• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
17 Желтоқсан, 2011

Біз осындай халықпыз

545 рет
көрсетілді

Қазақ  деген ұлт боламыз, ұлымыз, Қатар жүрген қуаныш пен мұңымыз. Азаттықтың аялады ақ таңы, Қадірлейік, қастерлейік мұны біз. Айтылғанмен сарқылмайды сырымыз, Қазақ болып ғұмыр кештік шыны біз. Көшпендінің күйін кешіп сарылып, Сағыныштан алау алды жырымыз. Тектіліктің қаны бойға тұнғаннан, Ана сүті жарқын жүзді жуғаннан. Қабыл болып ақ батасы атаның, Қазақ батыр, қазақ ақын туғаннан. Қазақ деген қасиетті халықпыз, Арқа тұтар Алатаудай  алыппыз. Көз алартып, жау жағадан алғанда, Жан берсек те арды сақтап қалыппыз. Сар даланы  гүл жайнатты нұрымыз, Көтерілді көкке биік туымыз. Шалқайғанның шаң қаптырдық шашасын, Сыйласқанның құлақ кесті құлымыз. Өр мінезбен шартарапқа тарадық, Найза ұстап, намыс үшін жарадық. Ел дегенде езіліп бір етжүрек, Биіктерге көзді тігіп қарадық. Қазақ деген жұрт боламыз – дара біз, Алға тартқан ақыл-оймен данамыз. Жақсылыққа жанұшырып жүгірсек, Жамандыққа қия баспас санамыз. Адалдыққа от боп лаулап жанамыз, Көңіл түссе көктегіні аламыз. Бір атымдай насыбайға өкпелеп, Алыстайды кейбір кезде арамыз. Жұмылғанда жұдырықтай түйіліп, Өзге жұртың қарай берер сүйініп. Ақ көңілдің арғымағы азбайды, Қайтейік біз қасақана күйініп. Қазақ деген ерекше  елміз, сеніңіз, Оңнан соққан қоңыр самал желіміз. Түгін тартсаң майы шыққан мөлдіреп, Ұлан-байтақ қазыналы жеріміз. Татулықты тірек еткен сәніміз, Достар үшін шырқалады әніміз. Ата-баба аманатын ардақтап, Туы астына топтасқанбыз бәріміз. Тағдырының тәлкегіне көнетін, Өз нәсібін маңдай термен теретін. Қазақ осы, ағайыны сұраса, Бауыр еті – баласын да беретін. Қазақ деген қонақтарын құт көрген, Құшақ жайып, орын берген, нық төрден. Барын шашып, тауысса да тықырлап, Бақ дәулетті тәңірінен, күтті елден. Төр оздырып, тәу етеді құдасын, Қайтарымды қайтып одан сұрасын?! Кісілікті таразыға салатын, Ағайынның арасында бұл да сын. Сәлем беріп досы келсе алыстан, Ақ ниетпен төс түйісіп табысқан. Көршілерін көшіріп ап үйіне, Мәре-сәре қуанышпен қауышқан. Қазақ деген барын шашқан бір тойға, Қалса-дағы ертесіне мың ойға. Қапаланып, өкініште қалмаған, Сене біліп жаратушы Құдайға. Мерейтойлар жасалады тізіліп, Үміттерді жалғайтыны ізгілік. Айына емес, жылына емес бір күнде, Қазақ үшін жүрген жақсы жүз күліп. Қазақ деген өмір сырын түсінген, Құлағына бала кезден күй сіңген. Ауылдастың тайы озса бәйгеде, Аты озғандай рахаттанып  сүйсінген. Қарапайым, әділдікті пір сінген, Қуат алған ат дүбірі – дүрсілден. Бадырайтып бетке айта бермейді, Көңіл қалса іштей ғана күрсінген. Сыпайылық болмысына жарасқан, Көңіліне сыйып кетер көк аспан. Қанша қиын күн туса да басына, Жаны ашып, бір-біріне қарасқан. Қазақ – деген бәрінен де балажан, Ұрпақтарын бақытына балаған. Шаңыраққа ие болып ұлдары, Қыз біткендер өріс тауып тараған. Қазақ деген қадірлеген қарттарын, Ән мен жырға арқау еткен аттарын. Кеуделері алтын сандық сияқты, Еске алады қызық дәурен шақтарын. Ата-салтын құрмет тұтып сақтайды, Адалдықтың арғымағын баптайды. Кемшілікті көре тұра кейде сол, Кешіріммен «жігітсің» деп мақтайды. Қазақ – деген айта берсе кең халық, Шетелдіктер жүр ғой оған таңғалып. Түр-түсіне, тіліне де қарамай, Бауырым деп құшақ жаяр жар салып. Мен қазақпын тәкаппармын, ірімін, Момындардың мәйегімін, пірімін. Қазақ десе қаны қайнап шығатын, Сол қазақтың қатардағы бірімін. Ахметжан ҚОСАҚОВ. Жамбыл облысы, Шу ауданы.