Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының қорытындылары, сондай-ақ жекешелендіруді жүргізу барысы және «ақылды қала» жобаларын іске асыру мәселесі қаралды.
Межелі міндеттер орындалды
«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының осы жылдың І жартыжылдығындағы іске асырылуы туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндады. Е.Біртанов атап өткендей, мемлекеттік бағдарлама жеті бағыт бойынша іске асырылып жатыр.
«Қоғамдық денсаулық сақтау саласында саламатты өмір салтын ілгерілету аясында бұқаралық шаралар белсене өткізілуде, осы жылдың 6 айының ішінде оған 6 млн-нан астам адам қатысты. Биыл халықты скринингпен қамту 1,5 млн астам адамды немесе жоспарланған көлемнің 91 процентін құрады. Халықты иммундау 95,2 процентке жетті», деді Е.Біртанов. Сондай-ақ министр мемлекеттік бағдарлама аясында «жедел жәрдем» қызметінің жұмысын реформалау жүргізіліп жатқанын жеткізді. Мәселен, шұғыл емес шақыртулар емханаларға берілді, персоналды халықаралық стандарттарға кезең-кезеңмен оқыту жүргізіліп жатыр, еліміздің тоғыз аймағында Бірыңғай диспетчерлік қызмет құрылған. Биылғы алты айдың нәтижелері бойынша орташа жету уақыты 7 минутқа қысқарған, сәтті реанимациялау көрсеткіші 14 процентке артқан, ауруханаға жатқызуға дейін өлім-жітім азайған.
Министр сонымен қатар ұлттық дәрі-дәрмектермен қамту саясатын іске асыру аясында амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді орталықтандыру жүргізілгенін, сондай-ақ бірыңғай дистрибьютер қызметінің ашықтығы арттырылғанын атап өтті. Бұл сатып алулардың тиімділігін арттырып, бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берген.
Дәрі-дәрмектермен қамтылған амбулаторлық пациенттер саны 5 процентке артты. Амбулаторлық-дәрі-дәрмектік қамтамасыз етуді қаржыландыру өңірлердің 31 млрд теңге көлеміндегі қосымша өтінім науқанының қорытындылары бойынша 27 процентке артты, деді. Сондай-ақ осы жылдың тамыз айының соңына дейін емханаларда электронды құжаттар айналымын енгізуді аяқтаудың аса маңыздылығын атап өтті. «Осылайша, біз еліміздегі әрбір пациентті жеке-жеке дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің ашықтығын қамтамасыз етеміз. Бұл сонымен қатар, әрбір пациентпен кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді», деді министр. Е.Біртанов сонымен қатар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) енгізуге дайындық аясында Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің және МӘМС-тің жаңа моделін қарастыратын заң жобасы әзірленгенін мәлім етті. Сондай-ақ салада мемлекет-жекеменшік әріптестігі (МЖӘ) түріндегі инвестициялардың саны артып келе жатқанын айтты. Осы жылдың 6 айында МЖӘ жобаларының саны 30 бірлікті құраған. Жалпы алғанда, 2016-2018 жылдар аралығында 35 млрд теңге сомасына 65 МЖӘ келісімшарты жүзеге асырылуда.
Үкімет отырысында сондай-ақ өңірлерде мемлекеттік бағдарламаны іске асыру қорытындылары және денсаулық сақтау жүйесін дамыту қорлары туралы айтылды. Бұл ретте Алматы облысының әкімі А.Баталов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметов, Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев, Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев, Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов және Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев баяндама жасады. Соңында Б.Сағынтаев денсаулық сақтауды дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы бойынша едәуір жұмыс атқарылғанын, ілгерілеу бар екенін атап өтті. Дегенмен атқарылар жұмыс та аз емес. Соған орай денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жаңғыртуға қатысты да бірқатар нақты тапсырма берілді.
Премьер-Министр дәрі-дәрмектерді мақсатты сатып алу мәселесіне де назар аударды. Қажетті дәрі-дәрмектердің нақты санын біліп, артық қаражат жұмсамау керек. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне дәрі-дәрмектердің қажеттілігін жоспарлауды реттеу туралы тапсырма берді. Сондай-ақ өңірлерге жеке инвестицияларды тартып, МЖӘ-ні дамытқан жөн. Б.Сағынтаев сондай-ақ шетелдерде емделу үшін квота алу мәселелеріне ерекше назар аудару керектігін айтты. Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановқа квота алу тәртібін жетілдіру және оның ашықтығын арттыру тапсырылды. Үкімет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды тиімді енгізу мәселесі ерекше бақылауда екенін еске салды.
Аналар өлімі алаңдатады
Денсаулық сақтау мәселесі егжей-тегжейлі талқыланған жиында Премьер-Министр Б.Сағынтаев сала басшысы Е.Біртанов пен қала әкімі Ә.Исекешевтен соңғы кездері жиілеп кеткен Астанадағы ана өліміне қатысты мәселенің де мән-жайын сұрады. Себебі алдыңғы күні ғана Астананың №2 перинаталды орталығында жас босанған келіншек көз жұмған болатын. Ал бұл – биылғы жылдың ішінде Астана перзентханаларында қайтыс болған төртінші адам.
«Қазіргі күні қажетті зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Нақты себебі туралы ақпаратты анатомиялық, морфологиялық зерттеу біткен соң береміз. Біз қазір Астана қаласындағы амбулаториялық деңгейдегі осы әйелдерге қандай қызмет көрсетілгенін тексеріп жатырмыз. Арнайы штаб құрылған. Астана қаласының әкімдігімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Үлкен мәселе бар деп айтуға болмайды. Кейбір жағдай әйелдің негізгі денсаулығына байланысты. Бірақ жалпы перинаталды орталықта тексерістің бәрін жүргіздік. Санитарлық-эпидемиологиялық режім дұрыс. Әрі қарай жұмыс істеп жатырмыз», деді Денсаулық сақтау министрі. Қазіргі уақытта әрбір жағдайға қатысты Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті тергеу жүргізіп жатыр. Ал Астана әкімі Ә.Исекешев барлық жағдайлар бойынша жетекші медициналық орталық мамандарының қатысуымен консилиум өткізілетінін айтты. «Барлық жағдайлар денсаулық сақтау министрлігімен талқыланып, нақты іс-әрекет жоспары құрылды. Сондай-ақ қауіпсіз сараптама жүргізу үшін және акушерлік-гинекологиялық медициналық көмек үшін Еуропаның мықты деп саналатын мамандарын шақырып отырмыз. Мәселе бақылауда», деді қала әкімі.
Жалпы мәліметке сүйенсек, елімізде биыл алғашқы жартыжылдықта босануға дейін және босанғаннан кейін ана өлімі көрсеткіші былтырғы деңгейден жоғары болып отыр. Мәселен, қаңтар айынан бері республикада 31 ана көз жұмған. Жалпы, жыл сайын республикамызда 50-60 әйел көз жұмады екен.
«Ақылды қала» – цифрландыруға жол
Үкімет отырысында қаралған келесі мәселе «Ақылды қалалар» жобасы туралы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев есеп берді. Министрдің айтуынша, барлық 16 өңірдің әкімдіктерінде цифрландыру кеңселері құрылып, оған әкім орынбасарлары жетекшілікке тағайындалған. Арнайы құрылған цифрландыру штабы жобаларды үйлестірумен айналысады және апта сайын «Ақылды қала» жобасына мониторинг жүргізіліп отырады. «Қазірдің өзінде медициналық, ақпараттық жүйелер, электронды күнделіктер немесе мектепке дейінгі балалар мекемелеріне кезекке қою жүйелері барлық аймақтарда енгізілді. Павлодар облысының білім беру саласында онлайн журнал мен күнделіктерді іске қосу арқылы оқушылардың оқу үлгерімі 3 процентке өсті. Шығыс Қазақстан облысында аудан орталықтарынан тыс орналасқан 67 дәрігерлік амбулаторияны және фельдшерлік-акушерлік орындарды интернет желісіне қосу арқылы халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің үлесі 93 процентке артты», деді Д.Абаев. Батыс Қазақстан облысында бастапқы медициналық көмек көрсетуге кететін уақыт қысқарған. Атап айтқанда, жедел жәрдемді басқару жүйелері енгізілген. Ал смарт-технологияларды енгізу аясында Астана көше жарығына қызмет көрсету шығындарын 30 процентке дейін, энергия қорларын 60 процентке дейін төмендеткен. Жүйенің өзі электр энергиясын қажеттілігіне байланысты автоматты түрде берілуін реттейді. Шымкент қаласында жол-көлік оқиғаларын, фото-бейне түсіру жүйесін енгізу арқылы жол жүру ережелерін бұзу жағдайлары 17 процентке азайған. Ал Алматы облысындағы Қорғас бекетінде адамның келбетін тану жүйесіне алғаш сынақ жүргізгенде, іздеу шараларына жұмсалатын уақыт 15 процентке дейін азаяды деп болжанған. «Өңірлердің барлығы «ақылды қала» жасауға негіз болатын сервистерді жасауда кең ауқымды жұмыс жасап жатыр. Мектептердің 87 процентінде интернет қолжетімді. Қала мен ауыл оқушылары арасындағы білім алшақтығы шамамен 30 процентке төмендеді. Мемлекеттік қызметтер оңтайландырылды және автоматтандырылды. Электронды медициналық картаны қолдану және қағаз нұсқасынан бас тарту аясында медициналық карталарды жоғалту факторы толық жойылды», деді министр.
Алты айда 421 нысан сатылды
Үкімет отырысында жекешелендіруді жүргізу барысы да қаралды. Осыған орай баяндама жасаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың хабарлауынша, осы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша кешенді жоспардың 887 нысанынан сауда-саттыққа 502-сі шығарылып, олардың 421-і 216 млрд теңге сомасына сатылған. 266 нысан қайта ұйымдастыру және тарату сатысында тұр. Осылайша, қайта ұйымдастырылатын және таратылатын нысандарды қоса есептегенде, жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалуы 77,4 процентті құрайды.
«Биыл бірінші жартыжылдықта сауда-саттыққа 104 нысанды шығару жоспарланды. Іс жүзінде 89 нысан шығарылды және 15 нысан бойынша қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешім қабылданды. Олардың ішінен 36 млрд теңгеге 39-ы сатылды», деді министр Б.Сұлтанов. Жалпы, кешенді жоспардың 63 нысанының бүгінгі күнге дейін 110,5 млрд теңгеге 15-і сатылған. Осы жылы 39 нысанды сату жоспарланып отыр. Бірінші жартыжылдықта оның 8-і сауда-саттыққа шығарылып, 2-і сатылған. Қалған нысандар бойынша сату алдындағы дайындық және әлеуетті сатып алушылармен келіссөздер жүргізілуде.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»