Қарағанды облысының «Спасск» оқу-жаттығу орталығының полигонында елорданың 20 жылдығына арналған «Айбын» төртінші республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының салтанатты жабылу рәсімі өтті.
Іс-шараға «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының жетекшісі, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қоғамдық қозғалысы республикалық штабының төрағасы, Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов және шақырылған ардагерлер қатысты.
– Біз баршамыз командалардың іс-қимылын жіті қадағалап отырдық. Сіздер сайысқа белсене атсалыстыңыздар, әскери іспен, Қарулы Күштердің тарихымен етене жақын болдыңыздар, өздеріңіздің жетістіктеріңізді, білімдеріңіз бен шеберліктеріңізді паш еттіңіздер, жаңа достар таптыңыздар, сайыста мықтылықтарыңызды сынап көрдіңіздер. Осы жиында біз елімізде бірыңғай диалог алаңын және барлық әскери-патриоттық жұмыстың орталығына айналған «Жас сарбаз» республикалық жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының іргетасын қаладық. Сіздерді жүлделі орындарыңызбен шын жүректен құттықтаймыз, – деді генерал-майор М.Таласов қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде.
Жиын қорытындысы бойынша әскери-патриоттық клубтар арасында бірінші орынды Б.Момышұлы атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің командасы, екінші орынды Ш.Уәлиханов атындағы ер балаларға арналған «Жас ұлан» мамандандырылған мектебі (Семей) және үшінші орынды С.Рақымов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі (Шымкент) жеңіп алды.
Сонымен қатар Қазақстан Қарулы Күштері мен басқа да әскери құралымдардың әскери-патриоттық клубтары арасында «Шығыс» әскери-патриоттық клубы бірінші орынды, «Жас қыран» әскери-патриоттық клубының командасы (Отар) екінші орынды және «Жас десантшы» (Сарыөзек) әскери-патриоттық клубы үшінші орынды еншіледі.
Өңірлердің әскери-патриоттық клубтары арасында «Қайсар» (Павлодар) командасы бірінші орынды, «Жігер» (БҚО) екінші орынды және «Жас бүркіт» (Астана) үшінші орынды иеленді.
Жиын қорытындылары бойынша «Айбыны асқақ жас сарбаз» жүлдесі Бекзатхан Қалмырзаевқа («Қызылорда айбындары» ӘПК) табыс етілді. Ал клубтар арасынан «Қайсар» (Павлодар) әскери-патриоттық клубы аталымында бас жүлде иегері атанды. Жалпы командалық және жеке есептердегі жеңімпаздар грамоталар, медальдар, кубоктармен марапатталды. Оған қоса әскери-патриоттық жиынның барлық қатысушысына сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Естеріңізге сала кетсек, биыл жиынның бағдарламасы аясында «Ұлы дала әскері – «Мәңгілік ел» тірегі!» атты Қарулы Күштер түрлерінің өкілдерімен кездесуі, «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны, робот техникасы бойынша «Менің роботым» байқауы, «Айбын жалыны» алауының маңындағы қызыққа толы кеш, «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасының жеңімпаздарымен кездесу, сондай-ақ «Айбын дауысы» мега арт-фестивалі өткен болатын.
Сондай-ақ бағдарламада спорттың әскери-қолданбалы түрлері мен жауынгерлік даярлық пәндері бойынша көптеген әскери-қолданбалы сайыстар ерекше қызығушылыққа ие болды.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»