Бүгінгі қоғамда ең керек қасиеттің бірі – үнемшілдік. Қаражатқа ұқыпты болу арқылы кішігірім қор жинауға, үстеме пайда табуға, ебін ептестіре білсеңіз қалтаңызды қампайтуға болады. Қолдағы қаражатты тиімді жұмсау жоспарын құруға дағдылана білу қажет. Бұл ретте соңғы технологиялармен ілесе келген «электронды сауда», «оnline бизнес», «электронды дүкендер», «электронды төлемдер» сынды мүмкіндіктер артық шығындардан арылуға, жылдамдық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жол ашады.
Қазір қалалардағы сауда орталықтары мен супермаркеттерде карточка арқылы төлем жасайтындарды жиі кездестіреміз. Тұтынушылардың көпшілігі есеп айырысудың бұл түрін ыңғайлы әрі тиімді санайды. Өйткені карточкадағы қаражатты жұмсаған сайын оның электронды есебін алып отыруға дейінгі түрлі операциялар жүргізіледі. Бұл қарапайым қолданушыға арналған мүмкіндіктер. Ал мемлекет электронды төлем жүйесін барлық салаға енгізетін болса, қаржылық аударымдардың қашан жүргізілгендігі, қайда бағытталғаны, қаншасы іске асып, қаншасы қаз қалпында қалғаны тайға таңба басқандай ашық әрі анық көрінетін болады. Қолма қол ақшаны, яғни банкноттарды шығаруға ел қазынасынан бөлінер қаражаттың да салмағы жеңіл емес. Бұған қоса оны үйлестіру, құпия ақпараттарды сақтау, шығарылған банкноттардың қауіпсіздігі сынды сан-салалы жұмыстарға кететін қаражат тағы бар. Осының барлығын электронды жүйеге ауыстыру арқылы көптеген елдер талай түйінді тарқатып, тиімділігін көріп отыр.
Электронды коммерция нарығындағы артықшылықтар мен кемшін тұстар туралы экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Ажар Бейсенбаевамен әңгімелестік. Оның айтуынша, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде жалпы тауар айналымының шамамен 18 процентін аталған сала құрап отыр. Әсіресе, белгілі бір ұйымдар арасындағы электронды операциялар саны артқан, яғни 90 процентті құрайды. Бұл саладағы жетекші орын Қытайдың еншісінде. ЭЫДҰ сарапшыларының болжамы бойынша, 2013-2018 жылдар аралығында ұйым мен жеке тұлға арасында электронды сатып алулар бойынша Азия елдерінің үлесі 28-ден 37 процентке дейін артпақ.
«Виртуалды ақша» қауіпсіз бе?Қолдағы қаражаттың қолды болуы сияқты электронды ақшаны да жымқырудың сан түрлі айла-тәсілдері ойластырылған қоғамда карточкаға салынған қаражаттың қауіпсіз боларына ешкім кепілдік бермейді. Көпшілігі жиған-тергенін жастықтың астында сақтауды жөн санайды. Бірақ қауіпсіздік мәселесін ретке келтірген еуропалықтарға есеп-қисап жасаудың ең ұтымды түрі электронды төлем жүйесі болып қала бермек. Карточкадағы қаражаттың қауіпсіздігін сақтауды Еуроодақ заң шеңберінде нақтылап қойған.
Электронды сауда нарығының жүйеленуі, жан-жақты қамтылуы жөніндегі ережелер мен талаптар 2004 жылы электрондық коммерция директивасында бекітілсе, араға екі жыл салып аталған құжат қайта өңдеуден өткен. Директивада трансшекаралық транзакцияларды үйлестіру, тұтынушы құқығын қорғау, мемлекеттер арасындағы тәртіпті анықтау қамтылды. Бұл директиваны құруға бармақ басты көз қысты әрекеттер, астыртын алаяқтық сынды қоғамның құртына айналған мәселелер түрткі болған. Ал АҚШ-та Федералды сауда комиссиясы құрылды. Онда электронды сауда-саттық жасау барысында әділетсіздік, алаяқтық жасалса тұтынушылар құқықтарын қорғау бюросы мәселені шешуге білек сыбана кіреседі. Аталған бюро заңды белден басқан ұйымдар мен жеке тұлғаларға тексеру, тергеу жүргізіп, нәтижелерін құқық қорғау органдарына тапсырады. Бюроның қызметі қауіпсіздікті қамтамасыз ету болғандықтан барлық құпия ақпарат қолжетімді болмақ. Бұл халыққа электронды төлем жүйесінің қауіпсіз екенін сезінуге мүмкіндік беріп, қолданушылар санын арттырары анық. Мұндай жүйенің құрылуы алдымен қарапайым қолданушылардың мүддесіне жұмыс істеуге, құқығын қызғыштай қорғауға бағыттылғандығын ескерген жөн. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, елімізде электронды сауда саласында қандай да бір мәселе туындайтын болса, онымен құқық қорғау органдары мен сот тергеушілері ғана айналысады. Ал тұтынушылар құқығын қорғайтын ұйымдардың жеке тергеу жүргізу құқығы қарастырылмаған.
Қолға ұсталмайтын виртуалды ақшаны тұрмыс салтына сіңіріп, озық тұстарын дәлелдеген Еуропада электронды сауданың бұл түрін лицензиялап, ортақ бақылауда ұстайтын Кассалық қызмет көрсету компаниясы құрылған. Онда Еуроодақтың бір елінде электронды ақша шығарылса, оны одаққа мүше өзге елдердің барлығы бірдей еш кедергісіз қолдана алады. Бұл ортақ электронды базада әрбір көрсетілген қызмет, қажетті ақпарат тіркеліп отырады деген сөз. Сол арқылы Белгияның азаматы Францияда жүрсе де карточкасымен еш комиссиясыз есеп айырыса алады. Тіпті кофе алса да, қонақүй жалдаса да, автокөлікке отырса да бір ғана карточканың қызметімен есептеседі. Еуропа елдеріндегі өзара қарым-қатынастың нығая түсуі үшін бұл жүйенің берері мол. Еуропаның қай қаласында да тұтынушы үшін айырмашылық сезіле қоймайды. Сондықтан болар, жасы мен жасамысына дейін сауданың барлық түрін электронды төлем жүйесі арқылы жүргізуге дағдыланып алған.
Карточкада қанша ақша сақтауға болады?Электронды төлем жүйесінің талаптары мен шарттары бекітілген. Бұл ретте әлем елдеріне ортақ талап, кәсіпорын я болмаса, жеке тұлға болсын, электронды ақшаны сатып алуға, біреуге сатуға еш мүмкіндігі жоқ. Ескеретіні, төлем жүйесінің бұл түрі тауарлар мен қызметтерді төлеу үшін ғана қолданылады. Бұл ретте электронды жүйеге қанша ақша салуға болады деген сұрақтың туындауы заңдылық. Оның да өз шегі бар. Яғни карточкада төлем жүйесін жасауға максималды лимит белгіленген. Одан артық ақша жүйеде сақталғанымен оны жұмсау мүмкіндігі шектеулі. Бұл шектеуді алу үшін тиісті мемлекеттік органдарға қаражатты қайдан алғаныңызды түсіндіруге міндеттісіз. Ең көп мөлшердегі карточкада сақталуы тиіс электронды ақша 500 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Бұл шамамен 12 млн теңге.
Әлемдік тәжірибеде электронды ақшаны реттеудің негізгі екі бағыты қалыптасқан. Біріншісі, еуропалық үлгі. Оның артықшылығы жылдамдығы мен жан-жақтылығында. Екіншісі, америкалық жүйе. Онда мемлекет электронды ақша нарығын реттеуге либералды саясат жүргізеді. Бүгінде жаһандық деңгейде маңыздылығы жоғары электронды сауда жүйесінде өзгелерден оқ бойы озық тұрған алпауыт елдер еуропалық жүйе бойынша жұмыс істеп отырғандығы белгілі.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, өткен жылы Еуропа тұрғындарының 80,5 проценті интернет қолданатыны анықталды. Оның ішінде британиялықтардың ғаламторды қолдануы аса белсенді болып шықты. Яғни 97,52 процент. Аталған елде 2017 жылы электронды сауда нарығы бойынша кәсіпорын мен жеке тұлға арасында құны 1,56 трлн еуроны құрайтын сауда-саттық жүргізілген. Әлем бойынша ең жоғарғы көрсеткіш – Еуропада. ІЖӨ-нің 4,91 пароцентін электронды сауда құраса, бұл көрсеткіш Ұлыбританияда 7,9 процентті құрайды.
Түйткіл көп. Шешім қандай?Соңғы жылдары Қазақстанда да электронды сауда нарығы кеңейе бастады. Ұлттық банк келтірген мәліметке сүйенсек, 2018 жылдың бірінші тоқсанында елімізде төлем карточкалары бойынша интернет желісіндегі транзакциялар саны өткен жылмен салыстырғанда 2,8 есеге артқан. Сонымен қоса былтыр сауданың электронды түрі бойынша айналым 1 млрд АҚШ долларын құраған. Бұл көрсеткіш қаншалықты межеден асып отырғаны, келер жылдардағы аталған саланың әлеуеті қалай өріс алатыны жайында Қазақстан интернет-бизнес және мобильді коммерция қауымдастығының PR-менеджері Виктория Торгунаковадан сұрап білдік. Оның айтуынша, аталған саладағы орташа өсім былтыр 30-33 процентті құраған. Электронды коммерциядағы бүгінгі оң өзгерісті онда жұмыс істейтін компаниялар өсімінің 2-2,5 процентке артып отырғанынан аңғаруға болады. Десе де, бұл саланың тамырына қан жүгіруі үшін бірқатар мәселенің оң шешім табуы аса маңызды. Қауымдастық өкілінің айтуынша, 2018 жылдың 1 қаңтарында қабылданған Салық кодексі бойынша интернет дүкендер табыс салығынан босатылған, бірақ бұл жеңілдік интернет арқылы қызмет көрсететін ұйымдарға арналмаған. Жоғарыда атап өткен 1 млрд АҚШ долларының басым көпшілігі онлайн-сервис арқылы жүзеге асырылған қызметтер есебінен жиналған қаражат. Яғни бүгінде елдегі электронды сауданың негізін ұстап тұрған сала онлайн-сервис болып отыр.
Екінші мәселе, жаңа заң бойынша жеңілдік алу үшін интернет дүкендерде сатылған тауардың 90 проценті онлайн-төлем арқылы жүзеге асуы керек. Бүгінгі жағдайда еліміздегі интернет дүкендер жалпы тауардың 10 процентін ғана электронды түрде сатып отыр. Оған себеп, екінші деңгейлі банктердегі төлем жүйесінің жүйеленбеуі. Қазіргі таңда аталған заң аясында жеңілдіктер алуға электронды саудамен айналысатын 191 ұйым өтініш берген. Олардың қаншасы бекітілген шарттарға сай келетіні әлі белгісіз.
– Көптеген банк онлайн транзакция жасауға ашық емес. Электронды төлем карточкасы арқылы есептескісі келген клиент автоматты түрде операция жасай алмағандықтан банкке хабарласады. Көпшілікке мәлім, банк операторымен байланысу үшін біршама уақыт жоғалтамыз. Оның өзінде мәселе тез шешім таба қоймайды да, тұтынушы банкке барып қағаз жүзінде өтініш толтыруға мәжбүр болады. Одан кейін электронды төлем жүргізгеннен гөрі, қолма-қол ақшамен төлем жасау артық деп санайды. Екіншіден, логистика мәселесі. Жердің шалғайлығы, қатынас құралдарының тұрақты болмауы да бұл саланың дамуын кенжелетіп отыр. Үшіншіден, интернет нарықты жіті меңгерген, ақша табудың қыр-сырын білетін білікті мамандар тапшы, − деді В.Торгунакова.
Ақша – айырбас құралы десек, электронды төлем жүйесі тұрмысымызды жеңілдетуге арналған жаңа құрылғы, тұтас жүйе. Оның қалыптасуы да бір күннің шаруасы емес. Бұл саланың там-тұмдап тұрған кем-кетік мәселелері бар. Айталық аймақтарда электронды сауда инфрақұрылымын дамыту жүйеленбей тұр. Себебі интернет желісі жоқ, я болмаса сапасы нашар. Бұған байланыс және пошта қызметі деңгейінің төмендігі де ықпал етіп отыр. Сонымен қатар ақпарат қауіпсіздігін қорғайтын жүйенің қалыптаспағандығы тағы бар. Салынған ақша ғайыптан жоғалып кеткен жағдайда тез арада оның мән-жайын анықтайтын, сонымен толықтай айналысатын мекеме жоқтың қасы. Ең өзектісі, электронды сауданың құқықтық реттеу мәселелері, оның ішінде интернет желісі арқылы келісім жасаудың нормативтік актілермен толық қорғалмауы саланың ашықтығы мен тәртіпті қадағалауға мүмкіндік бермей отыр.
Елдегі электронды сауда нарығын қалыптастыру үшін жоғарыда атап өткен еуропалық үлгі аясында тұтас жүйе қажеттігін бүгінгі тұтынушылардың сұранысынан көріп отырмыз. Бұл ретте саланың бүге-шігесіне дейінгі барлық мәселесін тамыршыдай дөп басатын заңнама қажет-ақ.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»