13 шілде – Металлургтер күні мерекесінде Өскеменде өз өмірін қатерге тігіп, қарапайым адамдарды құтқарған қарапайым шығысқазақстандық қайсар азаматтарды анықтау мақсатында ұйымдастырылған «Ізгі жүрек» сыйлығы табысталды.
Өңірдегі ірі өндіріс орны – «Қазцинк» компаниясының ұйытқы болуымен қолға алынған шара барысында бейбіт күннің батырларына арнайы статуэткамен бірге 500 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Ертістің мұзды суынан екі жастағы баласын құтқару үшін суға секірген анасына жәрдемдескен Өскемендегі Төтенше жағдай бөлімінің өрт машинасының жүргізушісі Виталий Бақтыбаев, өртке оранған үйге балкон арқылы кіріп, зейнеткерге көмек қолын созған электромонтер Павел Качесов, қақаған қаңтар айында су басқан үйден екі бала мен зейнеткерді қауіпсіз жерге жеткізген Глубокое ауданының Прапорщикова ауылының учаскелік инспекторы Руслан Оразаметов аталған сыйлықтың алғашқы иегерлері атанды. «Маған «сыйлыққа үміткерлердің қатарында сіз де барсыз» деп хабарласқанда сенбегенім рас. Басына қауіп төнген тұрғындарға көмектескен азаматтардың барлығы қандай марапатқа да лайық деп есептеймін. Осындай тағылымды шараны ұйымдастырған жандарға ризашылығымды білдіремін», – дейді «Ізгі жүрек» сыйлығының жеңімпаздарының бірі Виталий Бақтыбаев.
Сонымен қатар кеншілер мерекесінде Өскемен металлургиялық кешенінің өндірістік алаңында Даңқ аллеясы ашылды. «Қазцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев Даңқ аллеясының ашылуы қарапайым жұмысшыларға көрсетілген құрмет екендігін, мұнда осында ерен еңбегімен көзге түскен жүздеген қызметкерлердің суреттері ілінгенін айтады.
Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН