• RUB:
    5.22
  • USD:
    479.44
  • EUR:
    523.69
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Шілде, 2018

Шабындыққа шалғы түсті

1136 рет
көрсетілді

Шөп буыны енді-енді қатып келеді. Кең көсілген Көксеңгірдің даласы, берідегі Торайғыр жайлауы тұнып тұр. Әсіресе ағаш бауырындағы жоңышқа киіздей тұтасып жатыр. 

Еркекшөп, бидайық, мия, бозғанақ, бұйырғын, бозжусан, қоңыржусан, жержусан, көкпек, балықкөз, тұзжапырақ, ажырық, қарашағыр, ақ шағыр, қарғатұяқ, қоңырбас, ақселеу дейсің бе, бәрі бар. Кешегі кеңес заманында сауырына соқа тимеген жер құнары тым жақсы.

Солтүстік өңірде мал азығы өте маңызды. Осыдан екі-үш жыл бұрын ақпан-қаңтарда жауын жауып, жайылымның бәрі ақ қар, көк мұз болып, малсақ қауым жүген ұстап қала жаздаған. Сол бір ауыр жылдардан сабақ алған мал баққан жұрт қазір жадыраған жаз айларында шамалары келгенше тырбанып, жем-шөп қорын жасауға барынша ынталы. «К және Шарипов» шаруа қожалығының 500 гектар шабындық алқабы еңбек дүбіріне бөленген. Қазір мұнда шөпшілер бригадасы қауырт еңбек үстінде. Бірнеше трактор қою өскен шөпті шауып жатса, келесілері шөп дегдіп, кебісімен көк бояуын жоймай, тырмалап жинап, теңдеп жатыр.

– Біздің шаруа қожалығында мың­ға жуық қара мал бар, –дейді шаруашылық басшысы Құт­­тым­бет Шәріпов, – шама кел­се биылғыдай шөп жақсы шық­қан кезде екі жылдық қор жинап алуды межелеп отырмыз. Таби­ғат­тың тартуын елемеудің өзі күнә ғой. Жігіттер жақсы жұмыс істеп жатыр. Әсіресе, Төребек Шә­ріп, Қа­най Рақымжановтар шабын­дық­қа шалғы салған жігіттерге үлгі.

Биылғы жаз жауын-шашынды. Қол бөгейтіні де сол екен. Дегенмен, әбжілдік танытқан азаматтар алқаптағы шөккен түйедей тең-тең болып жатқан буылған шөпті кідіртпей қыстақ басына тасымалдауда. Сабақты ине сәтімен орылған күндері елу-алпыс тонна шөп тасымалданады. Шөпшілердің тамағы тегін, маусымдық жұмыс кезінде еңбекақылары 150 мың теңгеден айналуда.

Солтүстікте қым-қуыт науқан болып есептелетін шөп дайындау енді басталды. Бірер күннен соң Жөкейдің жағасы, Бұландының бұйығып жатқан даласы шалғының сырылымен еңбек әуеніне бөленетін болады.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы,

Біржан сал ауданы