Әділетті сайлау – басты міндетіміз
Елбасы Н.Назарбаев «Нұр Отан» ХДП сайлауалды штабына осындай міндет қойды
Кеше ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өткізілген мерекелік шаралармен қатар, Мәжіліс және мәслихат сайлауларына қатысатын саяси партиялар үшін үгіт-насихат жұмыстары басталып та кеткен-ді. Осы күні Қазақстан Президенті, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның республикалық қоғамдық штабында болды.
«Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында Елбасы сараптама-талдау тобының, баспасөз және логистикалық орталықтары жұмысымен жан-жақты танысты. Сонымен бірге, осы жерде өңірлермен бейнемәжіліс түрінде партияның сайлауалды өңірлік штабының жетекшілерімен селекторлық кеңес өтті. Кеңесті ашқан партия Төрағасы Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар сайлауына дайындық барысын жоғары бағалап, оның дәл 16 желтоқсан күні басталғанында терең мән жатқандығын жеткізді. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы Қазақстанның дамуының жаңа тарауын ашып беріп отыр. Мәжіліс сайлауы қазақстандық саяси жүйені демократияландырудың жаңа кезеңі болуы керектігін тілге тиек еткен Нұрсұлтан Әбішұлы оның қорытындысы бойынша төменгі палата құрамында кемінде екі саяси партия болуы керектігін ерекше атады.
«Нұр Отанның» республикалық қоғамдық штабы кеңесінің отырысында Елбасы ерекше көтеріңкі көңіл күйде болды. Залға жиналған партия мүшелерімен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, ара-арасында әзілдеп те отырды. Алдымен сөз «Родина» ЖШС төрағасы Иван Сауэрге берілді. Ол жекешелендіру кезінен бері өз шаруашылығындағы 480 үлесшінің әлі бірде-біреуі ұжымнан шықпағанын, оның әрқайсысының үлесі 600 есе өскендігін ортаға сала отырып, осының барлығы да Елбасының сарабдал саясаты арқасында мүмкін болғандығын жеткізді.
Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаттары Айткүл Самақова мен Дарья Клебанова қарапайым тұрғындар тарапынан Елбасыға деген ерекше ілтипаттың сақталып отырғандығын айта келіп, сондықтан да қолдауға әзір екендігіне сендірді. Ал «Халық Қаһарманы», генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев Отан қорғау өзінің бала кезінен арманы болғанын, сол арманына қол жеткізгенін мәлімдеп, осы уақытқа дейін жасаған қызметі Отанымызды қорғау мақсатымен үндес шыққанын жария етті. Ол сондай-ақ қазіргі таңда ардагерлерге көптеген қолдаулардың болып жатқандығын атап көрсетті.
Ал «Сауап» республикалық қоғамдық қорының президенті, жазушы Бақытбек Смағұл тіпті мерекеге орай бір шумақ өлең де оқып берді. Ол өз сөзінде біздің 20 жыл ішінде қол жеткен ең үлкен жетістіктеріміздің бірі – тұрақтылық, татулық және бейбітшілік екенін баса айтты. Ол тек қана Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында қол жетіп отырған табыстар. Олай болса, «Нұр Отан» партиясы Президенттің маңызды бастамаларын жүзеге асырып, елімізді көркейтуге, халықтың тұрмысын жақсартуға зор үлес қосып келе жатқан халықтық ұйым, деген ұстанымымен де бөлісе кетті.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Мемлекет басшысын республикалық қоғамдық штаб сайлауға толық дайын екендігінен хабардар етті. Ол сайлауға дайындық барысы оның өтетін мерзімі анықталған күні-ақ басталып кеткендігін жеткізді. Еліміздің барлық өңірінде 226 штаб құрылған. Қазақстанның тиісті сайлау заңнамасына толық жауап беретін сайлауалды науқанның желілік кестесі мен медиа-жоспары әзірленіп, заң сараптамасынан өткендігін де ортаға салды. Сайлауалды штабтар құрамына қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері кірсе, одан басқа тағы 64 мыңдай ерікті тартылғаны белгілі болды.
– Еліміз тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде жеткен жетістіктері біздің үгіт-насихат жұмыстарымыздың негізгі тақырыбына айналады, сонымен бірге, Қазақстанда жүргізіліп жатқан әлеуметтік саясат артықшылықтарына да баса назар аударылатын болады, – деді республикалық штаб жетекшісі өзінің сөзінде. – Және барлық сайлаушыларға сайлауалды тұғырнамада көрсетілген мақсаттар мен міндеттерді жеткізу көзделуде. Насихат жұмыстары барысында халыққа, әсіресе, жергілікті жерлердегі тұрғындарға 20 жылдық дамудың негізгі табыстарын, ең бастысы – осы жетістіктердің әрбір қазақстандыққа, әрбір отбасына қалай оң әсерін тигізгенін түсіндіру негізгі міндет болып табылады. Сондықтан да үгіт-насихат жұмыстары еліміздің барлық аймақтарын қамтып, әр түрлі аудитория үшін нақты жүргізілмек.
Селекторлық кеңес барысында, сонымен қатар, партияның сайлауалды өңірлік штабының жетекшілерінің баяндамалары тыңдалды. Мемлекет басшысы барлық партиялардың, сондай-ақ мемлекеттік органдардың сайлауалды науқан кезеңінде қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтау қажеттігіне назар аударды. «Біздің алдымызда әділетті және таза сайлау өткізу міндеті тұр. Барлық билік органдары тек өз істерімен айналысып, сайлау науқанының барысына кедергі келтірмеулері керек, – деді Мемлекет басшысы қатаң ескертіп. – Осыған орай Бас прокуратураға заңнаманың сақталуын қадағалауды, оның бұзылуы фактілері туралы шағымдар мен өзге де өтініштерге жедел жауап қайтаруды қамтамасыз етуді тапсырамын. Сайлауды бақылауды және қоғамдық тексеруді қамтамасыз ету бағытында Байланыс және ақпарат министрлігіне Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп, барлық саяси партиялардың бұқаралық ақпарат құралдарына тең қолжетімділігін қамтамасыз етуді жүктеймін. «Нұр Отан» мен өзге де партиялардың негізгі басымдықтары бірлікті және қоғамның тыныштығын нығайту болуы тиіс.
Елбасы келесі кезекте қазіргі таңда «Нұр Отан» өзінің халықтық партия екенін дәлелдегенін атап өтті. Президенттік сайлау қазақстандықтардың жүргізіліп отырған саясатты толық қолдайтынын және ұлттың стратегиялық бағытпен жүруге дайын екенін анық көрсетті. Біздің партиямызға 850 мыңнан астам адам мүше. Еліміз бойынша 7 мың бастауыш ұйымдары жұмыс істейді. Сондықтан біз адамдарға не керектігін, елімізге не қажет екендігін білеміз. Сайлауалды науқан кезеңінде болашақ дамуымыздың стратегиясын, оның негізгі басымдықтарын халыққа түсіндіру маңызды, деді. Аталған басымдықтар партияның «Ұлттық іс-қимыл жоспары. Қазақстан. Мақсаттар 2017» сайлауалды тұғырнамасында және Елбасының «Нұр Отан» ХДП-ның XIV съезінде сөйлеген сөзінде көрініс тапқан. Бұл – партияның сайлауалды штабының басты міндеті.
Жалпы, нұротандықтар өз мақсаттарын әрбір үйге кіріп, әрбір сайлаушыға жеткізуге дайын. Себебі, партияның сайлауалды тұғырнамасы – Қазақстанның алдағы 5 жылдық даму жоспары. Оның негізін Президент стратегиясы мен «Халықтың дауысы» акциясы арқылы жиналған халықтың тілегі құрайды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.
Шеруін Алматыдан бастады
Мәжіліс сайлауына қатысатын саяси партиялар үшін насихат жұмыстарын жүргізу бастау алса, одан Қазақстан Патриоттары партиясы да сырт қалған жоқ. Аталған партия мүшелері алғашқы шараларын кеше Алматыда өткізді.
Алматы тұрғындары еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтуді «Тәуелсіздік монументіне» гүл шоқтарын қою арқылы азаттық жолында құрбан болған ұлт батырлары рухына тағзым етуден бастады. Қолдарына гүлдесте ұстап келе жатқан Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері мен саясаткерлер арасында партия төрағасы Ғани Қасымов та болды.
– Біз еліміздің прогресс және демократия жолымен ілгері жүруін қалаймыз. Тәуелсіздік, азаттық жолында жандарын пида еткендер осы күнді көре алмай кетті. Сондықтан бүгінгі ұрпақ егемендіктің қадірін түсіне білулері тиіс... Жалпы, Отанымыз жиырма жылда толайым табыстарға қол жеткізді, болашақта осы бағыттан таймай, экономикасы дамыған, іргелі мемлекет болып қалыптасу жолында жұмыс істеуіміз керек, – деді Ғ.Қасымов.
Айнаш ЕСАЛИ.
«Руханиятқа» арналған фильм
Кеше сайлау науқанына қатысатын партиялардың бірі – «Руханият» сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына кірісіп кетті. Партия ел экономикасын көтеруді, әлеуметтік мәселелерді шешуді, биік адамгершілікті және рухани бай қоғамды дамытуды өзінің басты бағдары етіп алған.
Партияның кезектен тыс VІІІ съезінде партия төрағасы Серікжан Мәмбеталин «Руханият» партиясының Жарғысына өзгеріс енгізілгенін атап өте келе, партия ұсынған кандидаттардың барлығы дерлік жоғары білімді, саясаттан хабары бар, көзі ашық адамдар екендігін алға тартқан болатын.
«Руханият» партиясы үгіт-насихат жұмыстарын кеше Алматыда патриоттық фильмнің тұсаукесерімен бастады. Жуырда ғана түсірілген «Айша» фильмінің режиссері Еркін Рақышев 7 сериялы туындысын «Руханият» партиясына арнайтындығын жеткізді. Режиссер Еркін Рақышевтің «Руханият» партиясына қабылданғаны күні кеше ғана екен. «Бүгінгі таңда ең бастысы, халықтың мүддесін қорғау, солар үшін жұмыс істеу. Бұған қоса, тіл мәселесі, жұмыссыздық мәселесі де бар», – деді режиссер.
Мамадияр ЖАҚЫП.
Ұсыныс-пікірлер де тыңдалады
Кеше Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының саяси басшылығы партияның Астана қаласындағы республикалық штабында бас қосып, Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауындағы саяси бәсекеге дайын екендіктерін мәлімдеді.
Партия өздерінің сайлауалды үгіт жұмыстарын ең алдымен еліміздің шалғайдағы елді мекендерінен бастап отыр. Бұл бағдарламаның бастапқы бөлігі болса керек. Сондықтан да кездесулерде партия өкілдері сайлаушыларды өздерінің сайлауалды тұғырнамасымен таныстырып қана қоймай, сайлаушылардың да ұсыныс-пікірлерін тыңдап, оларды шешу жолдарын қарастырмақ.
«Біздің партия сайлауалды үгіт жұмыстары басталған күні еліміздің бірқатар елді мекендерінде болып, сайлаушылармен кездесулер өткізді, – деді «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев бізбен әңгімесінде. – Еліміздің 8 облысындағы сайлаушылармен кездесу барысы көрсеткендей, көпшілікті әлеуметтік мәселелер толғандырады екен. Бұлар негізінен коммуналдық қызмет көрсету тарифтерінің қымбатшылығына, жұмыссыздыққа, тұрғын үймен қамтамасыз етуге байланысты».
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.
Кез келген партияға үлкен сын
Кеше Алматыда Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының еліміздің 16 өңірінен келген өкілдерінің қатысуымен партияның сайлауалды алғашқы жиыны болып өтті. Партия басшыларының пікірінше, еліміздің Парламенті міндетті түрде көппартиялы болуы тиіс.
«Еліміздің Президенті айтқандай, көппартиялы Парламент болуы үшін оған қазіргі билікке пікірін ашық, орынды және дәлелді айтып жүрген партия кіру керек деп ойлаймын, – деді Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бас хатшысы Әміржан Қосанов. – Осындай көппартиялы Парламентті құра алатын болсақ, онда халқымыздың, қоғамымыздың дамуының үлкен кезеңі болмақ».
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының сайлауалды тұғырнамасында, жоғарыда атап өткеніміздей, әлеуметтік салаға баса мән берілген. Енді олар өздері дайындаған әрі қабылдаған тұғырнама аясында еліміздің барлық өңірлеріне барып, сайлауалды үгіт жұмыстарын жүргізетін болады.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына партиялық тізіммен 54 кандидат тіркелген еді. Кандидаттардың құрамында бес ұлттың өкілі бар.
Қанат ЕСКЕНДІР.
Халық жақсы өмірге лайықты
Кеше Алматы көшелерінде таңсәріден бастап халықшыл коммунистерді қолдауға арналған үнпарақтар таратылып, ұрандар мен түрлі-түсті плакаттар ілінді. Партия атынан Парламент Мәжілісінің сайлауына 21 адам қатысуда. ҚКХП биылғы сайлауға тұғырнамасын жан-жақты әзірлеп, алға қойған мақсат-міндеттерін айқындап келіп отыр. Партия алға қойған міндеттердің барлығы ҚКХП-ның «Қазақстанның болашағы үшін» деп аталатын бағдарламасында нақты көрсетілген.
Парламент Мәжілісі депутаттығынан үміткерлердің бірі Галина Баймұханованың айтуынша, қазіргі кезде халықтың әл-ауқатын жақсарту – өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан біз еңбекші халықтың мүддесін қорғай отырып, байлармен емес, кедейшілікпен күресуді де мақсат етудеміз. Біздің елдің әрбір азаматы жақсы өмір сүруге лайықты. Депутаттыққа кандидаттардың ішінде дәрігерлер, педагогтар, ғалымдар, бизнесмендер, шаруалар мен басқа да мамандық иелері бар. Осылайша біз Парламент Мәжілісіне қарапайым халықтың арасынан суырылып шыққан азаматтардың да сайлануы керек екенін көрсеткіміз келеді, дейді Г.Баймұханова.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
Басты бағдарлары айқын
Кеше Мәжіліс депутаттарының сайлауы бойынша үгіт-насихат жұмыстары басталып кетті. Алдағы саяси додада өз күш-қайратын сынайтын мұндай партиялардың бірі – Қазақстанның Социал-демократиялық «Ауыл» партиясы.
2 желтоқсан күні Қазақстанның Социал-демократиялық «Ауыл» партиясының кезектен тыс VIII съезі өткен болатын. Бұл жиында партияның сайлауалды тұғырнамасы бекітіліп, «Ауыл» партиясының атынан кандидаттар тізімі ұсынылған-тын. Ғани Қалиев жетекшілік ететін бұл партияның негізі 2000 жылы қаланса, бүгінде оның құрамына 200 мыңнан астам азамат топтасып үлгерген.
Партияның VIII съезінде: «Мен «Ауыл» партиясының беделі үшін қолымнан келгенше күресемін. Ендігі Парламентке мүше болатын адамдардың ішінде құрығанда ұлттың мүддесін қорғайтын 10 адам керек», деп сөз сөйлеген «Мәдениет» журналының бас редакторы, жазушы Дулат Исабековтің, сондай-ақ, «Ауыл» партиясы мүшелерінің көздеген мақсат-міндеттерінің қаншалықты деңгейде жүзеге асатыны уақыт еншісінде. Әзірге, «Ауыл» партиясы ел-елді аралап, үгіт-насихат жұмыстарына батыл кірісіп кетті.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.
40 пайыз дауыс жинамақ
Кеше Астанада «Әділет» демократиялық партиясы сайлау науқанын бастап кетті. «Әділет» партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаевтың айтуынша, Парламент Мәжілісіне сайланған жағдайда олар кең көлемді конституциялық реформаларды жүргізіп, заң шығарушы органның өкілеттігін арттыруға, тәуелсіз сот жүйесін қалыптастырып, атқарушы биліктен тәуелсіз облысаралық округтік және халықтық бейбіт сот билігін, яғни билер сотын орнатуға күш салатын болады.
– Қазіргі кезде елімізде азаматтардың еңбек құқын заң жүзінде қорғау қажеттілігі туындап отыр, – дейді М.Нәрікбаев. – Олардың арасында аула сыпырушы, бала бағушы, базарда сатушы болып жұмыс істейтін адамдар көп. Біздің партияның мақсаты – әрбір азаматтың заңды мүддесі мен құқын қорғап, олардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау.
Бұған дейін Әділет партиясы сайлаушылардың 10 пайыз дауысын жинайтынына сенімді болса, қазір өздерінің бағдарламасында көрсетілген басым бағыттардың нәтижесінде халықтың 40 пайыз дауысын жинайтындарына үміттенетіндерін білдіруде.
Қазір партиялық тізімдегі 59 үміткердің ішінде Мақсұт Нәрікбаев, Уәлихан Қайсаров пен Мұрат Раев сияқты елімізге белгілі азаматтар бар.
Дастан КЕНЖАЛИН.