2007 жылы 11 сәуірде Нью-Йорктің Манхеттэн өңіріндегі бір емханада 84-ке қараған жасында АҚШ жазушысы Курт Воннегут қайтыс болды. Бірнеше апта бұрын әлем әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар қарт қаламгер өз үйінің баспалдағында сүрініп кетіп, басынан жараланып емханаға түскен екен, сол талықсыған бетінде өмірден өтіпті.
К.Воннегут – өткен ғасырдың соңғы жартысындағы АҚШ əдебиетінде ерекше орны бар санаулы тұлғалардың бірі. Сыншылар оны Марк Твеннен бері жалғасқан АҚШ əдебиетінің юмор дəстүрін жалғастырушы, тіпті оның юморлары Марк Твеннен де асып түскен деп қарайды. Дегенмен К.Воннегут əдебиетке 1950 жылдардың басында алғаш фантастикалық шығармаларымен келген. Сол тұста фантастика жөні түзу əдебиет саналмайтын еді. 1969 жылы жазушының «5-нөмірлі қасапхана» романы жарық көргеннен кейін ғана, жазушының басындағы «фантаст жазушы» деген қалпақ көрінбей кетіпті. Жоғарыдағы роман өткен ғасыр əдебиетінде жоғары бағаланады. 1999 жылы «Нью-Йорк Таймс» газеті өткен бір ғасырда ағылшын тілінде жарық көрген ең таңдаулы деген жүз романның тізімін жариялағанда осы «5-нөмірлі қасапхана» 18-орынды иеленген. Жазушы бұл романды екінші дүниежүзілік соғыс тұсында өз басынан өткізген нақты оқиғалар негізінде жазған.
К.Воннегут АҚШ-тың Индиана штатында дүниеге келген, шешесі кісілікті, бай отбасынан еді. Бірақ бұл отбасы өткен ғасырдың 1930 жылдарындағы экономикалық дағдарыс кесірінен күйрейді. К.Воннегуттың шешесі тұрмыстың өзгерісінен 1944 жылы өзіне-өзі қол жұмсаған. Бұл жазушының өміріне елеулі әсер етіпті. 1984 жылы өзі де сондай бір күйзеліске ұрынған жазушы ұйқы дəрісін көп ішіп қойып, қасындағылардың дер кезінде байқап қалуымен ғана аман қалған. Кейін жазушы бұл туралы: «Өзіне-өзі қол салғандардың бала-шағасы өлімнің елесінен өмір бойы құтыла алмайды, олар бұлай істеуді түптің түбінде бəрін шешетін жол деп қарайды», – деген екен.
Зерттеушілер К.Воннегут шығармаларындағы тіршілік, өлім турасында қасіретке емес, ащы күлкіге саятын пайымдауларға көптеп назар аударады. Оның «5-нөмірлі қасапхана» романының өзі осы жағынан көзге түседі. Романда Илум деген біреу екінші дүниежүзілік соғыс тұсында немістердің қоршауында қалады, əу баста ол өзінен басқа үш адаммен серіктеседі. Олардың ортасындағы қайшылық өрши келе бірін-бірі өлтіруге сұқтанады. Сөйтіп жүргенде олар немістердің қолына түсіп қалады. Немістер тұтқынға түскендерді Дрезден қаласына айдап әкеледі. Бұған тұтқындар қатты қуанады. Өйткені Дрезден ашық қала есептелетін, онда əскери зауыт та, құрылғылар да жоқ еді. Оның үстіне əсем сарайлары бар болатын. Бұндай мəдениеттік мәністегі бейтарап орынды одақтастар армиясы бомбылай қоймайтын еді. Тұтқындар бұл арада балалар мен ауыраяқ əйелдерге қажетті азықтар шығаратын кәсіпорында жұмыс істейді. Бұл орын соғыстан бұрын «5-нөмірлі қасапхана» деп аталатын еді. Дегенмен бəрі басқаша болады, тұтқындар Дрезденге келіп, төрт күн өткенде, одақтастар армиясы əуе күштерін жіберіп, қаланың түгін қалдырмай жермен-жексен етеді. Илум жəне бірнеше тұтқын мен тағы бірнеше неміс «5-нөмірлі қасапхананың» жертөлесінде жұмыс істеп жатқандықтан ғана аман қалады. Олар жұмыстан босап далаға шыққанда, кешегі жайнап тұрған қаланың қирап қалған, тіршіліксіз қирандысын ғана көреді. Романда бұл көрініс: «Жердің бетін ыс-түтек басқан, дүние қап-қара, ештемені көруге болмайды, төбедегі күн қараңғыда жылтыраған ноқат тәрізді. Дрезден айдың беті сияқты, мұнда күйген топырақтан өзге ештеңе көзге түспейді. Таудай болып үйіліп, жемтік болып адамның мəйіттері жатыр...» деп суреттеледі.
«5-нөмірлі қасапхана» романы АҚШ-та жарық көрісімен бірден елдегі қасқалар мен жайсаңдардың шамына тиген. Зерттеуге қарағанда өткен ширек ғасырда АҚШ-та шектеуге ұшыраған кітаптардың бірінші орнын осы «5-нөмірлі қасапхана» романы иелеген. Романға қарсы тұрушылар бұл кітап жастарды отаншылдықтан бездіреді, АҚШ армиясының абыройын төгеді т.б. деген айыптар тағады. К. Воннегут 1997 жылы өзінің жазуды тоқтататынын жариялаған болатын. Бірақ 2005 жылы жазушының «Отаны жоқ біреу» деген жаңа эссе-сын кітабы жарыққа шықты. Кітаптағы мақалалардың көбі жазушының соңғы жылдары «Осы заман» журналында жарық көрген туындылары еді. Кітаптың мұқабасы К. Воннегуттың өзі салған суреттен тұрады (жазушының «Жүлдегерге арналған таңғы ас» деген романы осындай суреттерге толы екенін ескерте кеткен жөн шығар). Кітаптан сексеннің сеңгіріне шыққан қаламгердің неге алаңдайтынын байқаймыз. Онда жазушы былай дейді: «Меніңше, адамдар өздері жасап жатқан мынау жер шарының болашағын ойлауды біржола қойған сияқты. Жұрттың мына тірлігі ұзақ қамауда отырған маскүнемнің тірлігіне ұқсайды, көздері əбден қарауытып кеткен. Мен енді келешек ұрпақтарымда жөні түзу мекен болады дегенге сене алатын емеспін».
К.Воннегут кезінде өз шығармаларына баға беріп, оларды қатарға тұрғызған екен. Соңғы кітабын жазушы «басым ағарған шақта сыйға тартылған керемет бір шампан болды ғой» депті. Жазушы осылай деп өз шығармашылығының соңғы нүктесін қойған.
Ардақ НҰРҒАЗЫ,
ақын, әдебиет сыншысы