Бүгінде Ақтөбе өңірінде теріс діни ағымдардың жетегінде жүрген жандарға арналған кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Әрі олардың бұрыс жолға түсуіне әсер еткен жайттарға да жан-жақты әрі терең талдау жасалуда. Соның басты себебінің бірі, жұмыссыздық салдары екені белгілі болып отыр. Осындайда ұлы Абайдың «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық – аздырар адам баласын» деген өлең жолдары еріксіз еске түседі.
Сондықтан өңірде діни ағымдарды ұстанушыларды жұмысқа орналастыру мен кәсіпкерлік іске тарту жөнінде іс-шаралар кешені белгіленді. Облыстағы лаңкестікке қарсы комиссияның мәжілісінде осындай шешім қабылданды. Аталған комиссияның төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі екенін ескерсек, комиссия шешімі нәтижесіз әрі аяқсыз қалмайтынына үлкен сенім артуға болады.
Бердібек Машбекұлының мәлімдеуінше, мәселеге дәл осы тұрғыдан келе білудің өзі әлеуметтендірудің оң әдісі болмақ. Ал облыстағы дін істері жөніндегі басқарманың деректеріне сүйенсек, өңірде діни ағымдарды ұстанушылардың арасында 300-дей жұмыссыз бар. Сондай-ақ жазасын өтеп жатқандар арасында діни экстремизм мен лаңкестіктің алдын алуға қатысты жұмыстарды жүйелі жолға қою қажеттігі де айқын байқалады. Осы орайда Ақтөбе қаласы мен Алға және Байғанин аудандарындағы лаңкестікке қарсы комиссиялар өз істерін ширата түсуге тиіс. Қысқасы, қазіргі кезде облыста діни экстремизм мен лаңкестікке қарсы іс-әрекеттер ауқымы арта түсуде. Мұндағы басты мақсат күш қолдануға емес, керісінше атқарылатын жұмыстардың тиімділігін көтеруге бағытталған.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ