1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы қабылданды. Осы уақыттан бастап республика егеменді, демократиялық мемлекет мәртебесіне ие болып, өз территориясында өкімет билігін толық иеленіп, ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілеп, жүргізе бастады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХV сессиясында сөйлеген сөзінде: «Біз эволюциялық даму мен сала-матты прагматизмнің пайдасына, қарапайым адамдардың берекеттілі-гі мен өркендеуі үшін тоталитарлық өткеннен, сілкіністер мен жұмылдырушылық жолынан біржолата бас тарттық» деп атап өтті.
Қазақстандықтар мемлекеттік стратегияны басшылыққа ала отырып, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыруда, саяси жүйені жетілдіріп, демократиялық институттарды дамыту үстінде.
Ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін нығайту – Президент Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген біздің еліміздің магистральдық бағыттарының бірі болып табылады. Бұл «2010-2014 жылдарға арналған жедел индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасында» көрініс тапты. Бұл міндетті шешу жаңа технологияларды құру мен енгізуді, озық жобаларды жүзеге асыруды, еліміздің зияткерлік әлеуетін шоғырландыратын ғылыми-өндірістік кешендерді құруды талап етеді. Отандық жоғары мектепті халықаралық білім стандарттарына жетуге бағыттайтын бұл мақсаттар, «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» және «Ғылым туралы» жаңа Заңда ескерілген. Бұл еліміздің негізгі құқықтық құжаттарында, ең алдымен, Конституциясында негізге алынған стратегиялық басымдықтардың көрінісі болып табылады.
Үнемі алға қарай жылжу, қоғамдық саяси, әлеуметтік-экономикалық салалардағы өзгерістер айқын ілгерілеушілік сипатқа ие болуда. Қазақстан Республикасы әлемдік аренада өзін сенімді түрде танытып келеді. Бүгінгі таңда еліміз өзгерістерге, халықаралық интеграцияларға, халықтың тұрмысын жақсартуға ұмтылысымен тартымды болып отыр. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуы бойынша, «Бүгіндері Қазақстандағы реформалар тәжірибесінің нәтижелі екендігін халықаралық сарапшылар ғана емес, сонымен бірге әлемдегі басты мемлекеттер лидерлерінің өздері де мойындап отыр. Қазақстанның көшбасшылығы сәтті таңдап алынған өтпелі дәуірдің саяси-экономикалық үлгісіне негізделген». Сонымен қатар бұл стратегиялық бағыттың сәтті болуы көбінесе тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Президент негізін салған құқықтық іргетасқа негізделеді.
1990 жылы 25 қазандағы Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы қазақ мемлекеттілігінің егемендік құқығын нығайту үшін негізгі, түбегейлі құқықтық нормаларын белгілеп берді. Декларация Қазақ КСР аумағында Конституция мен заңдардың үстемдігін жариялады. Жер және оның қойнауы, су, ауа кеңістігі, өсімдік және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, оның аумағындағы барлық ұлттық байлықтар – экономикалық және ғылыми-техникалық әлеует Қазақ КСР-нің егемендігінің негізін құрайтын өзіндік меншігі болып жарияланды. Сонымен қатар декларация Қазақ КСР-індегі заң шығарудың ұлттық жүйесі туралы маңызды қағиданы бекітті. Бұл кейін мемлекеттік тәуелсіздік туралы Конституциялық заңда көрініс тапты. Қазақстандық қоғамның демократиялық, құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және мәдени қайта құрулар туралы басты идеяларын негізге алған осы Декларациядан, толық мемлекеттік тәуелсіздікті құру жолындағы елдің мемлекеттік-құқықтық жүйесін одан әрі дамытудың дайындық кезеңі басталды.
Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы еліміздің тәуелсіздік алуының бастамасы болып табылды. Декларация тәуелсіз қазақстандық мемлекеттіліктің негізін салды. Бұл құжатта Қазақстанның шынайы егемендігінің барлық белгілері: жекеменшік аумақ және азаматтық, билік дербестігі және тұтастығы, мемлекеттік бюджет, халықаралық қатынастардағы дербестік, мемлекеттік егемендіктің классикалық белгілері – Елтаңба, Ту, Әнұран, сонымен қатар жеке ұлттық валюта бекітілді. Қазақстан өзіндік дүниетанымы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, сонымен қатар, өзінің болашақ дамуын айқын көре алатын мемлекеттік-құқықтық қатынастардағы бірегей, қайталанбас субъект ретінде өзін танытты.
Қазақстанның тәуелсіздік алуы үшін көптеген қадамдар мен шешімдер қабылданып, қарастырылды, енді осыларға тек қана елдің тәуелсіздігін декларация түрінде емес шынайы түрде бекітетін заңдық сипат беру ғана қалды. Бұл міндет 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды қабылдаумен жүзеге асырылды.
Конституциялық заң Қазақстан Республикасын өз территориясында өкімет билігін толық иемденген тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет деп жариялады. Конституциялық заң мемлекеттің бағытын жекеменшіктің алуан түрлілігіне негізделген өзіндік қаржылық-несиелік, салық және кедендік саясаты бар дербес экономикалық жүйе құруға бекітті. Конституциялық заңда бекітілген экономикалық жүйе қаржы-несиелік, салық және кеден институттарын құрумен, 1993 жылы айналымға ұлттық валюта – теңгені енгізумен нығайтылды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен біздің республика аз уақыт ішінде мемлекеттіліктің барлық қажетті белгілерін құра білді.
Алғаш рет бірыңғай қазақстандық азаматтық белгіленді. Еліміздің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғау үшін Конституциялық заңда өзіндік әскери құрылымдарды – Қарулы Күштерді, Республикалық гвардияны, ішкі және шекара әскерлерін құру қарастырылды. Бұдан басқа, Конституциялық заң қазақ ұлтының өзінің мемлекеттік құрылысын өзі шешу құқығын растай отырып, тарихи тағдыр ортақтастығы қазақ ұлтымен біріктірген Республиканың барлық ұлттарының азаматтары, Қазақстанның біртұтас халқын құрайды, бұл халық Қазақстан Республикасындағы егемендіктің бірден бір иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі болып табылады деп танылды. Оны қазақ ұлтымен бірге ортақ тарихи тағдыр біріктірген республиканың барлық ұлттары құрайды.
Қазақстанның конституциялық даму үдерісінің бай тарихы бар. Қазіргі уақытта мемлекеттік құрылыстың тарихи міндеттерін шешуде үлгі бола алады. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған уақыттан бері екі Конституция қабылдады. Алғашқы Конституцияны 1993 жылы 28 қаңтарда Республиканың Жоғарғы Кеңесі қабылдап, Конституция нормаларының тікелей әрекетін бекітті. КСРО құлаған соң Қазақстан халқына өзінің толыққанды мемлекеттілігін құруға мүмкіндік туды. Бұл мүмкіндікті Қазақстан халқы пайдалана білді. Ол 1990 жылдары әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардан, егеменді Қазақстанның алғашқы Конституциясын қабылдаудан бастау алды. Алғашқы Конституцияны қайта бағалау қиындық туғызады, онда қазіргі конституционалдық негізгі идеялары – билікті бөлу принциптері, адам құқықтары мен бостандықтарының үстемдігі, Қазақстан халқының әлемдік қоғамдастық қатарында болу идеясы, соттық бақылау және басқалары көрініс тапты. Егемен Қазақстанның алғашқы Конституциясының ережелерін жүзеге асыру қоғам өмірінің көптеген салаларында жағымды өзгерістерге жәрдемдесті. Саяси, экономикалық, құқықтық және әлеуметтік салаларды реформалауда Конституция басты құрал болып табылды.
Демократияның негізгі институттарының қызмет етуі біздің көргеніміздей алға жылжудың дәлелі болды. Бұл 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасының келесі Конституциясынан ерекше байқалды. Бұл Конституцияға алғаш рет азаматтың құқына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді. Ол бойынша президенттік басқару жүйесіндегі мемлекетке сай, Қазақстан Республикасының Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы болып табылады, билік тармақтарынан жоғары тұрады. Сонымен қатар Парламент туралы конституциялық бөлім өзгерістерге ұшырады.
Қазіргі қолданыстағы Конституция жалпы халықтық референдум нәтижесінде қабылданып, Президенттің айтуынша шынайы «қоғамдық келісімшарт» болды. Жаңа Конституция жобасын талқылауға 3 миллионнан астам қазақстандық қатысып, 31 мыңнан астам ұсыныстар жасалды. Еліміздің екінші Конституциясы мәні жағынан конституциялық құрылыс негіздерін, тәуелсіздік алған уақыттан бастап Республикада болып жатқан өзгерістерді бекіткен заңдық акті болып табылды. Қазақстанның конституциялық дамуы құқықтық мемлекетті құру идеясы – алғаш рет мемлекеттік егемендік туралы Декларацияда жарияланды және одан әрі Негізгі Заңда бекітілгендігін көрсетті. Бұнымен бірге басты принциптер арасында мемлекеттік билікті заңшығарушы, атқарушы және сот билігі деп бөлу принципі де жарияланған болатын.
Конституцияның қабылдануы мемлекеттің ғана емес, сонымен қатар, қоғамдық өмірдің барлық жақтарын қамти отырып, көп мақсатты және кешенді сипатқа ие болатын конституциялық үдерістердің маңызды кезеңі болып табылды.
Конституция мемлекеттің басты заңы ретінде – ұлттық құқықтың қайнар көзі, барлық құқықтық жүйенің өзегі, ағымдағы заңнамалардың заңдық базасы болып табылады. Құқық көздерінің жүйесінде басым шарттарды білдіретін, конституцияны қабылдау және өзгерту оған жоғары заңдық күш беретін ерекше тәртіппен қамтамасыз етілетін оның үстемдігі – Конституцияның Негізгі Заң ретіндегі маңызды заңдық қасиетіне жатады. Конституцияның бұл қасиеттерінде құқықтық мемлекеттің белгілерінің бірі – Негізгі Заңда көрсетілген құқықтың үстемдігі көрініс табады.
Конституцияның үстемдігі Қазақстан Республикасы егемендігі оның барлық аумақтарына тарайтындығын білдіреді. Ата Заңның үстемдігі елімізде конституциялық құрылыстың бекітілуін, құқықтық мемлекетті қалыптастыруға ұмтылысты, сонымен бірге мемлекеттің өзінің Конституцияға бағынуын білдіреді. Конституцияның үстемдігі оның әрекеттілік шынайылығымен, қоғам өмірінің барлық салаларына шешуші әсер ету мүмкіндігімен қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы қоғамдағы демократиялық үдерістерді қалыптастыруды бекітті. Конституцияның алғысөзінде «Қазақстан халқы егемендік құқығын негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдайды» деп бекітілген. Егер халық егемендігі идеясын негізге алатын болсақ, онда Конституциялық норманың құрылтайлық сипаты туралы айтуға болады. Конституциялық ережелерде халық бостандығы, жүзеге асырылады да, Конституция нормалары құрылтайлық, яғни алғашқы сипатқа ие болады.
Дәл осы Конституция арқылы Қазақстан халқы мемлекетті құрды, оны басқарудың, құрылымының түрлерін, әлеуметтік-экономикалық құрылыстың негіздерін, адам мен азамат мәртебесін белгіледі. Ол мемлекеттік биліктің ұйымдастыруымен жүзеге асыруымен, тұлғаның құқықтық мәртебесімен байланысты қоғамдық қатынастардың басты, негізгі топтарын бекітеді, басқа заңдардың нормаларына қарағанда құқықтық реттеудің талдап қорытудың анағұрлым маңызы құқықтық нормаларынан тұрады. Бұл Конституция қабылдануы тиіс нақты заңдарды көрсете отырып, құқықтық реттеуге жататын қоғамдық қатынастардың салаларын қарастыруынан көрінеді.
Мемлекеттік-құқықтық құрылыстың дамуындағы жаңа кезең 2007 жылы 21 мамырда «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдаумен белгіленді. Онда Негізгі Заңдағы ел үшін маңызды жаңалықтар жарияланды. Бұнымен қоса, уақыттың сынынан өткен мемлекеттік құрылыстың қазақстандық үлгісінің өлшемдері сақталды. Азаматтық институттың жан-жақты дамуына, мемлекет пен қоғамның қарым-қатынастарын үйлестіретін бағыттың арқасында осы Заң мемлекет пен тұлғаның белсенді өзара әрекет етуіне қойылған конституциялық тыйымдар мен шектеулерді алып тастады, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жаңартты. Ол қазіргі уақытта еліміздің ішкі жағдайы мен оның мұқтаждықтарына толық жауап береді.
Тәуелсіздіктің қалыптасу жылдарында Қазақстан Республикасы көптеген жетістіктерге жетті. Мемлекетте елдің саяси және экономикалық жүйесін дамытуға бағытталған жаңа құндылықтар, жаңа бағдарлар бар, тиімді әлеуметтік-саяси жүйе жүзеге асырылды. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін жағдайлар жасалуда. Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық жолдың – еркіндік, бірлік, тұрақтылық, гүлдену сияқты негізгі құндылықтары қалыптасты. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында Тәуелсіздік мерейтойының ұраны – бейбітшілік пен жасампаздықтың жиырма жылы деп белгіленді.
Еркін КӨБЕЕВ, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор.