Өскеменде 11-18 шілде аралығында Астана қаласының 20 жылдығына орай волейболдан қыздар командалары арасындағы клубтық Азия чемпионаты өтті. Осымен екінші жыл қатарынан Шығыс Қазақстанда жалауын желбіреткен дүбірлі додаға сары құрлықтың кіл мықты командалары жиналды.
Ала доп аламанының ашылу салтанатына Азия волейбол конфедерациясының өкілдерімен бірге Қазақстан волейбол федерациясының президенті Нұртай Әбіқаев та арнайы қатысып: «Баршаңызды осынау спорт мерекесінің басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Жапония, Қытай Халық Республикасы, Тайланд, қытайлық Тайбэй, Иран, Вьетнам, Шри-Ланка, Индонезия елдерінің спортшыларына, қонақжай қазақ еліне, шұғылалы Шығыс жеріне қош келдіңіздер дейміз. Сондай-ақ бізге осындай ауқымды шараны тағы бір мәрте өткізу міндетін сеніп тапсырған Азия волейбол конфедерациясы басшылығына рахмет айтамыз. Құрлықтың мықтылары қатысатын жарыс тартысты да қызықты ойындарға толы болады деп сенеміз», деп өз құттықтауын жеткізді.
Жарыс алдында өткен баспасөз мәслихатында өскемендік «Алтай» командасының бас бапкері Юрий Панченко ойын оңай болмайтынын, негізгі бәсеке бір жыл бұрынғыдай Тайланд, Жапония, Қытай және Қазақстан командалары арасында өрбитінін айтқан-ды. «Мұндай байрақты бәсекенің екі жыл қатарынан бір елде, бір қалада өткізілуі көп нәрсені аңғартса керек. Өз басым былтырғы біріншілікті көрмесем де биылғы дода ұйымдастырылуы жағынан одан асып түсетініне сенемін.
Облыс басшылығы алдымызға кем дегенде финалға шығу міндетін қойып отыр. Өйткені Өскемен қаласы Әлем біріншілігін де өткізуге қамданып жатыр. Демек, біз биылғы додада жоғары нәтиже көрсетіп, сол жаһандық сайысқа жолдама алуымыз керек. Қалай дегенде де, жанкүйерлеріміздің сенімін ақтағымыз келеді», деген еді бас бапкер. «Алтайдың» капитаны Сана Анарқұлова: «Былтырғы жарысқа дайындығымыз нашарлау болғаны рас. Алайда биыл бәрі керісінше, Түркияға барып, нәтижелі оқу-жаттығу жиындарын өткізіп қайттық. Сонымен қатар командаға бірқатар белді ойыншы келіп қосылды», деп биыл былтырғыдай емес, сайысқа сақадай сай екендіктерін жеткізген-ді.
Баспасөз мәслихатында чемпионаттың былтырғы жеңімпазы, Тай елінің атынан сынға түсетін «Суприм» командасының бас бапкері Натапхон Срисамутнак бірдеңе сезгендей «былтырғы жетістігімізді қайталауға тырысамыз. Өз командамның жеңіске жететініне шамамен 80 пайызға сенемін» деп өздеріне сенімділігін аңғартқан еді.
Сонымен, 8 күнге созылған сайыс аяқталып, жеңімпаздар анықталды. Өкінішке қарай, «Алтай» қыздары былтырғы қарсыластарын айналып өте алмады. Төртінші орынды иеленді. Былтырғы сценарий биыл да тұп-тура қайталанды деуге болады. Тайландтық «Суприм» – 1, жапониялық «НЕК Ред Рокетс» 2-орынды қанжығаларына байласа, үздік үштікті Қытай елінің «Цзянсу» командасы түйіндеді.
Дүбірлі доданың жабылу салтанатына аймақ басшысы Даниал Ахметов арнайы қатысып, ойыншыларға жылы лебізін білдірді. «Бүгін әйелдер командалары арасындағы клубтық Азия чемпионаты аяқталып отыр. Бір апта бұрын спортшыларымыз өз елінің намысы үшін айқасуға дайын еді. Енді олар досқа айналды. Аптаға созылған волейбол мерекесіне қатысқан баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Спортшыларға демеу болған жанкүйерлерге де ерекше алғысымды айтамын», деді облыс әкімі.
Доп додасының жабылу салтанатында жекелей есепте жоғары деңгейлі ойын көрсеткен спортшылар арнайы марапатқа ие болды. Чемпионатқа арнайы дайындалған медальдар ең үздік ұжымдарға табысталды. Оның ішінде «Суприм» волейболшылары «Байтерек» үлгісіндегі Кубокке иелік етті. Сонымен қатар «Суприм» командасының ойыншысы Коньот Айчарапорн – «Үздік ойыншы», Ольга Дробышевская («Алтай»), Коньот Айчарапорн («Суприм»), Хироши Нанами («НЕК Ред Рокетс») – «Үздік шабуылшы», Наталья Шаршакова («Алтай»), Ченью Ванг («Цзянсу») – «Үздік орталық тосқауылшы», Ванкианбай Ронг («Цзянсу») «Үздік байланыстырушы» және Саяка Ивасаки («НЕК Ред Рокетс») «Үздік либеро» номинацияларымен марапатталды.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН