Жыл сайын Витебск қаласында өтетін бұл өнер бәйгесі жас таланттарды жарқырата көрсететін тамаша мүмкіндік болып есептеледі. Биыл да шартараптан үздік 21 әнші қатысып, өз бақтарын сынады.
Ширек финалдан соң, үздік 15-і іріктеліп, келесі кезеңге өтті. 23 жастағы Ернар Садырбаев әуелі Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әнін» шырқап, екінші күні оркестрдің сүйемелдеуімен Раймонд Паулстің «Подбери музыку» және Рокопера Моцарттың «Я сплю на розах» атты шығармаларын орындаған. Фестивальда Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева мен Димаш Құдайберген төрелік етті. Еске салсақ, Димаш Құдайберген 2015 жылы Витебскіде өткен «Славян базары» халықаралық ән фестивалінде бас жүлдені иеленген болатын.
Жиырма жетінші рет өткізілген халықаралық өнер фестивалінің Гран-при жүлдесі Румынияның әншісі Марчел Рошкаға бұйырды. Рошка мен Ернар Садырбаевтың ұпайлары бірдей болған (156 балл). Алайда, қазылар алқасының төрағасы Александр Морозовтың шешімімен бас жүлде румыниялыққа берілді.
Екінші орынды Украина, үшінші орынды Польша мен Беларусь елдерінің әншілері алған. Бұл – Ернар Садырбаевтың халықаралық дәрежедегі үшінші ірі жеңісі. Бұған дейін Прага қаласында өткен екі бірдей халықаралық ән байқауынан Гран-При жүлдесін ұтып алған.
1995 жылдан бастап Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенконың жеке қолдауымен өтетін фестиваль халықтар арасындағы мәдени диалогтың қалыптасуына ықпал ететін мәдени шара болып есестеледі. Фестиваль күндері Беларусь, Ресей, Украина елдерінің өнер иелерінің гала-концерті, «Шекарасыз фестиваль», «Театр кездесулері», «Жұлдызды сәт» бағдарламалары өткізіледі. Биылғы «Шекарасыз фестиваль» Қазақстанның өнер шеберлеріне арналған болатын. Сонымен қатар, Беларусь президенті Александр Лукашенко «Славян базары» фестивалінің салтанатты ашылу рәсімінде әнші Роза Рымбаеваға «Өнер арқылы – бейбітшілік пен өзара түсіністікке» арнайы марапатын табыс етті, Әнші бұл марапаттың беріліуі оның шығармашылығын мойындау деп қана емес, Қазақстанның өнеріне құрмет көрсету екендігін атап өтті. «Беларусь пен Қазақстанның қарым-қатынасы әрдайым жылы болған. Біз оны жылдар бойы сақтап қалдық», деді Роза Рымбаева.
Ал Витебскіге қазылар алқасының мүшесі ретінде келіп, фестиваль аясында ән шырқаған Димаш Азия-Тынық мұхит аймағының ең танымал әртістерінің тізімінде тағы көш бастап тұр.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»