Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде жаңа оқу маусымына дайындық тақырыбына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Іс-шараға Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин қатысты.
«Биылғы жылғы тамыздан бастап Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің аумақтық бөлімшелері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп білім беру мекемелерінің оқу жылының басталуына дайындығын бағалау бойынша жұмысты бастайды. Бұл жұмыстың аясында орналастыру жағдайларына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес мектептер ғимараттары мен үй-жайларының жағдайы мен күтіп-ұсталуы, ас блоктары, медициналық кабинеттерде қажетті жабдықтардың болуы, оқу кабинеттерінің, денешынықтыру залының, спорт алаңдарының болуы, оқу үй-жайларының қажетті жиһазбен жабдықталуы, физиологиялық толыққанды тамақтанудың ұйымдастырылуы тексеріледі. Санитарлық нормалардың сақталуына және мектепте тиімді гигиеналық жағдайларды қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.
Мектеп сөмкесін немесе рюкзакты баланың бойына және салмағына сәйкес дұрыс таңдау арқаның сау болуы үшін маңызды. Мектеп сөмкесін немесе рюкзакты сатып алғанда бірнеше негізгі жайттарды ескеру қажет. Мысалы, өлшемі, салмағы, анатомиялық түрі, конструкциясы, беріктігі, қолайлылығы, пайдаланылатын материалдардың сапасы және олардың қауіпсіздігі. Жүктемесі екі иыққа біркелкі түсетін нұсқаларды таңдау керек. Бұл бала денесінің симметриялық қалпын сақтауға көмектеседі. Осы ережелерді сақтау сколиоз, остеохондроз сияқты аурулардың және жарық ауруының пайда болуының алдын алу шарасы болып табылады. Олардың салмағы: 1-4-сынып оқушылары үшін 300 грамнан, 5-6-сынып үшін 400 грамнан, 7-9-сынып үшін 500 грамнан және 10-12-сынып үшін 600 грамнан аспауы тиіс», деді Ж.Бекшин.
Сонымен қатар ол жыл сайын мектеп оқулықтарына санитарлық эпидемиологиялық сараптама жүргізілетінін жеткізді.
«Мысалы, 2017 жылы 86 зерттеу нәтижелері бойынша екі үлгінің салмағы («Алматыкітап баспасы» ЖШС Алматы қ.) гигиеналық нормативтерге сәйкес келмеді. Олар қазақ тілінде оқытатын 1-сыныпқа арналған «Русский язык» оқулығы – салмағы 402 гр, норма бойынша 300 г, екіншісі, орыс тілінде оқытатын 1-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығы – салмағы 424 гр, норма бойынша 300 гр. Сонымен бірге «Алматы-кітап баспасы» ЖШС-ны тексеру кезінде жоғарыда көрсетілген үлгілерге санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізілмегені анықталды. Анықталған бұзушылықтар нәтижесінде «Алматыкiтап баспасы» ЖШС-ға аталған келеңсіздіктерді жою туралы нұсқама берілді, әкімшілік іс қозғалып, материалдары әкімшілік соттың қарауына жіберілді. Соттың қаулысы бойынша «Алматыкiтап баспасы» ЖШС комиссиялық сауда бойынша қызметі 1 ай мерзімге тоқтатыла отырып, айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды», деді Жандарбек Бекшин.
Сонымен қатар Ж.Бекшин оқушылардың киетін мектеп формасына тоқталды. Ол тігілетін мата баланың денесі демалатындай және аллергияның алдын алу үшін гигиеналық қасиетке ие табиғи материалдардан, оның ішінде тоқыма, мақта, жібек болғаны дұрыс екенін тілге тиек етті.
«Матаның құрамы мынаны қамтуы тиіс, киімнің сыртқы қабатында табиғи талшық кемінде 35 пайыз, астарында табиғи талшық кемінде 100 пайыз, кофталар мен ер бала көйлектерінде табиғи талшық кемінде 65 пайыз болуы тиіс. Ата-аналар киімді сатып алу кезінде бала осы киімді 5-6 сағат және одан да астам уақыт бойы киетініне және бірінші кезекте форманың тігілген материалының сапасына назар аударуы керек. Құрамында синтетикасы аз матаны таңдаған дұрыс. Күнделікті кию үшін синтетикалық материалдан тігілген форма сәйкес келмейді, себебі синтетикалық талшықтардан ауа өтпейді. Синтетикалық талшық аллергия тудыруы мүмкін. Сондай-ақ аяқ киімді таңдау кезінде оның өлшемін дұрыс таңдау маңызды. Мектеп формасын таңдай отырып, ата-аналар киімнің ыңғайлылығына және баланың денсаулығын, оның белсенді дене қозғалысын сақтауға назар аударуы тиіс», деді ол.
Жиын барысында Жандарбек Мұхтарұлы оқушының дұрыс ұйымдастырылған күн режімі ағза мен ортаның физиологиялық тепе-теңдігін белгілеуге мүмкіндік беретінін, соның негізінде оқыту және тәрбиелеу жүзеге асырылатынын, себебі ол баланың өмір сүру жағдайын, өсу, даму ерекшеліктерін жан-жақты есепке алуға негізделгенін алға тартты.
«Оқушылар үшін түнгі ұйқының шамаланған нормасы былай: 1-4-сыныптарда – 10-10,5 сағат. Ал 4-7-сыныптарда – 9,5-10 сағат болса, 8-9-сыныптарда – 9-9,5 сағат және 10-11-сыныптарда – 8-9-сағат. Баланың дұрыс өсуі мен дамуында дұрыс тамақтану да маңызды рөл атқарады. Дұрыс тамақтану баланың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі болуға тиіс. Сапалы тамақтанатын балалардың үлгерімі жақсы болады, ал ағзадағы қоректік заттардың жеткіліксіздігі баланың сабаққа ынтасын төмендетеді. Сондықтан мектеп оқушысының тамақ рационы бала ағзасының энергетикалық қажеттілігін қанағаттандыруы тиіс. Себебі әрбір баланың дұрыс өсуі мен дамуы үшін баланың ағзасы белгілі бір тәуліктік өнім жиынын алуы тиіс, тәуліктік өнім жиынына мыналар енгізілуі керек. Сүт және сүт қышқылы өнімі, сүзбе, ірімшік, ет, балық, жұмыртқа, жарма және макарон өнімі, көкөністер, жаңа піскен жемістер, табиғи шырын, нан және нан-бөлке өнімі, жаңғақ, құрғақ жемістер, бал, өсімдік майы», деді ол.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»