• RUB:
    5.22
  • USD:
    479.44
  • EUR:
    523.69
Басты сайтқа өту
Руханият 31 Шілде, 2018

Жүз жыл жұптасқан ғұмыр (ғибрат)

984 рет
көрсетілді

Мына фотода тұрған қария мен кейуана бір шаңырақ астында 100 жыл бірге ғұмыр кешіпті. Ақсақалдың аты – Ақбай да, анамыздың есімі – Камила екен. 1970 жылдардың аяғында қос қария шаңырақ көтергеніне бір ғасыр толуына орай кіндігінен тараған ұрпақ-жекжаттары Бай-өлке аймағының (Моңғолия) Делун дейтін ауылында үлкен той өткізіпті.

Тойға куә болып, қос қария­ны көзімен көрген елдегі ресми үнпарақ «Үнэн» («Правда») газе­тінің аймақтағы тілшісі Сіләм Қабышұлы марқұм көр­ген-білгенін жазып, мақала жария­лапты. Бұл жазбаны орыс тілін­де шығатын «Новости Мон­голии» газеті көшіріп басып, кейін аталмыш мәтін «ТАСС» агенттігі арқылы күл­лі әлемге тарайды. Атап айт­қан­­да, еуропалық үлкен ақ­­па­­рат көздері «Ассошейтед пресс», «Юнайтед пресс», Жа­по­­­нияның «Цуцина», Қытай елі­нің «Циньхуа» агенттігі, со­нымен қатар мұхиттың арғы бетін­дегі «Нъю-Йорк таймс» газетінде де қос қария туралы мақала жарық көріпті.

Ал мына фотодерек нор­ве­гиялық «Швенке-пресс» агент­ті­гінде жарияланған құжат. Мұнда норвег тілінде: «Суретте моң­ғолиялық шопан Ақбай мен оның әйелі қыркүйекте той жасады. Бұл әлемдік рекорд. Ақбай – 118, әйелі – 114 жаста. Олардың 100 жылдық отбасылық өмірінде тоғыз баласы және олардан тараған 130 немере-шөберелері бар. Бұлар ешқашан ауырмаған. Ақбай қария оның себебін таза ауа және ет тағамдарын жегендіктен деп түсіндіреді. Тойға 600 қонақ шақырылыпты» деп жазылған.

Осыдан бірнеше жыл бұрын танымал журналист-тарихшы Сіләм Қабышұлы ағамыздан жоғарыдағы оқиға жайлы сұрағанымызда: – Мақала әлемді шарлап кеткен соң, бір күні АҚШ тілшісі хабарласты, мақсаты – жүз жыл жұптасқан қос қарияны көзімен көрмек екен, маған көмектесіңіз деп өтінді. Мен ертең жауабын айтамын деп құтылдым, – деген еді.

Ертеңінде Сіләм ағаға елдің Сыртқы істер министрлігінен лауазымды қызметкер хабарласып, абай болуын ескертеді. Се­бебі, Бай-өлкеге келмек АҚШ тілшісі 1960 жылы КСРО бас­­шысы Никита Сергеевич Хрущев шетелдік журналистер­мен кездескенде оған оғаш сұрақ қойып, масқарасын шы­ға­ра жаздапты. Сол себепті оны жолатпау қажет, әрі ана тау­дағы шал-кемпірдің жайын біліп оларға да хабарлап қойыңыз деп ескертеді.

Ақыры Сіләм аға амери­ка­лық журналистке сылтау айтып келтірмеудің амалын таба­ды да, сұмынның партия ко­митетінің бастығымен бірге қос қарияға барып жағдайын бі­леді. Осы сапарында журна­лист ағамыз қарияларға арнап кәмпит-сәмпит ала барған екен, әлгі тәттілерге екеуі жас балаша таласып қырылып қала жаздапты. «Адам қартайғанда бір бала» деген рас-ау, оны өз көзіммен көрдім деп жоғары­да­ғы оқиғаны еске алып Қа­быш­ұлы жарықтық бір күлді.

Осы кездесуден кейін үш жыл өткен соң Ақбай қария 120 жасында дүниеден қайтыпты. Ақсақалдың жетісін беріп жат­қан күні, яғни араға бір апта са­лып 118 жастағы кемпірі де дү­ние­ден озыпты. Олардың 93 жа­сында «жетім» қалған үлкен қы­зы: «Жүз жиырма жасаған әкем-ай, 118-дегі анамды алып кеткені-ай, болмағанда он-жиырма күн, Бізбен бірге бол­мады-ау» деп дауыс айтқан екен, естіген жұрт «ойпырым-ай мына апамыз жастай жетім қалды-ау» деп күліпті.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

Егемен Қазақстан»