Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты халыққа Жолдауында келесі онжылдықта мемлекеттің дәйекті түрде дами түсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін нақты міндеттер мен басымдықтарды айқындап берді. Онда әрқайсымызды өмірді жақсарта түсу үшін күш-жігерімізді жұмылдыруға экономикалық және әлеуметтік салалардағы проблемаларды бірлесіп шешуге шақырады.
Енді Әділет министрлігі осы міндеттерді орындауға белсене кірісіп кетті. Атап айтқанда, жақын уақыттағы жұмыс бағыттарының Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қоғам алдына қойған міндеттерімен тікелей ұштасуын және сәйкес келуін айқындап, негізгі бағыттар бойынша реформаларды бастады.
Әсіресе, бұл заң шығару қызметін жақсартуға, бизнес ашуды жеңілдетуге, пенитенциарлық жүйені ізгілендіруге, нотариат пен адвокатура қызметінде азаматтарға қызмет көрсетуді жақсартуға әрі аталған салаларда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге бағытталған өзгерістерге де қатысты болып отыр. Өйткені, Президенттің Жолдауында айтылған міндеттердің бірі – “сенімді құқықтық орта қалыптастыруды жалғастыру және заңдардың сапасын арттыру” мәселесі заң шығару саласында министрліктің қызметіне жатады.
Біз заңнамалық актілердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және олардың тиімділігін бағалау үшін заңдарға жүйелі құқықтық мониторинг жүргізу талап етіледі деп есептейміз, бұл үшін министрлік тиісті тетікті пысықтауда, яғни заң жобасын дайындаушы әрбір орган тұрақты негізде үкіметтік емес ұйымдар әзірлеген заңдарға талдау жасайтын болады.
Бұдан басқа, заң шығару қызметінің сапасын арттыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен Заң шығару институтының ұйымдық-құқықтық нысаны жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен ерекше мәртебесі бар мемлекеттік мекемеге өзгерді. Бұл қызметкерлер жалақыларын өсіруге және институтқа білікті мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл заң шығару бастамаларын ғылыми тұрғыда пысықтау сапасын, сондай-ақ болжау-талдау қызметін жақсартуға тиіс. Қазіргі сәтте жаңадан құрылған институттың ұжымы қалыптастырылуда.
Президент Жолдауда атап өткендей, дағдарыстан кейінгі кезеңде мемлекеттің дамуында негізгі локомотив бизнес құрылымдары болады. Мемлекеттік органдардың алдындағы мақсат – бизнес ахуалды жақсарту және шикізат секторына тәуелділікті төмендету, яғни экономиканы әртараптандыру. Бұл жақында әділет органдарында тіркелуге тиіс жаңа өндірістер мен кәспіорындардың көбірек ашылатынын білдіреді. Демек, министрлік пен оның құрылымдық бөлімшелерінің жүгі де арта түседі.
Былтырғы жылы әділет органдарында 20 мыңға жуық заңды тұлғалар, соның ішінде 12 мыңнан астам шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркеуден өтті. Бизнес құру рәсімін оңайлату және әкімшілік кедергілерді жою жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда, Парламент заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеуді жеңілдету мәселелері жөнінде заң қабылдады. Көрсетілген заңда үлгілік жарғы бойынша шағын кәсіпкерлік субъектілерін тіркеу мерзімін 1 жұмыс күніне дейін қысқарту көзделді, жарғылық капиталдың мөлшері 100 АЕК-тен 100 теңгеге дейін азайды. Сонымен бірге, құрылтай құжаттарын нотариалдық куәландыру міндеті алып тасталды. Осылайша, Қазақстанда бизнес ашуға қойылған талаптар барынша жеңілдетілді. Әлеуетті кәсіпкерлер мұны қоштап отыр.
Кәсіпкерлерге жұмыс жағдайын одан әрі оңайлату үшін министрлік тетіктерді пысықтап, оңтайландыруда. Ол бойынша құрылтай құжаттарына өзгерістер тек хабарлама негізінде ғана енгізіледі, ал заңды тұлға таратылған кезде оның барлық филиалдары мен өкілдіктері орталықтандырылған түрде есептік тіркеуден шығарылады. Бұл белгілі бір шамада бизнесті тіркеуге әрі жүргізуге байланысты операциялық шығындарды төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл туралы да Мемлекет басшысы Жолдауда айтты. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарының жұмысындағы кемшіліктерді көрсете отырып, Президент Қазақстандағы жазалау жүйесінде айыптар 5 %-дан аз болса, түзеу жұмыстары – 0,4 %-ды, қоғамдық жұмыстар 0 %-ды құрайтынын атап өтті. Бұл арнайы мекемелерде адам санының жыл сайын толассыз өсуіне әкеледі, яғни ағымдағы жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша республика мекемелерінде 63 445 сотталған мен тергеу-қамаудағылар ұсталады. Бұл былтырғы жылға қарағанда 5 мыңға көп.
Қылмыстық-атқару жүйесінің бюджетін шексіз көбейте беру мүмкін емес. Сондықтан елімізде түрмедегі халықты азайтуға бағытталған кешенді шаралар қабылдануы қажет. Бұл үшін қылмыстық заңнаманы ізгілендіру жағына қарай дамыту бағыттары айқындалған республиканың 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасының ережелерін толықтай іске асырған маңызды. Біз қоғамнан оқшаулауға байланысты емес қылмыстық-құқықтық шараларды кеңінен қолдану үшін жағдай жасауға жұмыс істейтін боламыз.
Ізгілендіру барысы қоғамға аса қауіп келтірмейтін адамдарды – алғаш рет кішігірім немесе ауырлығы орташа қылмыс жасағандарды, кәмелетке толмағандарды, сондай-ақ халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын – аяғы ауыр әйелдер мен асырауында кәмелетке толмаған балалары бар жалғыз басты аналарды, егде жастағы адамдарды қамтуға тиіс.
Жолдаудан туындайтын Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша түрмедегілердің санын қайтадан толықтырмас үшін бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды оңалту және қайта әлеуметтендірудің толық жүйесін жасау керек. Жалпы, қылмыстық-атқару жүйесі жақсартуға мұқтаж екендігін түсінеміз. Сондықтан оны жетілдіру бойынша министрлік кешенді бағдарлама әзірлеуде.
Сонымен қатар Елбасы республика азаматтарының өмірін жақсартуға және әлеуметтік қызмет көрсетулер сапасын арттыруға мән береді. Осыған байланысты, азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету үрдістерін жеңілдету үшін министрлік енгізген халыққа қызмет көрсету орталықтары туралы атап өтпеуге болмайды. Елбасының тапсырмаларын орындау шеңберінде жыл басында ХҚО әкімдіктердің қарамағына берілгенімен Әділет министрлігі жергілікті билік органдарына қажетті көмек көрсете отырып, олардың жұмысын ұйымдастыруға белсене атсалысуды жалғастырып отыр.
Мысалы, қазіргі сәтте бір өтініш қағидаты бойынша ХҚО-ның жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылуда. Осы ұсыныстың мәні бойынша азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсетілу үшін ХҚО-ға көптеген түрлі құжаттардың көшірмелерін (мысалы, үй кітабы, кету парағы, СТН, ӘЖК және т.б.) беру қажет болмай қалады. Осы мәліметтердің барлығы деректер қорында бар. Сондықтан, біздің ойымызша, азаматтардан оларды қосымша сұратудың мәні жоқ. Бір өтініш қағидаты бойынша ХҚО жұмысы азаматтар үшін мемлекеттік қызмет алу тәртібін едәуір жеңілдетеді, оларды артық қаржы шығындарынан босатады. Бұдан басқа, қазір Әділет министрлігі мемлекеттік нотариустар институтын қалпына келтіру мәселесін пысықтауда.
Әділдік ретінде мемлекеттік нотариустардың жұмыс істеуін ешкім өзгертпегенін атап өту керек. Елімізде олардың мүлдем қалмағандығы басқаша іс. Қалай дегенмен, былтырғы жылдың шілдесіне дейін Қазақстанда бір де бір мемлекеттік нотариус болған жоқ. Біз күзде әр облыс орталығында мемлекеттік нотариаттық кеңселер аштық. Қазір олар – 16. Бұл орайда олардың қызметіне қажеттілік күн сайын өсуде. Біз қолданыстағы заңнама бойынша жекеменшікті нотариустармен қатар жұмыс істеуге тиіс мемлекеттік нотариатты қалпына келтіру туралы шешім қабылдадық. Осы өзгерістер Жолдауда айтылған міндеттерге жауап береді.
Ел Президенті жанындағы Құқықтық саясат кеңесі министрліктің қолданыстағы квоталау жүйесін және нотариустарды орналастыру орындарын бөлу жөніндегі ұсынысын қолдады, басқаша айтқанда, алдағы уақытта округте нотариустар санын көбейту шектелмейтін болады. Соттардың қызметіндегі негізгі бағыт бойынша адвокаттарды мамандандыруды, сондай-ақ адвокаттардың мүліктік жауапкершілігі және жауапкершілігін міндетті сақтандыру институттарын енгізу мақсатқа сай болады деп пайымдаймыз.
Былтыр министрлік әділет органдарының электронды деректер қорына (“Жылжымайтын мүлік тіркелімі”, “Жеке тұлғалар”, “Заңды тұлғалар”) нотариустардың қол жеткізуіне арналған “Электронды нотариат жүйесі” қанатқақты жобасын әзірледі. Бұл оларға жылжымайтын мүлікпен мәмілелерді ресімдеу кезінде – клиенттің некеде тұрғанын, оның тіркеу мекен-жайы қандай екенін, сондай-ақ жұмыс үшін қажет мәліметтерді көруге көмектеседі. Осы жаңалық мәмілелерді жасау кезінде алаяқтық қаупін төмендетеді деп күтілуде.
“Электронды нотариат жүйесін” қолдану болашақта жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу үдерісін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте азаматтар әділет органдарына жүгіну міндеттерінен босатылады. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу әділет органдарының немесе ХҚО қызметкерлерімен өтініш берушілердің тікелей байланыспауы арқылы жүзеге асады. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы ең тиімді шара әрі халық үшін жылжымайтын мүлікті тіркеу үдерісін едәуір жеңілдетеді. Сонымен қатар, осы барлық жаңалықтарды енгізгенге дейін ағымдағы жылдың өзінде жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу мерзімін 15-тен 5 жұмыс күніне дейін қысқарту жоспарланып отыр.
Былтыр заңнаманы түсіндіру және құқықтық насихат жұмыстарының аясында Әділет министрлігі соттарда, ХҚО-да, жоғары оқу орындары мен кітапханаларда электронды заңнама деректеріне тегін қол жеткізу “нүктелерін” орнатты. Бұдан басқа, бізде Колл-орталық жұмыс істейді. Орталық арқылы азаматтардың ХҚО көрсететін қызметтердің сипаты мен құжаттардың орындалу барысы туралы кеңес алуына мүмкіндігі бар. Осы анықтамаларды алу үшін азамат кез келген облыс орталығынан Астана қаласының кодын термей 58-00-58 телефон нөміріне тегін қоңырау соға алады.
Сонымен бірге өтініштерді талдау көрсеткендей, елімізде құқықтық мәселелер жөнінде анықтама орталығын құру қажеттігі пісіп- жетілді. Сондықтан, ағымдағы жылы Колл-орталықтың құзыретін кеңейту жоспарланып отыр. Оның негізінде бірыңғай ақпараттық-құқықтық қызмет құрылатын болады. Мысалы, Колл-орталықтың қызметкерлері қызметтің барлық түрлерін лицензиялау тәртібін, мемлекеттік органдардың құзыретін түсіндіріп, және оған қажетті құжаттар тізбесін, тиісті мекен-жайлары мен сенім телефондарын көрсетеді. Қажет жағдайда Колл-орталықтың операторлары толық жауап беру үшін қоңырау соғушыны қойылған сұраққа жауап беру құзыретіне кіретін мемлекеттік органмен қоса алады. Мұндағы түкпілікті мақсат бір қоңырау арқылы кез келген құқықтық кеңес алу болып табылады.
Жалпы, әділет органдары жұмыс істеп жатқан басқа да ұсыныстар мен жаңалықтардың артықшылығы олардың әлеуметтік сипатта болуында. Олар азаматтардың өмірін жеңілдетуге және кәсіпкерлік субъектілерін дамыту үшін жағдайларды жетілдіруге бағытталған.
Рашид ТҮСІПБЕКОВ,
Қазақстан Республикасының Әділет министрі.