• RUB:
    5.22
  • USD:
    479.44
  • EUR:
    523.69
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Шілде, 2018

Балалар демалысы қызықты өтуде

1245 рет
көрсетілді

Тамылжыған жаз айларының балалар үшін әсерлі әрі пайдалы болғаны жөн. Жыл бойы ұзақ оқу мен қиын емтиханнан өткен әр бала демалысты асыға күтетіні белгілі. Бала денсаулығын, ой қабілеті мен спортқа бейімділігін нығайту шараларын дұрыс өткізу оның жаңа оқу жылын сергек бас­тауына септігін тигізеді.

Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын Қазақстанда балалар мен жеткіншектердің 91 пайызы жазғы демалысын 11 мыңнан астам түрлі үлгідегі сауықтыру кешендерінде өткізеді екен.

Ақмола облыстық білім бас­қармасының мәліметінше, 2017-2018 оқу жылында 1-10 сы­нып оқушыларының саны 111700 жеткіншекті құрады. Ағымдағы жаз мезгілінде 110583 бала оқу-сауықтыру жобаларына қа­ты­сады. Бұл – жеткіншектер құ­рамының 99 пайыздық көр­сеткіші. Өңір бойынша оқушы­ларды сауықтырумен 13 мемле­кеттік және 6 жекеменшік лагерь айналысады. Мемлекеттік лагерьлердің сегізі табиғи су қоймаларының маңында орналасса, қалған бесеуінің ашық аспан астындағы бассейндері бар. Мұндай нысанға Зеренді ауданындағы «Сұңқар» лагері жатады.

Ақмола облысында жазғы демалысты ұйымдастыру бойын­ша қызу жұмыс жүргізілуде. Мәселен, облыстың 650-ге жу­ық білім ордасы қызықты жа­зғы бағдарламалар мен арна­йы жобалар ұсынып отыр. Сонымен қатар оқушылардың танымдық қызығушылықтарын дамыту мақсатында ағыл­шын тілін үйренуге арнал­ған бағдарламалар ұйымдастырылды. Жас экологтар жазғы демалыстарын шатырлы, киіз үй, экологиялық және спорттық лагерьлерде өткізу мүмкіндігіне де ие болуда. Жазғы оқу-сауықтыру мекемелеріне жіберу жолдамасына көп балалы отбасынан шыққан, жетім, қамқоршысынан айырылған, мүгедек балалар ие.

Жыл сайын облыстық білім басқармасы санитарлық-эпи­демиологиялық қызмет өкіл­дерімен бірлесе отырып, елі­міздің мемлекеттік балалар сауықтыру лагерьлерін жоспарлы түрде тексерістен өткізеді. Тек­серіс нәтижесінде 2017- 2018 жылдар аралығында заңсыз жұмыс істейтін лагерьлер анық­талған жоқ. Оқушылардың әс­кери-патриоттық сезімін арт­­тыру мақсатында «Звезд­ный» балалар сауықтыру ор­та­лығында 200-ден астам баланы қамтитын шатырлы кешен ұйым­дастырылып, алғашқы демалушыларын қарсы алды. Мектеп оқушылары мен студенттерге арналған «Ұлы Дала елі» атты туристік-аймақтық зерт­теу экспедициясы тамыз айына дейін жалғасын табады. Бұл ауқымды жобада 5 мыңнан астам қатысушы ел тарихы мен шежіресін зерделейтін болады. Құрамына 500 адамды жинаған туристік топ Бурабай ауданында республикалық жиын өткізсе, 10 мыңға жуық оқушы Ақмола облысы және еліміздің басқа да аймақтарына сапар шекпек. Сондай-ақ жүзден астам мектеп оқушысы ауыл өмірін зерттеп, салт-дәстүрлермен танысуға бағытталған «Бір апта ауылда» әлеуметтік бастамасына қатысу ниетін білдірді.

Ботакөз АМАЛБЕК,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ саясаттану және журналистика факультетінің студенті

Ақмола облысы