Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму өлшемдерінің бірі – тікелей құрылыс саласына да байланысты. Бірақ бой көтерген құрылыс нысандарының, тұрғын үйлердің сапасыздығы, бөлінген қаржының талан-таражға түсетіні жайлы жиі айтылады. Жаңадан пайдалануға берілген нысандардың жыл өтпей жатып қайта жөнделуі, дау-дамайлардың туындауы қазір аз емес. Үйлер құлады, үйлер қисайды, қыруар қаражат мақсатсыз жұмсалды, құрылысты пайдалануға уақытында тапсыра алмады деген әртүрлі ақпараттарды естіп те, көріп жүрміз.
Мысалы, Павлодар облысының орталығындағы «Сарыарқа» шағын ауданында № 12, № 15, № 27, Ақсу қаласында Молодежная көшесі №28, №32 тұрғын үйлердің құрылысы пайдалануға берілетін мерзімнен кешігуде. Нәтижесінде бюджет қаржысының да игерілмей қалуы әбден мүмкін. Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, облыстық әкімдікпен арадағы келісімдер бойынша құрылыс бастаған кәсіпорындардың арасында да тұрғын үй салу тапсырмасын кешеуілдеткендер бар. Облыс әкімі Болат Бақауовтың өзі облыстық әкімдік отырысында «Бізбен салыстырғанда қаражаттың аздығына қарамастан, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары тұрғын үйлерді қолданысқа беру бойынша алдыңғы қатарда келеді. Қызылорда облысы 600 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырған. Тұрғындар саны бойынша біз сияқты-ақ қала», деп салыстырмалы түрде мысал келтірді. Биыл өңірде 300 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы жоспарланып отыр. Б.Бақауов құрылыс басқармасына бар мүмкіндікті пайдаланып осы межені орындап шығу қажеттігін міндеттеді. Өткен жылы 38 тұрғын үй пайдалануға берілген болатын.
Мақала жазу барысында біз де құрылысы тұралап қалған осы тұрғын үйлерді аралап көріп қайттық. Келген бетте-ақ, тексеруші болмасақ та шағын және орта бизнесті тексеруге рұқсат жоқ дегендей көзқарас байқалады. Әкімдіктің құрылыс басқармасы мамандарының жұмыс сапасын күнделікті бақылауға алуға мүмкіндіктері бар. Құрылыстың уақытында аяқталып, пайдалануға сапалы берілуіне тапсырыс беруші, мердігер, жобалаушы және арнайы құрылған сараптамашылардың бірлескен тобының жауапкершіліктері қажет екені белгілі. Жауапкершілік, талап пен тәртіп болмаған жағдайда айыппұл төлеу қатаң қадағалануға тиіс.
Облыстық құрылыс басқармасы тарапынан және өңірде құрылыс нысандарының, тұрғын үй құрылысы қалай жүргізіліп жатқанына бақылау жасайтын басқа да тиісті орындар аз емес. Тендер де, құрылыстың сметалық-жобалау құжатын жасау да өңірдегі құрылыс басқармаларында өткізіледі. Құрылысты жүргізу кім көрінгенге беріле қоймайтыны белгілі.
Ал облыс әкімшілігінің мәліметінше, қаланың болашақтағы сәулеті керемет болмақ. Бұл үшін қазір нысандарды салуды аймақтарға бөлуді, көлік және инженерлік коммуникациялар, көгалдандыру және көріктендіру жүйесін белгілейтін кешенді бас жоспар жасалмақ. Бұл облыс орталығының тұрақты дамуының 2032 жылға дейінгі ұзақ мерзімді стратегиясын көрсетеді. Яғни электронды бас жоспар құрылады. Мысалы, кеше ғана Тәуелсіздік даңғылы атанған бұрынғы Кутузов көшесін қайта жаңарту, 14 мың шаршы метр жеңіл атлетикалық манеж, 8 мың шаршы метр футбол алаңын, ауданы 6 мың шаршы метр болатын Олимпиадалық резервті даярлау орталығын, 4,6 мың шаршы метр мұзайдыны бар «Спорт-сити» спорт қалашығын салу жоспарлануда. Ауданы 16 мың шаршы метр музей кешенінің Олимпиадалық стандарттағы ескек есу арнасының және триатлон, биатлон трассаларының құрылысы қолға алынбақ. 1500 орынға арналған концерт залының ауданы 7,1 мың шаршы метр, 300 орындық бассейннің ауданы 3,1 мың шаршы метр болады. Ертіс өзені жағалауы одан әрі көркейе түседі.
Биыл Елбасы жариялаған «5 әлеуметтік бастаманы» іске асыру үшін өңірде 45 тармақтан тұратын арнайы жол картасы әзірленіпті. Яғни «7 – 20 – 25» ипотекалық бағдарламасы бойынша қаржыландыру мәселесі нақтыланып, тұрғын үйлердің жобалық үлгілері анықталды. Пәтерлерді сатып алушылардың тізімі жасалуда. Біз жоғарыда жазған тұрғын үй құрылысының 300 мың шаршы метр жоспары көлемі 356 мың шаршы метрге дейін көбейтілуі мүмкін көрінеді. Тағы 19 тұрғын үйдің құрылысы жобалануда. Сондай-ақ пәтер санын арттыру мақсатында 16-18 қабатты үйлер салу жосӨпарланған. Аудандарда жаңадан 28 тұрғын үй салынып, 25 тұрғын үй сатып алынбақ. Облыс орталығындағы жоғары оқу орындары мен колледж студенттері үшін 9 жатақхана бой көтермек. Қазіргі кезде олардың жобалық құжаттары әзірленуде.
«Сөз жүзінде бәрі жақсы-ақ, не жетпейді сонда?» Елімізде қабылданған «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтер алғысы келіп жүрген кез келген қарапайым тұрғын осылай ойлауы мүмкін. Бұған дейін облыста тұрғын үй құрылысы қарқын алып, жүздеген пәтер пайдалануға берілді. Облыс орталығындағы ескі үйлер сүріліп, оның орнына «Сарыарқа» деп аталатын жаңа шағын аудан да бой көтерді. Енді «Достық» деп аталатын жаңа шағын аудан салынбақшы. Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары және коммерциялық құрылыс салу есебінен 2032 жылға қарай облыста тұрғын үй қорының алаңын 2,5 миллион шаршы метрге көбейту жоспарланған. Бұл мақсат «Сарыарқа», «Достық» аталатын шағын аудандардың есебінен көбейеді.
Өңірде 27 мың 360 адам пәтер кезегінде тұрса, 24 мың 390 адам жеке үй салуға өтініш білдіріпті. Ал «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшыларының қатарында 43 мыңнан астам тұрғын бар көрінеді. Бұған жас отбасыларды баспанамен қамту, несиелік үй беру, қаржыландыру бойынша көрсеткіштерді қосыңыз. Облыстық әкімдік тұрғындар жеке үй салу үшін облыс орталығындағы Аэропорт қалашығы жағынан жер қарастыру қажет деп отыр. Ақсу, Екібастұз қалаларында да жеке баспаналар салуға жағдай жасалса, құрылыс қарқыны артар еді.
Жоғарыда біз жазған «Достық» деп аталатын шағын аудандағы тұрғын үйлер құрылысын жүргізуге оңтүстіккореялық компания қатысқысы келеді екен. Облысқа келген сапарында «SEORIN Construction» компаниясының президенті Пак Маниль облыс әкімі Болат Бақауовпен кездесуінде осы туралы айтты. Құрылыс алаңына барып, шағын ауданның даму жоспарымен танысты. Тұрғын үйлерді өз қаржыларына салуға әзір көрінеді. Бұған облыстық әкімдік пәтерлердің бір шаршы метрінің құны 150 мың теңгеден аспау керек деп талап қояды.
Тұрғын үй құрылысын салушы мамандар қазір ең алдымен үйлердің экологиялық тазалығы мен сапасына басты назар аудара бастады. Яғни үйренген «жай үйлер» емес, таңғалдырар «ақылды үйлер» салуға көшті. Құрылыс нақты жобаға сәйкес жүргізіледі, құжатта көрсетілген құрылыс материалдары ғана қолданылады. Барлық жобалар арнайы сараптамадан өтеді. Материалдардың сапасы, экологиялық тазалығы тексеріледі. Құрылыста қолданылатын әрбір материалдың сертификаты болуы керек.
Инженер, құрылыс маманы Балтабай Жансеновтің айтуынша, «ақылды үйлерді» энергиялық тиімділігі жоғары технологиялар мен материалдарды пайдаланып тұрғызу аса маңызды. Өйткені қазір тұрғындардың энергияны тұтыну көрсеткіші бірнеше есе өскені белгілі. Сондықтан жылумен қамту жүйесін басқаруды автоматтандыру, жарықтандырудың барынша үнемді құралдары қажет.
Құрылыс компанияларының жауапкершілігін арттырып, мердігер компанияларды таңдауда қырағылық танытып, талаптарды күшейтпесе, жұмыс басталмай жатып-ақ бірін-бірі соттан-сотқа тартқан жайлар да жиі кездеседі. Мысалы, былтыр өңірдегі Лебяжі ауданында тұрғын үй салуы тиіс «Алмас+» компаниясы өз міндетін орындай алмаған. Аудандық әкімдік сотқа дер кезінде шағым түсірмеген. Облыс орталығында бассейн құрылысын жүргізбекші болған «Керемет» компаниясына қатысты сот ісі жүруде. Құрылыстың екпінді қарқын алып кетуіне мердігер компаниялардың жауапсыздығы кері әсерін тигізеді. Әлгі әп-сәтте панельді үйді тұрғызып береміз дейтін облыс орталығындағы «Үй құрылысы комбинаты» ЖШС-ға жергілікті билік тарапынан кезінде жақсы қолдау көрсетілді. Бірақ комбинат жылына 100 мың шаршы метрге дейін үй салу межесіне жете алмауда.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Рүстем Райысовтың мәлімдеуінше, биыл пайдалануға берілетін тұрғын үйлер көлемінің 300 мың шаршы метрінің 200 мыңы облыс орталығында салынады. Қалғаны Ақсу, Екібастұзда, аудандарда бой көтереді. Әр үйдің қолданысқа берілу кестесі жасалуда. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының мәліметінше, осы жылдың алғашқы 5 айында өңірде құрылыс қарқыны азайған. Тіпті биыл 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмеуі де мүмкін.
Өңірдегі «Нұр Отан» партиясының өкілдері облыс орталығындағы, Ақсу, Екібастұздағы құрылыс алаңдарын жиі аралайды. Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылау жөніндегі комиссия мүшелері «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан нысандардың құрылысымен танысады. Мысалы, «Б-АДК» ЖШС құрылысын жүргізіп жатқан Ақсудағы Молодежная көшесі №30 тұрғын үй құрылысы қазір партиялықтардың қатаң бақылауында. Осы көшедегі №28 үйдің құрылысын компания тамыз айында беруді жоспарлапты. Бұдан былай әрбір салынатын құрылыс алаңдарын қырағы көздер жиі-жиі аралап тұрмаса, бақылаусыз құрылыстың алға баспасы анық. Ақсуға барған облыс әкімі Болат Бақауов қалада жүргізіліп жатқан тұрғын үйлер құрылысында жұмыс сылбыр, жеделдік байқалмайды деп қайтты. Қала әкімі Николай Дычко тамыз айына дейін үйлердің құрылысын аяқтап, тапсырамыз деп уәде берді. Тіпті Молодежная көшесіндегі бір үйдің құрылысын жүргізетін мердігер компанияны ауыстыру мәселесі де туындауы мүмкін.
Біз мақаланың басында облыстық әкімдікпен арадағы келісімдер бойынша құрылыс бастаған кәсіпорындардың арасында тұрғын үй салу тапсырмасы серпіліссіз қалғандары бар деп жаздық. Ақсуда Еуразиялық топтың (ERG) тұрғын үй бағдарламасы аясында 5 қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сәтімен аяқталса, шілде айында 70 металлург пәтер алмақшы. Қаладағы Строитель көшесі, 42 үйдің құрылысын «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ жүргізуде. Егер су, жылу тартуға қатысты туындаған мәселелер уақытында шешімін тапса, тұрғын үй кешікпей беріледі. Ақсу ферроқорытпа зауыты құрылысын бастаған Строитель көшесіндегі 39, 40 және 41 үйлерді мердігер «Таза-Стар» ЖШС салуда. Құрылыс мерзімінен кешігуде.
Ақсу демекші, облыс әкімі Болат Бақауов былтыр «өңірде аяқталмай қалған қаңырап бос тұрған құрылыстардың бәрін аяқтау керек» деген тапсырма берген-ді.
– Қалқамандағы, Ақсудағы, Екібастұздағы салынып бітпеген үйлердің мәселесін шешіп, өңірде бос тұрған бірде-бір баспана қалдырмау керек, – деген еді облыс әкімі. Ақсудағы, Қалқамандағы, Ленин кентіндегі құрылысы аяқталмаған немесе қаңырап бос қалған үйлерді бітіру үшін әрқайсысына 243,2 миллион теңге керек көрінеді.
Осы қаладағы Астана көшесінің бойындағы №58 үйдің құрылысының да қашан аяқталары әлі белгісіз. Павлодар – Астана бағытындағы жолдың бойындағы 5 қабатты тұрғын үйлер жартылай құлап, қаңырап тұр. Қорқынышты көрініс, қараған сайын көңіл жүдейді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар