Ізгі мұраттарды көздеп, ілкімді жүзеге асырыла бастаған «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бүгінде еліміздегі ең танымал әлеуметтік бастамалардың бірі саналады. Қазір халықтың жобаға деген қызығушылығы орасан зор. Бұл жоба жастардың сапалы білім алып, тұрақты жұмыс табуына зор мүмкіндік берері сөзсіз. Алайда, көпшіліктің көкейінде әлі де бірқатар сауал бар. Бұл әсіресе, жобаға қатысу шарттары, оқу орындары мен мамандықтар, білім гранттарының қалай бөлінетіндігі төңірегінде болып отыр.
Негізі аталған жобаның екі маңызды тұсы бар. Біріншісі экономикалық. Қазіргі таңда еліміздің 9 өңірінде бала туу деңгейі төмен және сыртқы жаққа көшіп-қону басым болғандықтан, кадр тапшылығы сезіле бастады. Бұл мәселенің өзектілігі жылдан-жылға ушығып барады. Алдағы жылдарда индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында іске қосылатын өндірістерде жұмыс күшінің тапшылығы айрықша байқалады. Сондықтан «Серпін-2050» жобасы арқылы сол өңірлерге халық саны көп облыстардан жастарды әкеліп, жергілікті оқу орындарында қажет мамандықтар бойынша білім беріп, жұмысқа қалдыру арқылы кадр мәселесін шешу өзекті.
Екінші маңызы әлеуметтік проблемаларды шешу. Республикамыздың 5 облысында бала туу деңгейі жоғары, тұрғындар саны жылдан-жылға қарқынды өсуде. Аталған өңірлерде мектеп бітіруші түлектердің жергілікті жерде оқуға түсуі қиын және мамандық алғаннан кейін басым көпшілігі жұмыссыздар қатарын көбейтеді. Жоба арқылы осы 5 облыста мектеп бітірген жастарға 9 өңірдегі оқу орындарына «Серпіннің» арнайы гранты бөлінеді. Сонымен қатар, қосымша әлеуметтік көмек көрсетіліп, оқыған өңірлерінде қоныстанып қалған жағдайда 100 пайыз жұмысқа орналасуға мүмкіндік жасалады.
Облысымызда «Серпін» жобасы бойынша бірқатар жұмыс атқарылуда. 2014-2015 оқу жылдарында Зеренді ауданындағы Шағалалы ауылындағы Агробизнес колледжі оңтүстік өңірден келген 75 білім алушыны қабылдады. Щучье қаласындағы Экология және орман шаруашылығы колледжінде 25 жас білім алуда. Сондай-ақ осы қаладағы жоғары колледжде 25 оқушы оқыса, Қатаркөл ауылындағы Ауыл шаруашылығы колледжінде де 25 білім алушы бағдарлама бойынша білім алып, кәсіп меңгеруде. Ал Целиноград ауданына қарасты Новоишимка ауылындағы №9 агротехникалық колледжде 50 адам оқиды.
Өткен 2016-2017 оқу жылдарында да жоғарыда аталған колледждерге ұзын-ырғасы 133 білім алушы оқуға қабылданды. Жыл өткен сайын еліміздің оңтүстігінен келетін білім алушылар саны өсе түсуде. Мәселен, 2017-2018 оқу жылдары Бурабайдағы Қатаркөл колледжіне 20 адам, Зеренді ауданындағы Шағалалы агробизнес колледжіне 115 адам, Көкшетау қаласындағы көп бейінді Азаматтық қорғау колледжіне 20 адам, Шортанды ауданындағы Бозайғыр селосындағы №5 агро-техникалық колледжге 5 адам қабылданса, өзге де бірқатар кәсіптік-техникалық оқу орындарына оқуға түсіп, білім алып жатқандар қатары аз емес. Білім алушылар жатақханамен, ай сайын төленетін шәкіртақымен, ыстық аспен және қысқы киім-кешекпен қамтамасыз етіледі. Жоғарыда аталған колледждерде тәрбие жұмысының қызғылықты шараларды қамтитын жоспары түзілген. Жалғыз білім ғана емес, білім алушы жастардың бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға да айрықша мән беріліп отыр.
«Мәңгілік ел жастары – индустрияға» бағдарламасы бойынша білім алған студенттердің алғашқы легі 2017 жылдың ақпан айында үлкен өмірге жолдама алды. Шағалалы селосындағы Агробизнес колледжінен 63 түлек, Щучье қаласындағы экология және орман шаруашылығы колледжінен 19 түлек өздері қалаған мамандықты меңгеріп, жүрек қалауы бойынша еңбек етпек. Сөз арасында 2016-2017 оқу жылдарында аталған бағдарлама бойынша білім алған 109 жастың 80 пайызға жуығы өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасты. Олар негізінен Астана қаласы мен Ақмола облысында еңбек етуді ұйғарып отыр. Арасында жоғары оқу орындарына түсіп, білімін жетілдіруді дұрыс көргендер де, республика Қарулы Күштері қатарында азаматтық борышын өтеуге аттанғандар да бар. Егер осындай себептерді ескерсек, колледжден кейін үлкен өмірден өз орындарын табуы жүз пайыз болып есептелер еді.
Енді «Серпін» жобасы бойынша білім алған түлектердің кейбір проблемаларын да айта кеткеніміз жөн болар. Оның ішінде ең маңыздысы, түлектердің өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасқанымен, тұрғын үй мәселесі шешімін таппай отыр. Ендігі бір мәселе, колледж мамандарының оңтүстіктегі қалың елді аралап, кәсіби бағдар бойынша жарнама жасауына жолсапар шығыны ескерілмеген.
Қорыта айтқанда, жастар белгілі бір кәсіпті игеруге ынталы. Бұл үшін тамаша жағдай туып отыр. Осы бір мүмкіндікті шалғайдағы шағын ауылдардың жастары да қалт жібермесе деген тілек бар.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы