Қолымызға ерекше хат келіп түсті. Бір топ еңбек ардагерлері, зейнеткерлер қол қойған арызда хат иелері күнделікті күйкі тірліктің қамын күйттемеген. Ата-бабаның, нақтырақ айтсақ сонау Асан қайғының аузымен айтылатын қасиетті ел мен жер атауын қалпына келтіруді сұрайды.
Мәселе былай: Батыс Қазақстан облысында Шыңғырлау атты өзен бар. Ұзындығы 290 шақырымға созылатын өзен Орал тауының оңтүстігіндегі Шыбынды тауы бұлақтарынан басталып, Жайық өзеніне сол жағынан құяды. Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау, Бөрлі аудандары аумағымен өтеді.
Шыңғырлау атауының өте көнеден келе жатқанына бір дәлел – әйгілі Асан қайғы айтты дейтін сөз.
Жерұйықты іздеп сабылған Асан абыз Шыңғырлауды көргенде: «Ай, Шыңғырлау, жылқы өзі өскен жоқ, Шыңғырлау, сен өсірдің» деп үш айналып, Шыңғырлаудың суына қолын малып отырып «Шыңғырлау өкпелер, желмаяның қомын ал, қонайық, аунап-қунап кетейік» депті дейді.
Бір қызығы, осы Шыңғырлау өзені бүгінде ресми құжаттардың, ғылыми әдебиеттердің бәрінде «Утва» болып аталып кеткен. Өзеннің атауы қандай шешім негізінде олай аталғаны белгісіз. Ең бірінші бұл атауды ХХ ғасырдың басында қазақ жеріне қаптап келген қарашекпен – переселендер таңса керек. Тың игеру жылдарындағы демографиялық ахуал кірме атауды одан әрі кіріктіре түскен. Әйтпесе 1964 жылы жарық көрген Кеңес Одағының географиялық картасында бұл су «Шыңғырлау өзені» деп таңбаланған көрінеді.
Бүгінде Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау және Бөрлі аудандарында тұрып жатқан бір топ ардагердің «Шыңғырлау өзенінің өз атауын өзіне қайтарайық!» деп шырылдап жүргеніне талай жылдың жүзі болған.
«Біз, осы екі ауданда тұрып жатқан ежелгі тұрғындары, Шыңғырлау өзенінің бойында дүниеге келіп, суына шомылып, балығын аулаған, талынан шетен тоқыған, өзен бойында шөп арасында өскен бүлдіргеннен дәм татқан адамдармыз. Бүгінде сол өзеннің өз атымен аталмай, «Утва» деп жаңсақ аталып жүргеніне өкінеміз. Бұл жайлы жазбаған жеріміз жоқ. 2010 жылы 11 ақпанда Президент Әкімшілігіне жолдаған аудан ардагерлері қол қойған арызына Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмасы бойынша География институтының аға ғылыми қызметкері, топонимика тобының жетекшісі, Үкімет жанындағы мемлекеттік ономастикалық комиссияның мүшесі, Сламқұл Әбдірахменовтың жазған хаты бар. 2012 жылы бұрын Шыңғырлау ауданында партия, журналистика саласында, мектеп директоры болып ұзақ жыл еңбек еткен тарихшы, өлкетанушы марқұм Тілеуқайыр Хамитов «Бөрлі жаршысы-Бурлинские вести» газетінде «Утваның тарихи атауы Шыңғырлау» деп сын мақала жазған-ды, оған да 15 жылдан асты. Содан бері Шыңғырлау өзенінің халық атап келе жатқан атауын қайтару туралы республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде «Өзеннің көне атауы Шыңғырлау» (19 қараша 2016 жыл) «Орал өңірі» газетінде 27 мамыр 2010 жылғы №57 санында «Өзеннің өз атауы қайтарылса...», 17 ақпан 2011 жылғы бір топ соғыс және еңбек ардагерлерінің «Утваның төл атауы – Шыңғырлау немесе Ардагерлер ұсынысы неге орындалмайды» деген мақалалары жарық көрген-ді. Бүгінде баспасөзде жарияланған мақалалар осы арыз-шағымға жазылған жауаптардың көшірмесі біздің қолымызда сақтаулы, бір папка болды», дейді бізге жолыққан Ақсай қаласының тұрғыны Қуанышқали Ғұсманов.
Ойлап қарасақ, өзеннің тарихи атауын қайтарып беруге еш кедергі жоқ сияқты. Жоғарыда аталған География институтының аға ғылыми қызметкері, топонимика тобының жетекшісі, Үкімет жанындағы ономастикалық комиссия мүшесі С.Әбдірахмановтың хатында «Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігінің «Ұлттық картографиялық-геодезиялық қоры мен География институты» РМҚК бірігіп шығарған орысша және қазақша 32 томдықтың Батыс Қазақстан облысына арналған 12-томында бұл өзеннің «Утва» деген атауы түзетіліп берілді (278 бет). Бұдан былай жаңадан шығып жатқан карталарда және басқа ғылыми еңбектерде тек қана халық берген дұрыс атауы жазылады. Осындай мәселелерді жергілікті сайланған өкілдер, жергілікті орындаушы әкімдер, барша аудан халқы қадағалап, дұрыстап отыруы қажет», деп жазылған.
– Кезінде Батыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Нұрлан Ноғаев та аудан тұрғындары алдында есебінде бұл мәселені оң шешу үшін тапсырма беріп кеткен еді. 2017 жылы жазда осы мәселе жөнінде қазіргі облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қабылдауында болдық. Ол жиынға Батыс Қазақстан облысы тілдерді дамыту басқармасының сол кездегі басшысы Махамбет Ихсанғали, Шыңғырлау ауданының қазіргі әкімі Альберт Есалиев, басқа да адамдар қатысты. Облыс басшысы тиісті атқару органдарына шешу керек деп тапсырма берді. Сонан кейін сең қозғалған сияқты еді, енді жақында облыстың тілдерді дамыту басқармасындағылар бұл мәселені биыл қойып тұрмыз, жыл аяқталып қалды және республикадан қайтып келсе не істейміз деп уәж айтады. Сонда қалай? Дәлелденіп, тірі куәгерлер қол қойып, шындықты айтып отырғанда әрі итеріп, бері жығып, жалған жауаптар қатып отыра береміз бе? Кеткен қатені түзетіп, заң бойынша жұмыс жасауға болмай ма? Бұрынғы жауаптарда физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі нысандарға атау беру, оларды қайта қарау уақытша тоқтатылды деген жауап алатын едік. Енді ономастика саласы бойынша заңнамаларға өзгерістер енгізілді, уақытша тоқтатылған мораторий алынды. Енді аудан тұрғындарының арызы бойынша тұрғындар жиналысын өткізіп, шешім қабылдауға болмай ма? – деп күйінеді Қуанышқали ақсақал.
Хат авторлары «Бәрі де заң шеңберінде шешілсін» деп отыр. «Егемен Қазақстан» газетінде 2013 жылғы 24 қаңтарда жарияланған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бар. Ауыл ақсақалдары осы заңға сүйеніп, сонда көрсетілген баптарын сақтауды, өзеннің тарихи атауын қалпына келтіруді талап етеді.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы