Біз қашанда қоғамды айтқанда ел азаматтарын, белгілі қоғам қайраткерлерін, ұжым басшыларын, мәдениет, өнер, ғылым өкілдерін, өндіріс озаттарын, ерлік көрсеткен батырларды еске аламыз, өнеге етеміз. Бұл дұрыс, орынды іс. Бірақ солардың аржағында көрінбей тұрған, олардың баптаушылары, ұстаздары бар. Әркімнің ата-анасы, шыққан отбасынан кейінгі, жасөспірімді қоғамдық өмірге, білімге бағдарлайтын, тәрбиелейтін, оларға жақын, солар үшін бүкіл өмірін, жан-жылуын арнайтын жетекші тұлға – ұстаз.
Олардың қолына кішкентай кезінде келген бала өмірге жан-жақты түсінікпен қарайтын, алдында мақсаты бар жеткіншек болып өседі. Қай заманда да ұстаз – өнеге. Мұғалімнің жүріс-тұрысына, киген киіміне, айтқан сөзіне мән беріп, жасөспірім жақсылыққа ұмтылады. Соған қарап өзін түзеп, жөнге салады. Қандай да бір адам өмірден өз орнын тапса, ол мектептегі ұстазын есінде сақтайды, басқаларға айтып отырады. Сондай өнегелі ұстаздың бірі Тұтқабай Молдраимов. Ол бар өмірін оқытушылық қызметке арнады. Мінезі сабырлы, ойы терең, орнықты, атқарған ісі тиянақты еді. Тұтқабай Молдраимов Шиелі ауданындағы түрлі мектептерде басшылық қызмет атқарды. Өмір жолы еліміздің ең ауыр, қиын кездеріне тура келді. Мен Шиелі кентінің тумасымын. Бұл жерде Ресейден келген бұрынғы орыс шаруалары орналасып, көшелер тұрғызылды, мектеп, аурухана салынды. Шиелі балалары сол орыс мектебіне түсіп, оқыды. Өйткені қазақ мектебі болмады. Шиеліде жеті жылдық қазақ мектебі 1934 жылы ашылды. Соған байланысты орысша оқып жүрген қазақ балалары жаңа мектепке ауыстырылды. Мақсат – қазақ балалары ана тілін білсін дегені. Шиелідегі жеті жылдық мектептің ашылуына себеп болған солақай саясат салдарынан ежелден мал бағып, көшпелі өмір сүрген елдің енді малсыз қалып, сұрапыл аштықтан жаппай қырылғаны. Бұл 1932-1933 жылдар еді. Адам көрмеген аштыққа ұшыраған Қарсақпай, Жезқазған, жалпы Орталық Қазақстан болатын. Аштықтан аман қалғандары үй-жайын, дүниесін тастап Сыр бойын бетке алып, жаяу шұбырды. Көбі жолда өліп, балалары аңырап, айдалада қалды. Бір шамасы Сыр бойына жетіп құлады, қалғандары одан асып қырғыз, өзбек еліне барды. Осы трагедиядағы бір ғажап құбылыс – аштан өліп бара жатқандар балаларын сақтап қалған. Өліп жатқан адамдар арасынан тірі қалған, айдалада қаңғырып жүрген балаларды арнайы комиссия шығып, оларды жинап, балалар үйіне орналастырды. Жетімдерге арналған үйдің бірі Шиелі кентінде ашылды. Жетім балаларды жатақханаға алып, үш мезгіл тамақтандырып, ауруын емдеп, киіндіріп, сауаттылығын, білімін байқап, сыныптарға бөліп оқыта бастады.
Сол аштық жылдары Қаныш Сәтбаев жүк машинасын алып, Павлодар жаққа жолға шығады. Барса Қарсақпайда өзі көрген жағдай – қаңыраған үйлер, өлген адамдар, жым-жырт. Тірісі қарындасы мен күйеу баласы, қалғандары өлген. Ал анасының қасында жатқан бала – жиені тірі. Басқа тірі жан жоқ. Қанекең тек жиенін алып қайтады. Ол бала кейін ержетіп, үлкен ғалым болған, археолог Кемел Ақышев еді.
Біздің тұрған жердегі жеті жылдық мектеп директоры Сағынбай Дәулетов, оқу жөніндегі орынбасары Тұтқабай Молдраимов болды. Мұғалімдер: Нұрділдә Еспенбетов (тарихшы), Әлтен Әйтпембетов (математик). Ол 1939 жылы «Құрмет Белгісі» орденімен наградталды. Ибрагим Шохаев (орыс тілі), Ахат Әйтпембетов (әдебиет), т.б. мұғалімдер сабақ жүргізді. Бірақ, жетімдерге қанша жақсы жағдай жасалса да елінен, ата-анасынан, жақындарынан айырылған балалардың рухы төмендеп, көңіл күйлері өте ауыр, психологиясы өзгеріске шалдыққан болатын. Оларды сағыныш, қайғы басты. Осы ауыр жағдайда балаларды аяққа тұрғызып, өмірге икемдеуде Тұтқабай Молдраимовтың ұлағатты бастамасы ерекше көмек болды. Ол сабақ берумен қатар көркемөнер, ойын-сауық ұйымдастыруды қолға алды. Мәселен, Балалар үйінің аспазы болған өзбек жігіті Атахан мен тәрбиеші, татар қызы Майнұр екеуі мандолина, балалайканың сүйемелдеуімен лезгинка биін билейтін.
Атахан мұрынды, көзі үлкен қараторы, кескінді болатын. Ол басына орамал байлап, аузына пышақ тістеп билесе, Майнұр нәзік, музыкаға мәнерлі иілсе, сондай-ақ Нина Стаханова мен Үрліхан Дәулетова бірігіп орыс биін билейтін. Олар «Светит месяц», «Яблочканы» орындағанда, әлгі «Лезгинка» биі тағы салтанат құратын. Балалар есі кетіп, қайта-қайта қол соғып орындататын. Бұған қоса мұғалімдермен оқушылар бірігіп «Боран» деген азамат соғысына арналып жазылған пьеса қоятын. Қазақ: «Жетім баланың маңдайын сипасаң, жеті жұмақтың есігі ашылады» дейді.
Жетім балалардың бір күлкісі неге тұрады? Мұғалім Ахаттың балаларды былай күлдіретіні есімде. Ақын Тайырды білесіздер. Оның әкесі екі ағайынды болған. Бірінің аты Жарок, екіншісінің аты Сапок. Соңғы әріп «г» емес, қазақшаға жақын «к». Бұл орыстарға еліктеу еді, ондай ұқсақтық ол кезде болған. Мәселен, орыс жазушысы, белгілі ғалым В.И.Даль бір жазбасында Орынбор қазақтары арасында баласына «Капитан», «Майор», тағы басқа ат қоятынын келтіреді. Айтылғандардың бәрі Тұтқабай ойлап тапқан, жетім балалар көңілін аулау әрекеті еді. Олардың жақсы көретіні жетім балалар үйі – «ШКИД» өмірінен алынған «Путевка в жизнь» фильмі. Онда басты кейіпкер Мұстафа есімді жетім бала екенін білесіздер. Сөйтіп Тұтқабай Молдраимов балалар жүрегінің кілтін тапты. «Боран» пьесасы тіпті жақын колхоздарға да көрсетілді.
Қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Ахат Әйтпембетов, Тұтқабай Молдраимов бастауымен балалар қазақ жазушылары шығармаларынан үзінділер жаттап, оларды мәнерлеп оқитын. Мәселен Асқар Тоқмағамбетовтің «Пәтиманың ағасына хаты», Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» шығармасы. Нұрымның сұлу Қамардың мұғалім Ахметке ғашықтығына қарамастан, өзіне тоқалдыққа алғанын ащы сынап, оның надан образын жаттататын. «Бұл көңілі пәс балаларды өмірге құштар етіп, күшті әсер беретін. Міне, осындай әдіс, әрекеттер арқылы Тұтқабай жетімдердің көңілін аулап, суынған жүрегін жылытты. Осындай жастардан патриоттар өсіп шықты. 1935 жылдары 5-6 класта оқыған балалар Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлік көрсетті. Қалғандары ержетті. Мәселен Кеңес Одағының халық әртісі Хадиша Бөкеева да кезінде балалар үйінде тәрбиеленген.
Біз кейін Шиелі ауданы орталығындағы «Октябрьдің он төрт жылдығы» қазақ орта мектебінде оқуымызды жалғастырдық. Бұл мектепте де Тұтқабай Молдраимов оқу бөлімін басқарды. 1937 жылы желтоқсан айында мұғалімдік үздік еңбегі үшін Мәскеудегі ауыл шаруашылық көрмесіне қатысып келген соң метро жөнінде өте қызықты әңгіме айтты. Сол жылы Алматыда ең бірінші трамвай жүргізілген-тұғын. Бұл да қызық, ал метро жер астымен күндізгідей жүретін пойыз ғажап, ертегі еді.
Аудан орталығындағы мектепте ол биологиядан сабақ беретін. Ол кезде И.Мичуриннің селекция тәжірибесі елге таралған. Т.Молдраимов бізге қазақ халқының тұқымға мән беретінін айтатын. Әрине ол кезде Вейсман, Мендель, Морган ілімін біреу білсе, біреу білмейтін және ол И.Мичурин тәжірибесінен басқа еді. Бұл жөнінде кейін білдік.
1939 жылы Шиелі каналы қазылып жатты. Соған сәйкес біздің «Октябрьдің он төрт жылдығы» мектебіне жазушы Сәбит Мұқанов келді. Мектеп директоры Әмина Магдеева болатын.
Кездесуді ашқан Тұтқабай Молдраимов: «Бүгін бізге келген «Жұмбақ жалау», «Теміртас», «Адасқандар» романдарының, «Сұлушаш» поэмасының авторы кеңес елінің үлкен жазушысы Сәбит Мұқанов. Бұл қуаныш, қонағымызға табыс тілейміз» дегенде Сәбит Мұқановтың Кеңес елінің үлкен жазушысы Максим Горький, ал мен Қазақстан жазушысымын дегені есте қалыпты.
Сәбит Мұқанов өз сөзінде: «Менде жазушы боламын деген ой болған жоқ еді, бірақ өмір талабы осыған алып келді». Өмір – мектеп. Өмірді түсініп, оны бағалай біліңдер. Алдарыңа мақсат қоя біліңдер. Мақсатсыз өмір – бос өмір. Сосын еңбек ету керек. Мамандықтың жақсы-жаманы жоқ. Мамандықты, адамды қадірлі ететін – еңбек. Бірақ сол мамандықты қабілетке қарай таңдай білсең, кез келген еңбек нәтижелі болады» деді. Сөз соңында елге қызмет ететін азамат болуымызды тіледі. Кейін Сәбит Мұқанов «Сырдария» романын жазды. Мен сол кездесуде болдым. Айтқандары өзіме өмірлік бағдар болды. Өйткені біздей оқушыларға жақсы әсер қалдырған жазушы Сәбит Мұқанов пен Тұтқабай сияқты ұлағатты ұстаздар болатын.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Тұтқабай өзі сұранып, әскер қатарына алынды. Бұл – патриоттық өнеге. Соғысқа екі жыл қатысып, денсаулығының жарамсыздығына байланысты елге оралып, бұрынғы мұғалімдік жұмысын жалғастырып, аудандағы жеті жылдық мектепте директорлық қызмет атқарды. Ұлы Отан соғысынан кейінгі бейбіт жылдары Қызылорда мемлекеттік педагогика институтында биология мамандығы бойынша сырттан оқып, үздік бітірді. Қырық жылдан астам мұғалімдік қызметі үшін құрметке бөленді. Түрлі марапаттарға ие болды. Ел алдында беделді болып өмірден өтті. Ол кісіден білім алған жастар түрлі мамандық иелері болып, қызмет етуде.
Ұстазым – Тұтқабай Молдраимовты ең соңғы рет 1961 жылы көріп, әңгімелестім. Ол кезде партия комитетінде үгіт-насихат тобы деген болатын. Қызылордада лекция оқып, қайтарда ұстазыммен бір вагонда болдым. Қызылорда – Шиелі арасы 120 шақырымдай, пойыз бір сағаттай жүреді. Маған біраз атқарған ісіне қанағатын білдіріп, әңгімесін айтты. Қоғам тірегі – азаматтарды оқытып, өмірге баулитын мұғалімдер. Тұтқабай Молдраимов секілді ұстаздар атқарған жұмысты немен теңеуге болады?! Қолдан келері: айдалада аңырап қалған балаларды жинап, оларды адам етіп тәрбиелеген мұғалімдерге тарих атынан ризалық білдіру.
Досмұхамед КІШІБЕКОВ,
Ұлттық Ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор