• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
17 Желтоқсан, 2011

Балабақшаға 800 бүлдіршін келді

331 рет
көрсетілді

Ал 90 жастағы ардагерлер пәтер кілттерін алды Ел Тәуелсіздігінің мерекесі қуанышқа толы күндер сыйлауда.Облыстық әкімдіктің осы күнге арнаған ұмытылмас жұлдызды күндер шаралары әлі де жалғасуда. Жуырда облыс орталығында және Ақсу қаласында іші-сырты бірдей замана сәулетімен жарқырған жаңа балабақшалар ашылды. Жалпы, соңғы үш жылда облыста 160-тан астам мектептер жанынан ашылған шағын орталықтар пайдалануға беріліп, жаңадан 5 балабақша бой көтерді. Сондай-ақ, 40 балабақша қайта қалпына келтірілді. Облыс бойынша мектеп жасына дейінгі балалардың 77 пайызы балабақшаға барады. Ал өндірісті, энергетиктер тұратын Ақсу қаласында бұл көрсеткіш 92 пайызды құрап отыр. Жаңадан ашылған «Аружан» атты балабақшаға 400 бүлдіршін барды. Кішкентайлар үшін салынған балабақша құрылысына республикалық бюджеттен 640 миллион теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстарын Александр Терентьев басқаратын «Стальмонтаж» серіктестігі жүргізді. Қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін балабақшаға барған кішкентайлардың 30 пайызы өзге ұлт өкілдерінің ұл-қыздары. Балабақшада 44 педагог-тәрбиеші еңбек етеді. Мерекенің сыйлығындай гүлдей жайнап, облыс орталығындағы №33 «Айналайын» атты жаңа балабақшаға 200 кішкентай, ал №32 «Ботакөз» атты жаңа балабақшаға 400 кішкентай барды. Қалалық білім беру бөлімінің мәліметіне қарағанда, бұл күндері мемлекеттік балабақшаларда – 14 682, мектеп жанынан ашылған шағын орталықтарда – 1 168, ал жеке меншік мектепке дейінгі 5 балабақшада 325 бала тәрбиеленуде. Айтпақшы, кішкентайлармен қатар 84 жастағы Николай Сидоренко, 91 жастағы Петр Егоркин, 87 жастағы Ұлы Отан соғысында медбике болған Вера Велих пәтерлі болып, бір жасап қалды. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.