Сонымен бірге, Гейдар Алиев халықтың тұрақтылықты сақтау мен өркендеу жолында бір-бірімен бірігуін де соңына өсиет, аманат ретінде қалдырып кетті. Біз қайғыларыңызға ортақпыз, марқұмның жаны жанатта болып, Алланың рақымы түссін» депті Қазақстан мемлекетінің басшысы. «Бакуден қайтар жолда Қазақстан басшысы «Бина» халықаралық әуежайының VIP залында Гейдар Алиевпен қоштасу рәсіміне қатысу үшін Мәскеуден арнайы ұшып келген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесіп, қысқаша әңгіме өткізді. Кездесу кезінде дүниеден өткен Гейдар Алиевтың атына жылы сөздер айтылып, көрнекті мемлекет қайраткері ретіндегі оның рөліне жоғары баға берілді. Сондай-ақ, әңгіме барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты қарым-қатынастар барысы талқыланып, Қазақстанның Ресейдегі жылының қорытындылануы мен В.Путиннің таяу күндерде Қазақстанға келетін ресми сапары әңгіме арқауына айналды» делініпті репортажда.Жақып Ақбаевтың дипломы табылды
Журналист Алмас Темірбайдың осы тақырыппен берілген мақаласында Алаш тарихында өзіндік орны бар қайраткер, халқымыздан шыққан тұңғыш заңгер, әмбебап тарихшы Жақып Ақбаевтың Санкт-Петербург Императорлық университетін бітіргендігі жөніндегі дипломы Омбының мұрағат қорларынан табылғандығы жөнінде айтылады. Дипломды тапқан адам – Алаш ардақтыларының бірі Қошке Кемеңгерұлының шөбересі, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы Қайырбек Кемеңгер. – 1998-2000 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғылыми қызметкер бола жүріп, жұмыс бабымен Омбы қаласының мұрағаттар қорына кіруіме жақсы мүмкіндік туды, – деп болған оқиға жайлы журналиске әңгімелеп берген Қайырбек Кемеңгер Жақып Ақбаевтың дипломын сол кезде тапқандығы туралы айтады. – Бұл диплом ешқандай көшірме емес. Нақ түпнұсқаның өзі. Қазіргі өлшеммен айтқанда А-3 форматының көлеміндей. Яғни, кәдімгі «Қазақ әдебиеті» газетінің бір бетіндей. Дипломның қағазы өте сапалы. Фотосуреттен де қалың. Жұқа картонның қалыңдығындай деуге болады. Беті – сызат түспейтіндей жып-жылтыр. Бұл құжат Жақып Ақбаевқа байланысты көп іс папкаларының біреуінде жатыр екен, – депті. «Назқоңырдың» сазындай Астанадағы Президенттік мәдениет орталығында белгілі қылқалам шебері Қазыбек Әжібекұлының жеке көрмесі сәтті өтті Суретші Жеңіс Кәкенұлы осындай тақырыппен берілген көлемді репортажын ең алдымен суретші Қ.Әжібекұлының өзін оқырмандарымен таныстырудан бастапты. Ол 1986 жылы Н.Гоголь атындағы көркемсурет училищесін, 1993 жылы Т.Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтын бітірген. 1997 жылдан бастап Суретшілер одағының мүшесі. Оның «Жеті жарғы» картинасы Президент резиденциясында ілінген. 2000 жылы Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығына ие болады. «Шығармашылығына аға буын өкілдері, ұлттық айшықтағы суретшілер – Таңсықбаев, Телжанов, Кенбаев, Айтбаевтың мәнерін белгілі бір дәрежеде сіңіре отырып, өз жанында қорытып, көрермен еш жаңылмай танитындай өз қолтаңбасымен картиналарын халыққа ұсынады» делінген репортажда. «Көрерменнің мол жүгін көтеріп тұрған, масштабы өте кең екі сурет бар екен. Олар «Күлтегін» және «Ұлы кеңес» атты шығармалары. Екеуінің композициялық шешімдері ұқсас. Көрермен назары хан-сұлтандар, би мен батырлардың биік еңселеріне түсіп, көтеріле-көтеріле шарықтау шегіне жеткенде – соңғы пландағы табиғат, әшейіндегі асқақ Оқжетпес, Бурабай, Көкше сонау етекте қалғанына қайран боласың» деп жазыпты суретші туралы пікірінде Жеңіс Кәкенұлы. Репортажда басқа да өнер иелерінің, суретшілердің өз әріптестері туралы пікірлері кеңінен қамтылған. Солардың бірі бұрыннан дос құшақтары ажырамаған, тіпті палитрасы да кейде араласып кететін үзеңгілесі, Қазақстан Суретшілер одағындағы Жас суретшілер бірлестігінің төрағасы Сембіғали Смағұлов былай депті: – Қазыбекпен сонау студенттік күндерден біргемін. Сол кезде-ақ болашағының жемісті болатынын сезетінбіз. Жатақханада, елеусіздеу бұрышта ыңылдап, сурет салып отырып-ақ, бүгінгінің іргетасын мықты қалапты. Құдайға шүкір, бүгінгі күн ол үшін мәуелі. Елбасымыз бірер жыл бұрын өнер адамдарын жинап, баспана кілтін тапсырарда, қолын алып тұрып «Астананың жаңа өнер тарихы сендерден басталады» дегені есімде. Бұл тек жеке мүддесі үшін сурет салып, соны пайдаға балап жүрген жігіттердің санынан емес. Шеберханасынан ұзап шығып, өнер ауылының жоғын жоқтап, құзырлы орындардың қақпасын қағып, алдарына қамшы тастап, «дат» деп жүретін азамат. Репортажда әріптесі Сембіғали Смағұлов Қазыбек Әжібекұлы туралы осылай деп пікірін білдіріпті. Бетті әзірлеген Сұңғат ӘЛІПБАЙ.