Қазақстан суретшісі, АТОМ жобасының Құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков 2018 жылғы «Ядросыз болашақ үшін» сыйлығының лауреаты атанды. Халықаралық қазылар алқасы мүшелерінің шешімі 16 шілдеде «Ядросыз болашақ үшін» сыйлығы қорының сайтында жарияланған. Сыйлықты тапсыру рәсімі қазан айында Зальцбургте (Аустрия) өтеді.
Кәріпбек Күйіковпен бірге аустралиялық Джефри Ли және ұлыбританиялық Линда Уолкер сыйлыққа лайық деп танылған. Тағы екі сыйлықты француз суретшілерінің жұбы Дидье және Полет Ангерге және олардың аустриялық әріптесі Питер Вейшке бұйырған.
«Бұл сыйлық – бүкіл Қазақстанның еңбегі! Бұл – еліміздің, АТОМ жобасының бастамашысы – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен және ауыр жұмысының бағасы. Республикамыз өзінің жеке үлгісімен ядролық атомды таратпау және қарусыздану үшін қалай күресу қажеттігін көрсетті, сондай-ақ ядролық болашақ үшін немесе оған қарсы шешім қабылдау мәселесінде қобалжыған әлемнің басқа мемлекеттері үшін тірек болды», деді К.Күйіков.
АТОМ жобасы – жаһандық ядролық қарусыздану мен қоғамдық дипломатия саласында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың маңызды бастамасы. Бұл бастама БҰҰ жариялаған Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы әрекеттер күні 2012 жылғы 29 тамызда Астанада «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарудан азат әлемге» халықаралық конференциясында жарияланған болатын.
Қазіргі уақытта әлемнің 100 елінен 300 000-нан аса адам Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ДВЗЯИ) өз күшіне жедел енуін қамтамасыз ету жөнінде әлем лидерлеріне арналған үндеу мен АТОМ жобасының онлайн-петициясына қол қойған.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»