• RUB:
    5.22
  • USD:
    479.44
  • EUR:
    523.69
Басты сайтқа өту
Қазақстан 31 Шілде, 2018

Елімізде жолаушы тасымалына бақылау күшейтіледі

450 рет
көрсетілді

Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті по­йызда жолаушыларды билетсіз тасымалдағандарды жазалауды күшейтпекші. Бұл – аталған комитеттің «Егеменде» 16 шілде күні «Темір жол билетінің тапшылығы неліктен жазда туындайды?» деген тақырыппен зерттеу материалы жарық көргеннен кейін қолға алынған іс-шаралардың бірі.  

Редакцияға келіп түскен мәлімет бойынша, Көлік комитетінде пойыз­дардағы билетсіз жолаушылармен күресу және көбейіп кеткен жол жүру құжаттарын алып-сату фак­тілері бойынша оперативті жиналыс өт­кен. Жиналысқа тасымалдаушы ком­паниялардың өкілдері қатысып, оларға бірқатар тапсырмалар берілген.

Көлік комитетінің хабарламасында «2018 жылдың басынан бері жолау­шылар пойызында көліктік бақылау органдары 681 билетсіз жолаушыны тасымалдаған деректі анықтады. 2017 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 830 болған. Бүгінде жол жүру құжаттарын сату (билеттерді), қайтару және қайта рәсімдеу үде­рісіне талдау жүргізілді. Билет кассаларының, автоматтандырылған жүйе мен пойыз бригадаларының жұмысындағы негізгі себептер мен кемшіліктер анықталды. Талдау заң бұзушылықтар билеттерге тапсырыс топтап беріліп, сатылған кезде көп жасалатынын көрсетті. Бұ­дан бөлек, жеке кассаларды қосқанда күн сайын қайтарылатын билеттер көлемінің көп болу фактісі анықталған (бір кассаға күніне 30-дан астам билет қайтарылады). Бүгінде жеке кас­салар саны 4500-ден асады. Ал «Жолау­шылар тасымалы» АҚ-да 238 касса бар.

Бұл жағдайларға қарсы күрес ре­тінде барлық тасымалдаушыларға қол­даныстағы автоматтандырылған жүйені жетілдіру тапсырылды. Ол сату процесіне адами фактордың әсерін тигізбейді және орындарды, билет пен кассалық операцияларды басқаруға және бақылауға мүмкіндік береді», делінген.

Сонымен қатар билетсіз жолау­шыларды тасымалдау фактілерін анықтау және болдырмау, жол жүру құжаттарын қайта сату жөніндегі мониторингтеу тобын құру шешімі қабылданды. Бұл жұмыстар көліктегі ІІД қызметкерлерімен бірлесе атқа­рыла бастаған. Оған қоса Көлік коми­тетінің хабарламасында «Осындай құ­қық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында жұмыс тобы аясында және жасалған талдау негізінде жолаушыларды тасымалдауды ұйымдастыруға бағытталған барлық нормативтік-құ­қықтық құжаттарды өзектендіру бо­йынша жұмыстар атқарылады», деп көрсетілген. Сон­дай-ақ нормативтік-құқықтық акт аясында билеттерді брондау арқылы сату, топтап берілетін тапсырыс сатылымын автоматтандыру және әкімшілік жауапкершілікті күшейту мәселелерін қарастыру жоспарланған.

Көлік комитетінің деректеріне сүйен­сек, қазіргі уақытта билетсіз жолаушыларды тасымалдағандарға салынатын айыппұл мөлшері 5-7 АЕК құрайды.

Бұған дейін жолаушылардың билет тапшылығына байланысты мұқ­таждықтары талдап көрсетілген ма­қала жарияланған күннің ертеңіне Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арнайы мониторингтік топтармен бірге «құпия сатып алушы» акциясын бастағандығын хабарлаған едік. Ең бастысы, құ­зырлы орындардың бірлескен, бір мақсаттағы жұмыстары кешенді, жүйелі түрде жүргізіліп, жолау­шылар қозғалысына оң әсерін тигізеді деп сенеміз.

Серік ӘБДІБЕК, «Егемен Қазақстан»