Бүгінде ғаламтордың арқасында дейміз бе, шетелдің әртістері мен модельдерін былай қойып, өз еліміздің қаракөз қыз-келіншектерінің жартылай жалаңаш түскен суреттері көптеген сайттарда, әлеуметтік желілерде қаптап кеткені баршаға белгілі. Бұрын ғаламтор елімізге дендеп енбеген кезде шетелдің сағыз, кәмпиттерінің қағаз орамдарындағы киімсіз түскен Голливуд әртістерінің суреті басылса, жағамызды ұстаушы едік. Қазір шетелді шаң қаптырдық десек болғандай.
Күйеуімен ажырасқан, жасы қырықтан асқан, бірнеше қыз тәрбиелеп отырған танымал келіншектің о жер, бұ жерін табиғи қалпында бүркенішсіз көрсете бергеніне халық тіпті үйреніп кеткендей. Ел іші, шетел жаңалықтарын көрейін деп ғаламтордағы ақпараттық сайттарды ашсаңыз, мемлекетіміз үшін аса маңызды жаңалықтың дәл түбінде бір қазақ әйелдің (оған тіпті қазақ деген ұлт атауын қосудың өзі ұят) көйлексіз, ішкиімі бәденін толық жаппай, жамбасы бадырайып тұрғанда көзімізді тайдырып әкететін болдық. Әлгіге қарамау үшін жоғарыдағы маңызды-ау деген жаңалықты аша қоямыз. Сөйтіп тозақтан шыққандай «уһ» дейміз.
Жалаңаштанған жандарды кейбір сайттар, газет-журналдар неге арнайы басады? Бәлкім, біз қарамасақ та киімсіз әйел тәнін тамашалау басқа біреулерге керек болар. Бірақ кімге керек деген сұрақ тағы келеді көкейге. Жылтыраған белді айтпағанда ашық-шашық омырау, балтыр, іш киімі түсіп қалардай боп тұрған бөксені көру кімге керек сонда? Кеңес өкіметі кезінде ел алдында жалаңаштану тұрмақ, өрескел бейнеде көрінудің өзі ұят саналып, қыз-келіншектер әдебімен киінуші еді ғой. Дәп бір киім жетпегендей тәнін бүркемей суретке түсіріп, елге көрсету ар-ұяттың жоқтығын білдіреді емес пе? Денесін барлық қырынан жұртқа көрсетуді әдетке айналдырғандар ар-намыстан жұрдай деп білсек, оны қызықтаушыларды кім дейміз?
Бүгінде алты жасар баладан бастап қарияларға дейін түгел ғаламторға тәуелді боп қалғаны белгілі. Мектеп оқушылары мен студенттер ғаламторға негізінен оқуына қатысты мағлұматты іздеу үшін кіреді. Ғаламторсыз елдің бір-бірімен байланысы да мүмкін емес сияқты. Хат-хабар алмасудың басты түрлерінің барлығы осы ғаламторға тіреледі. Қысқасы, ғаламторсыз күніңіз жоқ.
Осыдан он жыл бұрын ғаламторды ауыл-ауылға түгел қосу мәселесі туындап, «балаларымыз шетел баласынан артта қалып қоятын болды, барлық аймақтардағы мектептер компьютерге қосылуы керек» деген мәселе көтерілген. Бұл іс аяғына дейін жүзеге асырылып, бүгінде ғаламтор қолданбайтын қазақ баласы жоқ. Енді «балаларды ғаламтордың зиянынан қалай қорғаймыз?» деген шешуі күрделі мәселе туындады.
Бала психологиясына зиянды сайттарды жауып тастау жөнінде ұсыныстар айтылуда. Бірақ онымен іс біте қоймас. Өйткені негізгі жаңалықтарды, басты ақпараттарды тарататын ғаламтордағы қазақ-орыс тілдеріндегі сайттарда тек қана әдепті дүние жарияланады дей алмаймыз. Оны өзіңіз де көріп жүрген боларсыз. Халыққа жалаңаш тәнін көрсету кейбір әртістер үшін мақтаныш немесе ақша табуды көздеуден туған болса, сол жабусыз денеге қараған жандар бұдан не табады деген сұраққа ойланатын кез жетті.
Шетел ғалымдары жалаңаш әйелдер суретіне қараған адамдардың түрлі ауруға шалдығатынын анықтаған. Лыпасыз әйел тәнін тамашалау адамға барлық жағынан зиянды екен. Еуропалық зерттеушілер ұятсыз суреттерге қарайтын еркектер сезімталдығынан айырылып, жалқаулыққа душар болады дейді. Бойжеткендердің киімсіз тәнін көре берген еркектің әйеліне деген сүйіспеншілігі төмендеп, тіпті өзінің жарын себепсізден себепсіз жек көріп кету қаупі басым екен.
Ғаламтордан әйел тәнін лыпасыз қалпында көрген еркек миының мотивацияға жауап беретін бөлігі істен шығатын көрінеді. Мұны анықтаған неміс ғалымдары жалқау еркектер қайдан шығады деген сұрақтың бір жауабы осы дейді. Берлин университетінің ғалымы, доктор Симона Кун жалаңаш әйелді ғаламтордан көп көрген еркектің миы толығымен бұзылатынын айтады. Ер адамның ми жүйесі өзгеріске ұшыраған соң оның есте сақтау қабілетіне де орасан нұқсан келіп, маңызды дүниелер жадынан шығып, орнын арсыз бейнелер жаулап алады. Осыдан барып ер адамның жұмысқа деген қабілеті төмендейтіні анық.
Жуырда америкалық ғалымдар темекі шегуге, мас күйінде көлік айдауға тыйым салумен қатар, жалаңаш әйел тәнін көпшілікке көрсетуді тоқтатуды ұсынды. Қазір Батыс ғалымдары да денесінің о жер, бұ жерін көрсетуге дағдыланған әйелдердің әрекетіне тежеу қоймаса, қоғам азғындап бітеді деп дабыл қағуда. Доктор Дон Хокинс есімді зерттеуші жалаңаштарды көруге құштар жандар психологиялық ауытқуға ұшырайтынын айтады. Вашингтондағы конференцияда доктор Хокинс лыпасыз әйел тәнін көруге деген еркектердің құштарлығы сонша, олар интернет дүкендер мен әлеуметтік желілерге кіріп пікір жазудан гөрі сондай суреттерді тамашалауды артық санайтыны анықталған.
Бүгінде ғаламторда тек қана жалаңаштардың суреттерін жариялайтын 4,5 миллион сайт бар екен. Қазақстанда жыл сайын осы мәндегі жүздеген сайт жабылады. Бірақ еліміздегі басты ақпарат көзі саналатын сайт-порталдарды ашсаңыз, міндетті түрде әлгіндей бейнелерге тап болатыныңыз анық. Ірі ақпараттық сайттардың өзі рейтинг үшін омырауын, белін, бөксесін жалтыратып көрсетуге құштар әйелдердің бейнесін жариялап бітер емес. Көрмейін десең де көзіңе түсетін жалаңаш бейнелер көпшіліктің жанын жаралайтынын, арына сызат түсіретінін біле бермейміз.
Неміс ғалымдары 45 жасқа дейінгі азаматтарды зерттегенде жалаңаш әйел суретіне қарауды ұнататын еркектердің миы мерзімінен бұрын істен шығады деген қорытынды жасаған. Мұнымен қоймай, бұл санаттағы адамдар емі табылмаған Паркинсон ауруына да ұшырайды екен. Ашық-шашық денені көрген сайын адам миының моральдық шешім қабылдайтын бөлігі істен шығады. Кісінің кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдауы, қандай да бір факторды бағалай білу қабілеті жойылады. Бұл туралы Коннектикут штатының медицина университетіндегі «Ғаламтор мен өзге де технологияларға тәуелді болуды зерттеу» орталығының психологі Дэвид Гринфилд мәлімдеді. Тыр жалаңаштардың суретін компьютерден қарағанда мидың перфронтальды қабығы істен шығады, ал бұл моральдық құндылықтарға қатысты шешім қабылдайтын бөлік. Яғни қарап отырып азғындаудың төте жолы осы болса керек.
Адамды бұзылуға жетелейтін бейнелерге ұзақ қараған уақытта ми ішіндегі процестер тежеледі. Сондықтан жақсы мен жаманды ажырату қабілеті жойылады. Гринфилд бәдік бейнені көруге құштар жандарда ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырату қабілетінің мүлдем жоқ екенін айтады. Яғни бұл адамнан малғұнға айналу деген сөз. Ғаламтордан азғын суреттерді көре-көре адам баласы ақырында өзін-өзі басқара алмайтын күйге жетеді.
Бүгінде дүние жүзі бойынша ажырасу факторлары қарқындап бара жатқаны белгілі. «Morality in Media» халықаралық ұйымының сарапшылары қыз-келіншектердің жалаңаш суреттері неғұрлым көп жарияланған сайын жігіттердің үйленуге деген құштарлығы төмендейтінін және отбасылы еркектердің әйеліне деген қызығушылығы жойылатынын, ақыры ажырасуға апарып соғатынын мәлімдеді. Аталған ұйымның сарапшысы Патрик Трумэн ғаламтордағы жалаңаш суреттер отбасын талқандайтынын, сондықтан жалпы қоғамның болашағына аса қатерлі екендігін айтады.
Миннесота университетінің зерттеушісі Стив Харрис жалаңаш әйел тәнін көрген еркектер ғана емес, әйелдердің де азғындық жолға жылдам түсетінін жеткізеді. Мұндай суреттерді көрген сайын адамдардың бір-біріне деген сенімі жоғалып, сезімі солып, сырты адам болғанмен хайуандық қажеттіліктен өзгені білмейтін малғұн болмысқа енеді.
Әлемде әр секунд сайын 30 миллионға жуық кісі жалаңаш әйел суреттерін көреді екен. АҚШ-та 39 минут сайын тәнін киімсіз көрсетушілердің бейнекөрінісі жарияланады. Ал ғаламторға жүктелетін бейнекөріністердің 35 пайызы тек азғындықты насихаттауға арналған. Ғаламтор қолданушыларының 42 пайызы тыр жалаңаштардың бейнесін көруге уақытының көп бөлігін арнайды. Ал әйелдердің 30 пайызы мен еркектердің 70 пайызы арсыз бейнелерді тамашалауды әдетке айналдырыпты. Әр ай сайын бір жарым миллиард ұятсыз суреттер ғаламторға жүктеледі. Ал әлеуметтік желілерде 420 миллион азғын суреттердің парақшалары ашылған.
Жалаңаш әйел тәнін ғаламтор арқылы арнайы іздеп тамашалау күніне 68 миллион көрсеткішке жеткен. Бұл қатерден сақтанудың амалдарын зерттеуші ғалымдар ұсынғанымен, азғын бейнелерден отбасын да, балаларын да алыс ұстауға тырысу әр адамның міндеті болса керек. Ал өзін қазақпын деген адамның арсыз бейнелерге көз салуы кешірілмейтін әрекет екені айтпаса да түсінікті.
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА